Ата Заң нормасы сақталады
«Жаһандық үдерістерге белсенді ықпалдасу саясатын жүргізу бөлігінде бұл бағытты жалғастыру шеңберінде, сондай-ақ әлемдік аболиционистік трендті назарға ала отырып, 2019 жылғы желтоқсанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның екінші Факультативтік хаттамаға қосылу рәсімін бастауды тапсырды. Осылайша, Қазақстан Президентінің Жарлығына сәйкес 23 қыркүйекте БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Қайрат Омаров екінші Факультативтік хаттамаға қол қойды», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.
Осы халықаралық құжатқа сәйкес оны қабылдаған елдер өлім жазасын қолданбау және өз юрисдикциясы шеңберінде өлім жазасының күшін жою үшін барлық қажетті шараларды орындауға міндетті. Хаттамада жалғыз ерекшелік бар. Соғыс уақытында өлім жазасы заңды түрде қолданылса, оған рұқсат етіледі. Қазақстан тарапы конвенциядағы осы жалғыз ескертпені қалдырмақ.
«Қазақстан Республикасы екінші Факультативтік хаттаманың 2-бабына сәйкес соғыс уақытында жасалған әскери аса ауыр сипаттағы қылмыстар үшін кінәлі деп танылғаннан кейін соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырады», деді ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, заң шығарушы қандай да бір қылмыс үшін өлім жазасын белгілеу кезінде Конституция нормасында белгіленген шектен шығуға құқылы емес. Соған сәйкес Конституцияның 15-бабының 2-тармағында аталған қылмыстар үшін өлім жазасынан басқа да жазалар белгіленуі мүмкін. Бұдан келіп шығатыны, қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясы айрықша жазалау шарасын қолдану саласын одан әрі шектеуге немесе одан толық бас тартуға кедергі келтірмейді.
«Елбасы 2003 жылы жазаның бұл түріне мораторий жариялағаны белгілі. Содан бері елімізде бірде-бір өлім жазасы тіркелген жоқ. Қазақстан Мемлекет басшысының шешімімен өлім жазасынан бас тартуға бағытталған халықаралық міндеттемеге қосылды. Шын мәнінде, аса ауыр жазадан бас тарту құқықтық қоғам, гуманистік принциптерге негізделген мемлекет құру жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз», деп атап өтті заң жобасы туралы пікір білдірген Мәулен Әшімбаев.
Сенаторлар, сондай-ақ депутаттық корпус бастамашылық еткен тағы төрт заң жобасын қарады. Олардың бірі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң.
Қашықтан оқыту заңмен бекітіледі
Пандемияға дейін қашықтан оқыту процесі заңмен бекітілмеген болатын. Бұл түзетулер «қашықтан оқыту» ұғымын нақтылайды және оны жүзеге асыру тәртібі белгіленді. Сондай-ақ оқулықтарды сапалы дайындауды қамтамасыз ететін жекелеген ережелер енгізілді. Аталған құжат жөнінде баяндама жасаған сенатор Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, екі кодекске және үш заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.
«Осы уақытқа дейін заңнамада қашықтан білім беру жөнінде бірегей түсінік болмаған еді. Енді «қашықтан оқыту» ұғымы нақтыланып, оны өткізу тәртібі айқындалды.
Оқулықтар сапасының төмендігі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында көп айтылып жүр. Бұл мәселе жалпы қоғам, ата-аналар тарапынан да жиі сынға ұшырайтын. Заң жобасында осы мәселені түбегейлі шешу көзделген.
Ол үшін білім саласындағы уәкілетті органға үлгілік оқу жоспарларын, бағдарламаларын, оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді сараптау мен сынақтан өткізу, мониторинг жүргізудің арнайы қағидасын әзірлеп, бекіту тапсырылып отыр. Бұл оқулықтардың сапалы дайындалуына, авторлардың жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді», деді депутат.
Заң жобасында «оқушылардың білім жетістіктерін айқындау үшін мониторинг өткізу» жөнінде норма енгізілді. Аталған норма оқушылардың базалық білім деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.
«Қазіргі жағдайда «Кәсіпкерлік кодексіне» сай әртүрлі тексерулерге тыйым салынған. Осыған орай білім сапасын қадағалау мақсатында барлық мектепке дейінгі ұйымдарды, мектептерді, колледждерді, бес жылда бір рет мемлекеттік аттестаттаудан өткізудің заңнамалық механизмі жасалып отыр. Білім сапасын мемлекет назарында ұстау әлеуметтік-саяси мәні бар маңызды қадам деп есептеймін.
