Пандемия кезінде волонтерлер қамқорлық көрсетуден аянып қалған жоқ. Әр ауданда құрылған топтар жалғыз тұратын зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға және көп балалы отбасыларға көмектесіп отыруға тырысты. Олардың көмегі бір реттік акциялармен шектелмей, үздіксіз жүргізілді. Мысалы, ерекше мұқтаж адамдарға тамақ, дәрі-дәрмек, медициналық маскалар апарып берді. Одан бөлек психологиялық қолдау да көрсетті. Жыл соңына қарай волонтерлердің еңбектері де ескеріліп, үздіктері марапатқа ие болды.
«Жылдың меценаты» аталымы Бородулиха ауданының тұрғыны «Ассорти 2» шаруа қожалығының басшысы Игорь Шевченкоға бұйырды. Ол қожалық жұмысшыларына үнемі көмектесіп, сәбилі болғандарға 100 мың теңгеден көмек көрсетіп отырады. Жыл сайын тұрғындарға бақша өсіру, қыста және жазда жолдарды күтіп ұстау, көктем кезінде су бұру, арналарын тазарту жұмыстарына қолғабыс етеді.
Сондай-ақ «Ерен ерлік» аталымы бойынша волонтерлік қызметке белсене қатысқаны үшін Курчатов қаласының волонтерлік қозғалыс орталығының төрайымы Әсемгүл Қалимолдина марапатталды.
Ол Курчатовтағы волонтерлер қозғалысын кеңейтіп, қайырымдылық іске 2 мыңнан астам адамды тартқан. Әсемгүл Қалимолдина «Балаларға жүрек сыйла», «Құс асханасы», «Біз біргеміз», «Мейірімді көршілер», «Мейірімді іс», «Жақсылық жолы», «Мың алғыс», «Маска тағыңыз» сынды волонтерлік акцияларды ұйымдастырған.
– 2020 жыл Волонтер жылы болып жариялана салысымен жоспар жасадық. Сол жоспар негізінде бір жыл бойы азды-көпті еңбек еттік. Әсіресе экологиялық шараларға көп бет бұрдық. Сонымен қатар жалғызбасты жандарға, қарияларға, аз қамтылған отбасыларға қол ұшын созуға тырыстық. Жуықта ғана шағын орталыққа барып, балдырғандармен бірлесіп, құстарға ұя жасадық, – дейді волонтерлер қозғалысының төрайымы Әсел Қалимолдина.
Курчатов қаласында көмекке мұқтаж тұрғындар орталыққа хабарласып, керек-жарақтарын айтса, волонтерлер көмек көрсетуге әзір тұрады. Қаланың елгезек жастары көше сыпырушыларға ыстық шай мен бауырсақ ұсынып та алғысқа бөленген. Ал қаланың меценаттары әр жұма күні аз қамтылған отбасыларға тегін нан таратады. Әсемгүл Қалимолдинаның айтуынша, волонтер жылы аяқталғанымен, жұмыс жалғаса бермек.
Шығыс Қазақстан облысы