Қасиетті Маңғыстау түбегінен келіп Қазақ мемлекеттік университетінде бірге оқыған курстастарымнан, одан кейін Парламентте әріптестерімнен атын естіп, ынтызарым қанша ауғанмен зиярат етуге жол алпыстың асқарына шыққанда түсті. Бұған да Аллаға сансыз шүкіршілік!
Еліміздің руханияты жолында бірге келе жатқан жан досым – Нәзипа Шанай келіні Айгерім мен немересі Дәлелін алып қарт Каспийдің жағасына демалуға жол алғанда мені де ертіп, қырық жылдан бергі ұлы арманым – Бекет атаға зиярат жасауға шақырды.
Әбіш ағам «Ұйқыдағы аруға» теңеген бұл өлкеде қариялардан қалған «Көз тіріде Маңғыстауды көріп қал», деген өсиет бар екен. Қойнауы қазынаға, тарихы тағылымға толы, аңыз дала, абыз далаға ұлы сапарға шыққанбыз.
«Маңғыстау-Медиа» ЖШС директоры, атына сай ару Айсұлу Дүтбаева бастап, «Маңғыстау» газетінің тілшісі, жазушы-өлкетанушы, өзіміздің рухани ініміз Кенжебек Сержанұлы қостап Бекет атамызға бет алдық.
Бекет ата – соңғы үш ғасырдағы бүкіл Қазақ даласының, соның ішінде Арал-Каспий аралық аймағының ең ұлы, көрнекті тұлғасы. Халық оны айрықша қадірлеп, әулие тұтқан. Адайлар өзінің ұранына айналдырған. Халық Бекет атаның өмірін, қысылғанға жар болған ерекше қасиетін, әулиелігін ықыласпен әңгімелеп, ұрпақтан-ұрпаққа ұластырған.
Ақтаудан шығысқа қарай тартқан көлігіміз Қарақия ойпатымен қанатты пырақтай ұшып келеді. «Осы тауды жарып жол салынғалы көп болмады. Ескі жолда еске алуға қорқатын талай апаттар болып еді. Жаңа жолды халық «Ата жолы» деп қасиеттеп атады. Дәл қазір теңіз деңгейінен 132 метр төмендіктеміз. Енді алыстан келетін меймандарымыз да жақсы жолмен жайланып отырып қасиетті мекенге демде жетеді», деп мақтауын жеткізе таныстырды Айсұлу ханым.
Ақтаудан көп ұзамай сол жағымызда Иран мен Түрікменстаннан атамекенін аңсап келіп орналасқан қандастардың «Батыр» атты ауылы қалып барады.
Кенжебек болса, алыстан көрінген амал басталатын «Отпан тауы» мен жол бойындағы ауылдар, әр жерде мұнай сорып жатқан бұрғы ұңғысын, алыстан қарайған түйе келесін, жылқы үйірін көрсе де таныстырудан жалықпады.
Ұлы даладан не тірі жан, не жалғыз тал көрмедім. Тек анда-санда қарсыдан көліктер зымырап өте шығады. Оң жағымызда тұздан қаланған тау қалып барады.
«Қызылсай» деген ауылдан шыға бере жердің үстіне алыстан қарағанда қан соратын масаша жабысқан сансыз бұрғы ұңғысын көрдім. Жақындағанда алып шөміштердің жер бетіне мұнай алып шығып жатқанын сезіндім.
Алғашқы аялдаған жеріміз – «Күйеу там» кесенесі болды. Бекет атаға барар жолдағы Шопан атаның Бахадүр деген күйеу баласына қойылған зиярат орны. Төртбұрышты сағана түрінде қаланған. Сыртқы қапталында жан-жануарлардың, адам алақанының таңбасы, қылыш пен қанжар бейнеленген.
Келесі бет бұрғанымыз Қаройдағы белгілі әулие – Бекет атаның тәлімгері, данагөй, сопылық жолын ұстануға үйреткен Шопан атаның жерасты мешіті болды. Бекет батыр өзінің рухани ұстазын қатты құрметтеген екен. Сондықтан Пір-Бекетке барар алдында алдымен Шопан атаға бұрылу жазылмаған ереже көрінеді. Қожа Ахмет Ясауиге бармастан бұрын Арыстан бабқа баратын қағида сияқты.
Мұсылман ғибадатханасы жолдың оң жақ қапталындағы тау шатқалына орналасқан. 12 бөлмеден тұрады екен. Үлкен бір бөлмесі діни рәсімдерге арналған, білім беру іс-шаралары үшін, арнайы қажылыққа арналған бөлмелерге бөлінген.
