Журналдар майданда да, тылда да әбден тозығы жеткенше оқылды. Көптеген елдерде бұл кітап әскери оқу орындарының студенттеріне міндетті түрде оқытылады. Оны қазір де оқып, дәйексөз келтіруде, ал Кубада, Израильде және басқа да елдерде әскери оқу орындарының түлектері бұл кітапты дипломмен бірге алады», деп жазғаны бар.
Өзге мемлекеттер әскери оқу орнын бітірген курсанттарына қазақтан шыққан даңқты батыр туралы кітапты ардақтап ұсынып жатса, батырдың туған елінде де әскери бөлімнің құрылғанына 89 жыл толуына орай 26 желтоқсанда шекарашы курсанттарға осы кітап салтанатты түрде тапсырылды.
– Ғасырға жуық тарихы бар ҰҚК Шекара академиясының алдында майор Қанат Бердіқұлов жетекшілік ететін 4-оқу дивизионының 200-ден астам курсанты салтанатты түрде сап түзеді. Әр курсантқа бір-бір данадан үлестірілген кітаптың алғашқы бетінде академия бастығының шағын ғана жазған естелігі бар, – дейді академияның баспасөз хатшысы Жанат Жабырбеков.
Иә, «Волоколамск тас жолы» кітабы әлемдік әдебиетте өзінің лайықты орнын алды. Бұл әрқашан деректі-көркем және зияткерлік құндылық болып қала береді. Бұл заңды да, өйткені ақиқат пен әділдік әрқашан тарихпен және болашақпен бірге жүреді.