Сайлау • 30 Желтоқсан, 2020

Сайлауға дайындық мәселелері пысықталды

302 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) кезекті отырысында азаматтардың тіркелген жері жөніндегі мәліметтерді онлайн тексеру мүмкіндігі, сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңінде комиссияға келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау барысы, халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу және қауіпсіздік шаралары мәселелері талқыланды.

Сайлауға дайындық мәселелері пысықталды

Отырыста ОСК төраға­сы­ның орынбасары Константин Петров Cайлау туралы заңға сәй­кес әрбір азамат сайлаушы­лар тізіміндегі өзі туралы де­ректерді тексеруге және ті­зімге енгізілмегені, дұрыс ен­гі­зіл­мегені немесе тізімнен шы­ға­рылғаны туралы, сон­дай-ақ тізімдегі сайлаушы туралы дерек­терде жіберіл­ген дәлсіз­дік­тер туралы шағым­дануға құқылы екенін хабарлады.

Азаматты нақты сайлау учас­кесіндегі сайлаушылар тізі­міне енгізу үшін оның сол сай­лау учаскесінің аумағында тұр­ғылықты жері бойынша тіркеу қажет. 2019 жылғы 1 қарашадан бастап Қазақстанда мекенжай анықтамасын ұсыну жөніндегі мемлекеттік қызметтің күшін жойғанын ескере отырып, Орталық сайлау комиссиясы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министр­лігімен бірлесіп, E-gov пор­та­лында азаматтардың тір­кел­ген жері бойынша мәлі­мет­терді тексерудің онлайн-сер­висін іске асыру мәселесін пысықтады.

ОСК мүшесі Ерлан Дауыл­баев сайлау алдындағы үгіт кезеңінде комиссияға келіп түс­кен өтініштерді қарау про­цесі туралы баяндады. 10 және 28 желтоқсан аралығында ОСК-ға 29 өтініш келіп түскен, оның ішінде 12 өтініш – заңды тұлғалардан, 3-еуі – бұқаралық ақпарат құралдарынан,  14-і – жеке тұлғалардан. Өтініштердің көбі сайлау заңнамасын түсін­діру туралы болған. Одан бөлек 22 қазан мен 28 желтоқсан ара­лығындағы кезеңде ОСК-ға 11 заңды тұлғадан қоғамдық пікірге сұрау салу туралы хабарламалар келіп түсті. Жеке және заңды тұлғалардың өті­ніштерінің басым көпшілігі сайлау заңнамасын түсіндіру мәселелеріне қатысты екенін ескере отырып, Әділет ми­нистр­лігі 10 желтоқсаннан бас­тап халыққа, ұйымдарға 119 нөмірі бойынша Сall-орталық ар­қылы құқықтық консультациялар беріп келеді.

Шетелдік байқаушыларға келер болсақ, 22 қазанда сайлау­ды халықаралық бақылау инс­титуты ашылғаннан бері ОСК 6 халықаралық ұйым мен 18 шет мемлекеттен 276 байқаушыны тіркеген. 29 желтоқсандағы жағ­дай бойынша Сыртқы істер министрлігінен тағы 7 халық­аралық ұйым мен 11 шет мемлекеттен 98 байқаушы аккредиттеуге ұсынылды.

Сайлау науқаны бастал­ғаннан бері барлығы 9 халық­аралық ұйымнан 374 байқаушы аккредиттелді (ТМД ПАА – 48, ТМД ИК – 177, ИЫҰ – 4, ЕҚЫҰ – 39, ЕҚЫҰ/ ДИАҚБ ПА – 9, ШЫҰ – 15, ТМЫК – 7, ҰҚШҰ ПА – 6, ТүркПА – 9 және 26 шет мемлекет (Иордания, Қырғызстан, Мальдив аралдары, Молдова, Түркия, Әзербайжан, Армения, Индонезия, Өзбекстан, Румыния, Үндістан, Филиппин, Венгрия, Испания, Норвегия, Франция, Швейцария, Польша, Ресей, Чехия, Италия, Эстония, Украина, Германия, Бельгия, Палестина). Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу дауыс беру күнінен бес күн бұрын, яғни 2021 жылғы 4 қаңтар күнгі сағат 18.00-де аяқталады.

Сайлау күнгі қауіпсіздік шаралары бойынша Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мем­лекеттік санитарлық дәрі­гері Ерлан Қиясов сөз сөй­леді. Халық арасында COVID-19 коронавирустық инфек­циясының таралуының алдын алу мақсатында дауыс беру күні сайлау процесінің барлық қатысушылары учаскеге келген кезде маска тағып, қолғап киюі қажет. Сондай-ақ қолды дезинфекциялауға арналған санитайзерлерді пайдалануы, бір-бірінен кемінде 1,5-2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтауы, қол алысудан немесе тікелей байланыстың басқа түрлерінен аулақ болып, жеке қалам пайдалануы шарт.

Індеттің таралуы бойынша қызыл және сары аймақтарда орна­ласқан өңірлерде сайлау ко­мис­сияларының барлық мү­ше­лері, сенім білдірілген адам­дар, байқаушылар дауыс беру күні сайлау өткізу бас­тал­ғанға дейін 5 тәуліктен ерте емес уақытта ПТР-талдау әдісі­мен зертханалық тексеруден өтуі тиіс. Отырыста сонымен қатар саяси партиялар туралы ақпа­рат­тың бірыңғай форматы белгіленді.