«Заманында Құнанбай бабамыз Меккеге сапарлағанда Маңғыстау арқылы жол алса керек. Адайдың беткеұстарларын жиып бата сұрап, «қажылық жолында Меккеде мәңгілікке қалып қалсам» деген пікір айтып қалыпты. Сонда бата берген Адайдың бір жайсаңы «Ердің тілегі қабыл болса – сонда қалсын, елдің тілегі қабыл болса – қайтып келсін!», деп бата берген көрінеді. Сонымен елдің тілегі қабыл болып, Құнанбай қажы атанып оралған екен», деп Кенжебек өткен тарихи аңыздан сыр шертті.
Ұстазынан кейін сопылық жолын ұстаған, оның ең биік дәрежесі Пір мәртебесіне жеткен Бекет атаның Оғландыдағы мешітіне беттедік. Ислам әлеміне танымал тарихи тұлғаның ел білетін төрт мешіті бар, он бір нарға жүк болатын кітаптары мен қолжазбалары сол мешіттерінде сақталыпты дейді.
Оңтүстік Үстірттің Маңғыстау ойысына тірелген бір тұмсығының үзіліп қалған шоқысына қашалған Оғыландыдағы жерасты ғимараты жақсы сақталыпты. Мешіт бұталармен толтырылған терең құдықты төменге бағытталған үлкен тастың ортаңғы бөлігінде орналасқан. Жер астындағы мешіттің кіреберісінде шағын алаң бар. Алғашқы бөлмеде жарық күмбезді төбеге оралған тесіктен жарық түседі. Осы бөлмеден шығыс-оңтүстік қабырғасында михраб орналасқан намаз залына, сондай-ақ оның біреуінде Бекет ата жерленген екі оңтүстік-шығыс бөлмелерге апарады. Үш-төрт қанат киіз үй көлеміндей үш бөлме. Бекет ата мүрдесі осы бөлмелердің бірінің іргесіне қашап орналастырылған. Немересі Мұрынның мүрдесі де осы бөлмеге қойылған. Кіреберіс бөлмеден жоғары шығатын есік арқылы жоғары бөлмеге баруға болады. Онда Бекет атаның қызы жерленген.
Мешіттің жанында Бекет атаның бұлақтары мен құдықтары бар. «Пір Бекет аруағы адамдарға жылан, арқар, аққу болып көрінеді. Бекет мешіттеріне адамдар шын ниетімен келмесе, я болмаса, күнәлі адамдар келсе, жыландар ысылдап шығып, алдарын кес-кестеп жолатпайды. Атаның аспандағы аруағының иесі – аққулар. Оғыланды мешітінің маңындағы тау-тас арасында арқарлар бар. Адамдар жыландарға да, аққуларға да, арқарларға да тимейді, оларға зақым жасамайды, атпайды, ауламайды. Егер зұлымдық жасалса, оларды атаның аруағы тегін жібермейді» деген аңыз бар екен. Мен үшін кереметі сол болды – Айсұлу, Кенжебек үшеуміз атаның бес арқарын көрдік. Бір қодығы тіпті дәл жанымызға келді. Мен оны суретке түсіріп алдым. Бұл көріністерді Пір Бекетке келгенде тілеген тілеуімнің орындалатынына, жақсылыққа жорыдым... Бекет Пірге зиярат жасап отыз жылғы арманыма жеткендей болып оралдым.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін үздік бітіріп келіп, облыстық газетте тілші болып қызмет етіп жүрген Кенжебек Сержанұлының ішінде «шал» отырған сияқты. Білмейтіні жоқ қой. Жол бойы адайдың алпыс батырынан әңгімелер айтып санамызды оятты.
* * *
Маңғыстау облысының орталығы – Ақтаудың басты ерекшелігі Қазақстанда теңіздің жағасында орналасқан бірден-бір қала екендігі болар. Теңізбен байланыстыратын жалғыз су бекеті – Ақтау халықаралық теңіз сауда порты бар. Бұрынғы атауы – Шевченко еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін егемен елдің талабы бойынша қала атауы – Ақтау болып өзгертілген. Бүгінде Қарт Каспийдің жағасындағы әсем шаһарда 184 мыңнан астам адам өмір сүріп, өсіп-өніп жатыр.
