Саясат • 29 Желтоқсан, 2020

«Су-30см» ұшақтары кеңістігімізді күзететін болады

332 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның көр­ші Ресей Федера­ция­сымен әскери саладағы ын­тымақтастығы жыл­дан-жылға дамып келеді. Со­ның бір жарқын дәлелін­дей, таяуда Иркутск авиа­­циялық зауытының ұш­қыш­тары шекараны көк­тей өтіп, «Су-30СМ» ұшақтарын Қара­ған­ды­дағы Нұр­кен Әбдіров атында­ғы авиациялық базаға жеткізді.

«Су-30см» ұшақтары кеңістігімізді күзететін болады

Жауынгерлік техниканы тапсыру салтанатына орай ұйымдастырылған іс-шараға Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев, Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы, авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов және Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты.

Қорғаныс министрі жаңа авиациялық техниканың Қазақстан Қарулы Күштерін қайта жарақтандыру жоспарына сәйкес Әскери-әуе күштерінің қарамағына келіп түскенін мәлім етті.

– Маневрлігі аса жоғары, көп мақсатты «Су-30СМ» жойғыштары әскер мен нысандарды әуе шабуылынан қорғау, әуе және жердегі нысаналарды  анықтау мен жою мүмкіндігін едәуір арттырады. Бұл ұшақтардың арқа­сында Қарулы Күштердің жауынгерлік әлеуеті артады, – деп атап өтті Н.Ермекбаев.

Аталған ұшақтар күн демей, түн демей, кез келген ауа райында әрекет ете ала­тын, жаудың ұшақтарын атып түсіріп, жердегі нысандарды жойып қана қоймай, әуе барлауын жүргізіп, бас­қа ұшақтарға мақсатты нұс­қау бере алатын, 4++ деп таң­баланатын жаңа буын­ның авиациялық техникасы. Бұдан бөлек, «Су-30СМ» жойғыштары ұзақ қа­шықтыққа ұшады және олар­ға ауада жанармай құюға болады.

Ресейлік әскери мамандар бұл жой­ғыш­тардың әлем­дегі ең тиімді әскери ұшақ­тардың бірі екенін айтады. Мысалы, ресейлік сынақ ұшқышы Максим Колюшин «Су-30СМ» жойғышымен 2012 жылдан бастап ұшады екен. Оның айтуынша, атал­ған ұшақ – әлемдегі ең үздік әскери-авиациялық техни­ка­ның бірі.

Ресейден келген жаңа ұшақ­тардың құлағында ойнау үшін Қарағанды авиа­ция­лық базасының ұшу және ин­женерлік-техникалық құ­рамы Талдықорған қала­сында және Иркутск авиа­циялық зауытында толық қайта оқытудан өткен. Бүгінгі күнде олардың бұл ұшақ­тармен ұшуға, оларды пайдалануға және қызмет көрсетуге тиісті рұқсаттары бар. Жалпы, біздің тараптың «Иркутск» авиациялық зауытымен ынтымақтастығы бұдан бес жыл бұрын басталған екен.

Теория мен тәжірибеден тұратын екі кезеңдік қайта оқытудан өткен ұшқыштың бірі Темірлан Бәйменов. Ол өзінің алдағы уақытта заманауи «Су-30СМ» жойғы­шымен ұшатынына өте қуа­нышты екенін жеткізді. Жас ұшқыш аталған авиациялық техниканың арқасында әуе кеңістігіміздің қорғанысы нығая түсетінін сенімді түрде айтты.

Ал облыс әкімі Жеңіс Қа­сымбек әскери­лерге қойылған  міндеттерді ойдағыдай атқа­рып шыға­ты­нына сенім білдірді жә­не оларды осы маңызды оқи­ғамен құттықтады.

 

Қарағанды облысы