Заң жобасындағы тағы бір маңызды жаңалық қосымша білім беруге мемлекет тарапынан қаржыландыру көзделіп отыр. Бұл да ата-аналар тарапынан жиі айтылып жүрген маңызды ұсыныс болатын. Бүгінгі таңда республика бойынша 1263 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Ол ұйымдардан 1 миллион 200 мыңнан астам бала тәлім алады.
Қосымша білім беруді мемлекеттік қаржыландыру – балаларымыздың рухани, шығармашылық дамуына зор ықпалын тигізетін маңызды қадам деп білемін.
Сондай-ақ заң жобасын әзірлеу барысында жергілікті атқарушы органдардың, кәсіпкерлердің, ата-аналардың ұсыныстарын ескеріп, қосымша білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік ұйымдарда, колледждерде балаларды тамақтандыру, оларға тауарлар сатып алу қызметтерін мемлекеттік сатып алу заңы аясынан шығару мәселесі шешілді», деді Б.Жұмағұлов.
Сонымен қатар Еңбек кодексіндегі еңбек қызметін растайтын құжаттар тізіміне дуалды оқыту туралы шарт енгізіліп отыр. Осы арқылы студенттердің өндірістік оқыту мен кәсіптік практикадан өту уақыты ресми түрде еңбек өтіліне кіреді.
Ветеринариялық паспорт енгізіледі
Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да пысықтады.
Ауыл шаруашылығы малын
бірдейлендіру жөніндегі дерекқорға электрондық ветеринариялық паспорт енгізіледі. Сондай-ақ мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторларды бақылау үшін фото және бейнеаппаратураны пайдалануға рұқсат етіледі. Бұл осы саладағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды азайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу және «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп тану туралы» заң қабылдады.
Сенаторлардың пікірінше, қолданыстағы заң шетелдік инвестиция ағынын азайтатын артық реттеу ережелерін қамтиды және қаржы ұйымдары бұл салаға іс жүзінде несие бермейді. Жаңа заң жобасында артық әкімшілік кедергілер жойылады. Бұл өз кезегінде саладағы инвестициялық ахуалды жақсартуға, мақта егісін ұлғайтуға, мақта сапасын және қазақстандық компаниялардың экспорттық түсімін арттыруға жағдай жасайды.
Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қабылдады.
Құжат күзет қызметін көрсету сапасын арттыруға ықпал етеді. Атап айтқанда, стратегиялық, аса маңызды және осал объектілердің сенімді қорғалуын қамтамасыз ету үшін күзет ұйымдарын лицензиялық іріктеу жүргізілетін болады. Мұндай талап объектілерді қорғаудың халықаралық стандарттарына сәйкес келеді және азаматтардың қауіпсіздігін арттырады.
Биыл Парламент 110 заң қабылдады
Мәулен Әшімбаев Сенаттың бір жылғы жұмысын қорытындылай келіп, заң шығару жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
«Парламент жыл бойы Мемлекет басшысының реформаларын және еліміздің стратегиялық саясатын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс атқарды. Жалпы, биыл Парламент 110 заң қабылдады. Оның 30-ға жуығына Парламент депутаттары бастамашы болды», деді Сенат Төрағасы.
Сенаторлар экономиканы қалпына келтіру, бизнесті қолдау және азаматтарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету бойынша көптеген заң қабылдады. Биылғы жылы демократиялық процестерді нығайтуды, адам құқықтарын қорғауды және қоршаған ортаны қорғауды көздейтін бірқатар құжаттар қабылданды.
«Жұмысымыздың негізгі басымдығы ел экономикасын өркендету және халықтың әл-ауқатын арттыру екені түсінікті. Сонымен бірге ауылдық жерлерді дамыту, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелеріне баса мән бердік. Биыл Сенат ұйымдастырған бірнеше Парламенттік тыңдауда осы бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды», деді Сенат Төрағасы.
Сөз соңында Мәулен Әшімбаев атқарылған жұмыстар үшін сенаторларға алғыс айтты және алдағы кезеңде депутаттық корпусқа Мемлекет басшысының саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларын одан әрі іске асыруда елеулі жұмыс күтіп тұрғанын атап өтті.