Еліміздің өзге қалаларынан келген қонақтың көзіне бірден түсетін өзгешелігі – көшелері даңғыл, қазақтың даласының кеңдігін көрсетеді. Сол көшелерде атау жоқ, шағын аудандармен бөлінеді. Қалада 35 шағын
аудан бар. Атау берілген екі даңғылдың бірі – Тәуелсіздік, екіншісі – Бірінші Президент деп аталыпты.
Біз келердің алдында ғана қалаға келген жаңа әкім – Нұрдәулет Қилыбай мырза от ауыз, орақ тілді журналистермен танысып, карантин тәртібін сақтай отырып, алда атқарылатын шаруаларын ақылдасуға бас қосыпты. Қалам ұстаған жазушы, тәжірибелі журналист деп мені де орталарына шақырып, құрмет көрсетіп танысты. Ақынын іздеген әкімнің адамгершілік қасиетіне ризашылық білдіріп, «алдына қойған мақсаттарына жетіп, қала халқының ықыласына бөленсін» деп аналық ақ батамды бердім.
* * *
Киелі Маңғыстаудың түбегінен небір әулиелер мен батырлар, ақындар, жыраулар мен әншілер шыққан. Соның бірегейі менің замандастарым көрген данышпаны, қазақ ұлтын қаламымен әлемге танытқан парасатты тұлғасы – Әбіш Кекілбайұлы болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Алаштың әлем алдындағы бетке ұстар ірі тұлғаларының бірі», деп бағалағаны бекер болмас.
«Маңғыстауда ескі жырлардан қалған есеп бойынша 360 әулие бар», дейді Кенжебек. «Маңғыстауда 362 әулие бар, 363-ші Әбіш», деп отыратын қазақ әдебиетінің саңлақ ғалымы Мырзатай Жолдасбеков ағамыз», деп мен қоймаймын. Ол кісінің даралығы, даналығы көзінің тірісінде-ақ айтыла бастады.
Классик қаламгердің «Елең-алаң», «Үркер», «Аңыздың ақыры», «Шыңырау» туындылары әлем әдебиетінің алтын қорында қалды. Сонау жетпісінші жылдары немістің Берлиндегі «VOLK UND WELT» баспасы әлемнің жүз жазушысын іріктегенде, қазақтың атын шығарған осы Әбіш Кекілбайұлы болған. Осындай ұлы адам өкінішке қарай, ортамыздан мәңгілікке кетті...
Сапар барысында Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейіне арнайылап бардым. Мәдени нысанның алдында мүсіншілер шебер жасаған жарықтық, айналайын Әбіш ағамның үш жарым метрлік ескерткіші құшақ жая қарсы алғандай...
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Ақтауға арнайы барып қазақ сөз өнерінің зергері, Халық жазушысының ескерткішін салтанатты түрде ашқан. Бұл – Президентіміздің ұлылыққа деген, парасат биігіндегі тұлғаға деген ерекше ілтипаты. «Қазақ тарихында өшпес із қалдырған кемеңгер қаламгердің ескерткіші ашылды. Тау тұлғалы талант, ғұлама ойшыл Әбіш ағамыздың ерен еңбегі мұндай құрметке лайық. Біз бүгін рухын ұлықтап отырған Әбіш Кекілбайұлы – адамзаттық болмыстың жоғары деңгейіне көтерілген біртуар тұлға, қазақ халқының ұлы перзенті», – деген баға берген.
27 жасымда Досжан атам әулетінің шаңырағына келін болып түскеннен өмірінің соңына дейін араласып, қолымнан талай шай беріп, батасын алған, Парламентте бір ғимаратта қызмет етіп жанарының жылы шуағына бөлеп, талай маңдайымнан сүйген Әбіш ағамның алдымнан тас мүсін болып шыққаны жанымды толқытып, жасымды тыя алмадым.
Анасы Айсәуле апам «Дүкенбайдың бағы жанбай жүр еді, сен бақ бол!», – деп қолындағы ақ күмістен соққан үлкен адай жүзігін ақ батасымен ортан терегіме кигізгені, жары Клара Жұмабайқызымен бірге жүрген кездеріміз есіме түсіп мұражайдан көрген сол үйдің заттары көзіме оттай басылды. Ел анасы Айсәуле апамның құрметіне ел газеті «Егемен Қазақстан» республикалық акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі мен жары Гүлмираның төрт ұлдың ортасындағы қызғалдақтарының есімін «Айсәуле» қойып, Клара Жұмабайқызы бесікке салып шілдехана өткізгеніміз бар еді. Сол күндердің бәрі естелік болып қалғаны-ай...
