Осы жылдың 11 айында Әдеп жөніндегі кеңестің 13 отырысы өткізіліп, онда 67 мәселе қаралған. Күн тәртібінде 42 тәртіптік іс талқыға түсіп, 17 рет мемлекеттік орган басшылары мен әдеп жөніндегі уәкілдердің есебі тыңдалған.
«Кеңестің шешімімен Әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін 13 мемлекеттік қызметші, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін 18 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылды. Олардың арасында екі 2 облыстық басқарма басшысының орынбасары, 1 аудан әкімінің орынбасары, 3 аудан әкімі аппаратының басшысы, 1 аудандық мәслихат аппаратының басшысы, 6 кент және ауылдық округ әкімі, 1 аудандық басқарма басшысы, 4 дербес бөлім басшысы, 13 өзге де лауазымды тұлғалар бар», деді Берікбол Байхожаев.
Департамент тарапынан мемлекеттiк қызметшiлердің күнделікті қызметінде және халықпен кездесу барысында өзін-өзі ұстауы мен көпшілік алдында сөйлеу кезінде әдеп нормаларының сақталуы бойынша 100-ден аса құқықтық оқыту мен шеберлік сабақтары өткізілген.
Брифингте Байхожаев Әдеп кодексі талаптары бұзушылықтарын алдын алу мақсатында мемлекеттік орган басшыларына карантин талаптарын қатаң сақтауды және Жаңа жыл мерекесіне орай корпоративтік кештерден бас тартуды ұсынды.
Сонымен қатар спикер, мереке қарсаңында мемлекеттік қызметшілердің заңсыз сыйлық алу-беру фактілеріне жол бермеу керек екенін қатаң ескертті.