Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті баспасөз және баспа ісі кафедрасының аға оқытушысы, танымал журналист Ғалымжан Бәйімбеттің ұйымдастыруымен өткен онлайн кездесуде Ник Филдинг өзінің газеттегі бай тәжірибесімен бөлісті. Әсіресе журналистің қоғамда резонанс тудырған зерттеулері магистранттарды да бей-жай қалдырмады.
Онлайн кездесу барысында британиялық журналист Ник Филдинг «The Correspondent» журналында жұмыс істеп жүрген кездегі мемлекеттік балалар үйіндегі жасөспірімдердің заңсыз әрекеттермен айналысқаны, наркотик қабылдап, ішімдік ішкендігі туралы анықтағанын айтты. Журналистік зерттеу нәтижесінде қылмыстық іс қозғалып, жауапты мамандардың көпшілігі жауапкершілікке тартылған.
Ник Филдингтің журналистік зерттеулерінің ішінде көпшіліктің қызу қолдауына ие болған мақаласы – теңіз арыстандарының (итбалықтың бір түрі) заңсыз түрде Англиядан Францияға сатылуына байланысты оқиға. Оқиғаны зерттеуге бірнеше ай зерттеу жүргізген журналистке газет оқырмандары қаржылай көмек беріп, нәтижесінде итбалық Англияға қайтарылған.
Журналист британдық ғалымдармен бірге археологиялық қазба жұмыстарына қатысып, динозаврдың толыққанды сүйектері мен формасын табуға атсалысады. Ник Филдингтің осы кездегі зерттеуі келесі бір мақаласына түрткі болған. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде ежелгі динозавр сүйектері мен басқа да құнды заттардың қара базарда сатылуы жайлы деректерді анықтаған. «Қоғамдық резонанс тудырған журналистік зерттеу келесі бір қылмыстық істің ашылуына себеп болды. Тәжірибелі журналист оқырманды әрекетке итермелеу автордың өз қолында», - дейді.
Ник Филдинг Африкаға сапары, терроризм тақырыбында жазған бірқатар мақалаларына тоқталды. Ерекше террорист туралы зерттеуінде ауқатты отбасыдан шыққан, Лондон университетінің түлегі, шахматтың чемпионы болған пәкістандық жігіттің ИГИЛ-дің мүшесі болып, тағдырының күл-талқаны шыққаны жайлы жазған. Жастармен сұқбат барысында саяси таңдау жасауда жауапкершіліктің маңызын түсіндірді.
Британдық жазушы, журналистпен болған сұқбатта Қазақстанның тарихына қатысты бірқатар мәселелер көтерілді. Ол Қазақстанда археологиялық қазба байлығының өте көп екендігін, жастардың оны зерттеуге көңіл бөлу қажеттігін ескертті.
Халықаралық журналистика магистратура білім алушылары қашықтан оқу барысында бірқатар британиялық журналистермен онлайн кездесіп, дәрістерін тыңдады. Бір айта кетерлігі, шетелдік әріптестермен өткізілген кездесулердің барлығы ағылшын тілінде жүргізілді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің болашақ магистрлары британдық журналист, ғалымдармен еркін пікір алмасып, ғылыми эссе жазуда. Осылайша университет білікті журналистердің артуына өз үлесін қоспақ.