Білім • 28 Желтоқсан, 2020

60 пайызға жуығы – Түркістан облысынан

280 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Серпін» бағдарламасы бойынша 836 студент оқып жатыр. Оның ішінде биылғы оқу жылында түскендер саны – 90 адам. Жаман індеттің кесірінен осы жылы «серпіндіктердің» саны аза­­йып қалды. Былтыр түскендердің саны 240 болған еді. Қазір «серпіндіктердің» ең көбі үшінші курста оқиды, олардың саны – 343. Ал төртінші курста оқитындар саны – 240 студент. Бұлардың саны түскенде көп еді, бірақ түрлі себептермен біраз студент оқудан шығып кеткен.

60 пайызға жуығы – Түркістан облысынан

«Серпіндіктер» негізінен педагог-ғалымдар, ақпараттық технологиялар, құрылыс инженерлері және ауыл шаруашылығы мамандығы сияқты 35 білім беру бағдарламасы бойынша оқып жатыр. Жастар сергек, әңгімелесіп, пікір алмасып, белсенділік көрсетіп тұрады. Олардың 60 пайызға жуығы – Түркістан облысынан келген жастар. Сонымен қатар 61 жас – Қызылорда облысының тумасы, 42-сі – Алматы облысынан келгендер. Жамбыл мен Маңғыстау облысының әрқайсысынан 14 жастан оқып жатыр.

«Серпіндіктердің» солтүстікке алғашқы қа­дамы 2014 жылы басталған. Сол жылы түскен­дер­ден 2018 жылы 127 жас университетті 10 мамандық бойынша бітіріп, диплом алған. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының деректері бойынша бүгінгі таң­да олардың 101-і еңбек етіп жүр. Осы жастың бәрі түрлі қызмет істеп, зейнетақы қорына аударым жасайды екен.

2019 жылы 11 педагогикалық және 6 техни­ка­лық мамандық бойынша 245 «серпіндік» студент диплом алған. Қазір олардың ішінен 162-сі түрлі қызмет атқарып жүр. Қалғандары нақты жұмысқа тұрмаған. Ал магистратураға түскен 22 түлектің 10-ы Солтүстік Қазақстан университетінде оқиды.

Биыл университет қабырғасын 203 «сер­піндік» түлек бітірді, соның 42-сі Солтүстік Қазақстан облысында түрлі жұмыстарға орналас­тырылды. Ал 10-ы Қызылжар қаласының өзіне жұмысқа тұрды. Биылғы университет бітірген жастардың оқуға ынтасы зор болғандығын олардың арасынан 92 адамның магистратураға түскенінен-ақ байқауға болады.

Карантиннің кесірінен «серпіндік» жас­тардың жергілікті халықпен, ақсақалдар ұйы­мы­мен, ақын-жазушылармен кездесулері, өнерлі жастармен араласулары тым сирек. Бірақ белсенді жастар университет пен қала өмірінің мәдени шараларына қатысып отырады. Мәселен, Аруай Айтбекова студент жастар арасындағы айтысқа қатысып, жүлделі орын алған. Роза Қабыл деген қыз бала да Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған конкурсқа қатысып, жүлдегер болыпты.

«Серпіндік» жастар арасындағы тәртіп, мәдени тәрбие мәселелеріне көп көңіл бөлінеді. Университеттің осы жұмыстары міндетіне жүк­телген проректор Нұрлан Бәйімбетов түрлі бағдарламалық шаралар ұйымдастырады. Мә­селен, Солтүстік Қазақстан жастарының Бас­тамашылық орталығының көшбасшыларын мұнда жиі шақырып, жастармен кездесулер өткізеді. Сонымен қатар Дін істері жөніндегі бөлімнің қызметкерлері, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары да мұнда келіп, әңгімелесіп тұ­рады. Мерекелік концерттер мен конкурстар да ұйымдастырылады. Мәселен, жуырда Тәуелсіздік күніне орай жастар ара­сын­да патриоттық әндердің конкурсы бол­ған. Осындай шараларға Сымбат Сейіт­қа­сы­мо­ва, Оңғар Жантөре, Ақмарал Саттар, Сара Сәрсембай, Бақдәулет Саматұлы, Данияр Абдра­сулла және басқа да белсенділер қаты­сып, түрлі шараның басы-қасында жүрді.

Өмір болған соң адамның жеке басындағы өзгерістердің болуы да заңдылық. Қазір мұндағы «серпіндік» жастар арасында 13 жұп отау тіккен. Студенттік жылдарда отбасын құрып, үй болып кеткендердің алды да, соңы да бұлар емес. Сон­дықтан университет әкімшілігі олардың жағдайларына түсіністікпен қарап, қолдан келген көмектерін жасап тұрады.

Ең бастысы, азаматтардың солтүстікті жер­сініп, осында тамыр жайып кетуі. Бізбен кездескен жастар өздеріне терістіктің ұнайтынын жеткізді. Мамандық алған соң өз бақытымды осы жердің топырағынан табуға тырысамын деген жастар көп болды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы