Аймақтар • 29 Желтоқсан, 2020

Қызылорда қаласында тұрғын үй мен жаңа көпір пайдалануға берілді

695 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 2 тұрғын үйдің пәтер кілтін табыстау және Шіркейлі каналы үстінен салынған көпірдің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты .

Қызылорда қаласында тұрғын үй мен жаңа көпір пайдалануға берілді

Алдымен облыс әкімі жаңа пәтер кілтін табыстап, тұрғындарға құттықтауын жеткізді.

- Баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Өздеріңіз білесіздер, әлемде орын алған пандемия тұрмыс-тіршілігімізге көптеген өзгерістер әкелді. Сындарлы сәтте аймағымызда құрылыс жұмыстары тоқтамай, қарқынды жүргізілді. Жыл басынан бері қалада 580 пәтерді құрайтын 15 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа баспаналарыңыз татулық пен берекенің ордасы болып, қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын!, - деді облыс әкімі.

Шарада тұрғындар атынан № 140 мектептің мұғалімі Галина Омарова аймақ басшысына алғысын жеткізіп, мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов батасын берді.

Жаңа 40 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы өткен жылы басталған. Жоба құны 961,4 млн теңге. Мердігер мекемелер - «Аман-Құрылыс» және «Сәт-Сервис» ЖШС.

Осыдан кейін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Шіркейлі каналының үстінен салынған көпірдің салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, жаңа нысанның ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.

- Бүгін, мереке қарсаңында Сырдария өзенінің сол жағалауын Шіркейлі арнасы арқылы халықаралық автодәлізбен қосатын автомобиль көпірі пайдалануға берілгелі отыр. Сәні мен салтанаты жарасқан Сол жағалаудағы бұл көпір облыс тұрғындарының алтын уақытын үнемдеп, барынша қуантатын маңызды нысан болатыны сөзсіз. Бүгінгі көпірді пайдалануға беру арқылы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын оң тенденция арттыратын боламыз, - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, салтанатты шарада облыстың жол саласы бойынша ассоциациясының президенті, "Құрмет" орденінің иегері Өмірбек Шәменов ізгі ниетін жеткізді.

Көпір ұзындығы - 81,8 метр. «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында нысанды бас мердігер «Сервис НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екі жыл ішінде аяқтап шықты.

Сонымен қатар облыс басшысына биыл жүзеге асырыла бастаған «Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы бас көше жолының «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автотрассасымен жанасатын жерінде көлік айрығын салу» жобасы таныстырылды.

Жобаның құны 4 274,941 млн. теңгені құрайды. Бас мердігер "Bazis Construction" ЖШС. 2020 жылға республикалық бюджеттен 300 млн. теңге бөлінген. Құрылыс 2022 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Жоба бойынша 2 дана эстакада қарастырылған. Бір эстакадада 12 тіреуден тұрады, әр тіреуде 10 темірбетонды свайдан  орналасқан. Қозғалыс жолағының ені – 7 метр, тротуар ені - 1,5 метр болады деп күтілуде.