Мұражайдың аумағы 49 500 шаршы метр екен. Ортасында Әбіш Кекілбайұлының қазақ үйі тұр. Мұражайға жазушының шығармашылығы, саяси өмірі, достарымен қарым-қатынасы, тіпті отбасылары тұтынған барлық заттар қойылыпты. Отбасының жиһаздары мен Клара ханымның талай қонақ күткен ұзын үстелі, ақ дастарқаны мен ыдыс-аяғы да дәл сол Алматыдағы дәуренді кездердегідей жайнап тұр.
Алматыдағы үйлеріндегі кітапхана бөлмесі, жазу үстелі, мәшіңкесі, тіпті көзіме таныс портфелі де бар. Орынтағына отырып суретке түстім, жұғысты болсын деп. Таңғалғаным, мұражайда Әбіш ағаның біздің үйдегі кітап сөрелерінің жанында қолына кітап ұстап тұрған суреті және «Абыз Әбіш» кітабында да ағаның Мырзатай Жолдасбек, Дүкенбай Досжан үшеуі бірге біздің үйде түскен суреті бар екен. Ұлы адамның тарихында бөлшегіміз жүргеніне қуандым.
Мұражай директоры Тамара Жұмалиева мұражайдың құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдыруға рұқсат беріп, «Дүние ғапыл» атты Әбіш ағаның әр жылдары жазған алуан өлең жинағы мен «Әбіш әлемі» журналының бірнеше санын және Сауытбек Абдрахмановтың Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Абыз Әбіш» кітабын сыйға тартты. Кітаптан асқан қандай байлық бар дейсіз?! Осы сәтте облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жансая Исмағұлова ханыммен де танысудың сәті түсті.
Осы сапарда тағы бір есте қалған жүздесуді Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театрының Бас режиссері, талантты қызымыз Гүлсина Мерғалиева ұйымдастырды.
Театрдың жастарымен Үкімет басшысы орынбасарының кеңесшісі Нәзипа Ыдырысқызы екеумізге кездесудің әсері ерекше болды десем артық айтқандық болмас. Жанымызда облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Пания Сармурзина бастаған басшылар құрмет көрсетіп жүрді.
Театрдың жас тарландары менің шығармашылығыммен жақсы таныс болып шықты. «Өгей жүрек» хикаятымды талдап, басқа да еңбектерімнің жазылуы мен елге таралуына қызығушылық білдірді. Әсіресе, сол жастардың ортасында Әбіш Кекілбайұлының Ақтауда тұратын Дәулет деген ұлының Елдары болғаны, оның өте дарынды музыкант екендігі көңіліме қуаныш әкелді. Әбіш ағамдай ұлы адамның ұрпағына өнердің қасиеті қонғанына қалай қуанбасқа. «Талант балаларда ұйықтап қалып, немереде оянады», – деген орыстың нақылында шындық болар. Біздің көптеген дарынды қазақтардың балаларынан гөрі немерелері дарынды болып, тектілігін танытып жүр ғой. Елдар да ата-бабасының мекенінде тегін танытып жүр екен. Театр жастары бірігіп Абайдың «Көзімнің қарасын» шырқап маған үлкен сыйлық жасады.
* * *
Мен кететін күні теңіз қарақошқылданып, гүрілдеп буырқанып жатты. Жағаға жетіп жығылған ақ көбік тарап кетуде. Теңіздің ортасында көкте жалғыз шағала шарқ ұрып жүр. Жағалаудағы ақ қиыршық құм бетіне ұсақ тастар мен ұлу қабыршықтарын сеуіп кеткендей.
Құмның әр жері алақандай-алақандай болған ойықтар мыңдаған жылқы шауып өтіп, ізі қалғандай әсер етті. Алыстан үш кеменің сұлбасы көрінеді. Алдыңғысы баяғы Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесіндей» ұзын тұмсығымен ал-қаракөк толқынды жарып жағалауға жақындап келе жатыр. Кейінгі екеуі алыстан ғана күнге шағылысады.
Шығыстан арқан бойы көтерілген Күннің сәулесі буырқанған толқындардың бауырына шағылысып теңізге батып барады. Күннің теңізбен шағылысқан нұры күмістей жылтырайды. Еліміздің мақтанышы қарт Каспиймен және ақшаңқан қала Ақтаумен қимай қоштастым...
Сәуле ДОСЖАН,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
АЛМАТЫ