Аймақтар • 30 Желтоқсан, 2020

Алматының Наурызбай ауданында келесі жылы 50 жоба жүзеге асырылады

153 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алдағы жылы «Бюджетке қатысу» бағдарламасы бойынша Наурызбай ауданында 50 жоба жүзеге асырылады. Бұған балалар алаңдарын жөндеу, серуендеу аймақтарын, скверлерді, арық желілері мен тротуарларды, спорт алаңдарын салу, жаяу жүргіншілер өткелдеріне жарық орнату кіреді. Ол үшін 1,2 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы бүгінгі онлайн брифингте аудан әкімі Санжар Тоғай мәлімдеді.

Алматының Наурызбай ауданында келесі жылы 50 жоба жүзеге асырылады

Осыдан тура бір жыл бұрын қала басшысы Бақытжан Сағынтаев әрбір ауданға барып халықпен кездесуінде «Жаңа Алматы» мегаполисін дамытудың кешенді жоспарын қабылдауға бастамашылық жасады. Оның негізгі бағыты шеткі аудандарға және мегаполиске жаңадан қосылған елді мекендерді дамытуға бағытталған, деді Санжар Тоғай. – «Шетсіз қала» қағидатын іске асыру мақсатында өткен жылы қала әкімі бірінші кезектегі проблемалық мәселелерді шешу және бұрынғы ауылдық округтердің барлық тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында ауданымызда ауқымды жұмысты бастауды тапсырды. Ең бастысы біздің 10 шағын ауданды сумен және кәріз желілерімен қамтамасыз ету болып табылады.

Сонымен қатар, жаңа әлеуметтік нысандар салу мәселелерін шұғыл түрде шешу, мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғын үйлердің құрылысының көлемін ұлғайту тапсырылды. Мұндай шаралар аудан экономикасының барлық салаларына оң әсерін тигізді.

Тек 2020 жылы ауданды дамытуға 70 млрдтеңгеден астам қаражат бөлінді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда жеті есеге көп. Биылғы жылдың 11 айында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 88 млрд.теңгені құрады, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 12,5 есе көп. Салық түсімдері 130%-ға өсу қарқынымен 13,2 млрд.теңгені құрады, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 33 есе көп. Өндіріс көлемі 5,3 млрд.тг. құрайды.

«Алматы бизнес 2020-2025» бағдарламасы аясында қала аумағында алғаш рет тоқтап тұрған кәсіпорындарды жандандыру мақсатында Наурызбай ауданында өнеркәсіптік парк ашылды, жалпы ауданы 4 мың ш.м. «Ala Estate» ЖШС өндірістік үй-жайлары, онда жиһаз, кеңсе бұйымдары, галантерея өндіретін 10 жаңа өндіріс ашылды.

«БЖК-2025», «Еңбек» және «Алматы бизнес-2025» бизнесті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 3,5 млрд теңгеден астам сомаға 18 жоба қолдау алды, бұл шаралар айналым қаражатын толықтыруға мүмкіндік беріп, жаңа кәсіпкерлік нысандардың ашылуына, сондай-ақ экономикалық айналымға 30 гектардан астам бос жер учаскелерін тартуға ықпал етті.

Мысалы, Шұғыла ш.а. 15,5 га жер учаскесінде көпқабатты тұрғын үй құрылысының жобасы әзірленуде. Қарғалы шағын ауданында 3,5 га жер телімінде жеке меншік мектептің құрылысы басталды. Бұдан басқа Ақжар шағын ауданында тоқыма фабрикасының құрылысы аяқталуда.

Сумен қамту саласында 8 жобаны іске асыру басталды, бұл Таужолы, Жайлау, Қарғалы, Құрамыс, Ақжар, Шұғыла, Тастыбұлақ шағын аудандарындағы 121,5 шақырым су құбыры, 85 шақырым кәріз және Қарғалы өзеніндегі су сүзгілеу станциясының құрылыстары.

Ауданда үйлердің 98% -ы газбен қамтылған.Халықтың осал тобындағы 46 отбасы 2020 жылы тегін орталықтандырылған газ жүйесіне қосылды.

Аудан құрылған сәттен бастап 234 көшеде 168 шақырым жолға  асфальт төселді, бұл жалпы көлемнің 86%-ын құрап отыр. Барлығы 348 көше  немесе 289 шақырым бар.

2020 жылы 35 көшеде жолдарға орташа жөндеу жүрігізілді. Байзақ батыр көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, Абай даңғылын ұзарту, жер сатып алу жұмыстары жалғасуда, барлығы 147 учаске, сондай-ақ Қонаев көшесін кеңейту (38 жер учаскесі) жұмыстары жалғасуда.

Нұрлы көшесін Райымбек даңғылына дейін ұзарту жұмыстары аяқталуда, Төле би көшесін қала шекарасына дейін ұзарту бойынша жоба әзірленді. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 2 көпір өткелі (Арман, Тәжиев б/с) жөнделді.

2020 жылы «Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында 119 млн теңге сомасына 7 жоба іске асырылды. Олардың арасында төрт Work out алаңы, екі балалар алаңы, екі баскетбол алаңы, бір скейт алаңы, бес «Togyzkumalak Smart Nation» ұлттық үстел ойыны бар.



АЛМАТЫ