Руханият • 29 Желтоқсан, 2020

Махаббат сусыны

511 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Астана Опера» көрермен қауымды ауқымды жобаларымен таңғалдырудан танған емес. Күні кеше көп назарына ұсынған Г.До­ни­цеттидің «Махаббат сусыны» комедиялық опера­сының премьерасы да елор­далық сахна төрінде зор же­тістікпен өтті.

Махаббат сусыны

«Махаббат сусыны» – италия­лық сазгердің шығармашылық зор табысының бірі. Француз қою­шысы Арно Бернар режис­серлік емес, дәстүрлі опера жолын ұстанып, спектакльді өткен дәуірге толықтай лайықтап жасады. Дегенмен, опера жанры шартты дүние, сондықтан бұл клас­сикалық қойылым Арно Бер­нардың қызықты ой-пайым­дарымен әрлене түсті, атап айт­қан­да, кейіпкерлер сахна кеңіс­тігінің астынан пайда болып, ал алаяқ Дулькамара спектакльдің соңында әуе шарымен ұшып кетсе де, осының бәрі заманауи шындық тұрғысынан өте үйлесімді көрінді әрі композитордың ұлы туындысын жаңа заман көрерменінің қа­был­­дауына бір табан жақындата түсті.

Әлемнің көптеген елдеріне та­нылған қоюшы дирижер Алан Бөрібаев пен режис­сер Арно Бер­нар­дың, заманымыздың кө­рнекті сценографы Эцио Фрид­жерио мен костюмдер бойынша суретші, «Ос­кар» сыйлығының лауреаты Фран­ка Скуарчапиноның жүйелі жұ­мысының арқасында өткен ға­сырда орын алған қара­пайым хи­кая­дан жастықтың жалыны мен өмір­ге деген құштарлық есіп тұрды.

Бас кейіпкер Неморино (Жан Тапин, Дамир Сәдуақасов) дәулетті ару Адинаға (Салтанат Ах­метова, Альфия Каримова) ғашық, бірақ сезімін білдіруден қорқақтайды. Адина да сержант Белькореге (Талғат Мұсабаев, Талғат Ғалеев) тұрмысқа шыға жаздағанына қарамастан, шын мәнінде Немориноны жақсы көреді. Жағдайдың түйінін дүмше емші Дулькарама (Бауыржан Әндер­жанов, Евгений Чайников) шешеді.

Барлық әртістер кейіпкер­ле­рінің бейнесін толықтай аша білді.