Саясат • 31 Желтоқсан, 2020

Палата жұмысы қорытындыланды

161 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин палатаның 2020 жылғы соңғы жалпы отырысын өткізіп, қорытынды нәтижелерге тоқталды. Палата Төрағасы атап өткендей, депутаттық корпустың жұмысы Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық тапсырмаларын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын, сондай-ақ халыққа Жолдауын сапалы заңдармен қамтамасыз етуге арналды.

Палата жұмысы қорытындыланды

Оның ішінде әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім, шағын және орта бизнесті қолдау, экологиялық жағдайды жақсарту негізгі бағыттарға айналды. Нұрлан Нығматулин қабылданған барлық заңдар халқымызды әлеуметтік қолдауға, елімізді одан әрі дамытуға ықпал ететінін жеткізді. 

Тұтастай алғанда, осы шақырылым барысында Парламент палаталарының 23 бірлескен отырысы, Мәжілістің 1208 мәселе қаралған 186 жалпы отырысы өткен.

Осы уақыт ішінде Палатаның қарауына 487 заң жобасы түсіп, оның 432-сі мақұлданып, Сенатқа жолданды. Қазіргі таңда 391 заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойды. Тағы бір ерекше айта кететін жағдай, Мәжіліс депутаттары осы шақырылымда 60 заң жобасына өздері бастамашы болды.

Мәжіліс Экологиялық кодекс, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс және Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы, Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі), сондай-ақ Кедендік реттеу Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы алты маңызды кодексті қабылдады.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығма­тулин шақырылым барысында Nur Otan, «Ақ жол», «Халық коммунистері» пар­тияларының фракциялары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы белсенді жұмыс істегенін жеткізді.

«Ерекше айту керек, біздің депутаттық корпус елде қалыптасқан жағдай кезінде де, карантин кезінде де өз жұмысын бір күнге тоқтатқан жоқ. Қайта, заманға сай технологияларды пайдаланып, тиімді жұмыс істедік», деді Н.Нығматулин.

Мәжіліс қызметі барысында халық көтерген нақты мәселелерді шешуге үнемі көңіл бөліп келеді. Осы бес жыл ішінде мәжілісмендер 1150 депутаттық сауал жолдап, тұрғындардан 23 700-ге жуық хат келіп, оларға тиісті жауабы қайтарылған. Депутаттар өңірлерді аралап, 17 мыңнан астам кездесу ұйымдастырып, 1 мил­лионнан астам халықпен кездесу өткізді.

Нұрлан Нығматулин алтыншы шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің жұмысы ашық та нәтижелі болғанын атап өтіп, заң жобаларын талқылайтын жұмыс топтарының құрамына парламенттік емес партиялардың, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері шақырылғанына назар аударды. Мәжілістің жалпы отырыстары, комитеттердің жиындары беделді ақпараттық сайттарда, порталдарда онлайн түрде көрсетілетініне тоқталды.

Жалпы отырыс барысында депутаттар дипломатиялық қызмет туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл заң жобасын қабылдау дипломатиялық қызмет органдары жүйесінің қызметін нормативтік реттеуді жетілдіруге, халықаралық ұйым­дарда жұмыс істеу үшін дипломатиялық қызмет персоналының ынтасын артты­руға, осы органдардың қаржылық тәрті­бін нығайтуға және олқылықтарды жоюға мүмкіндік береді.

«Заңға келесідей өзгерістер мен то­лық­­тырулар енгізу көзделген. Дип­ло­ма­­тиялық қызмет ардагерлерінің әлеу­­меттік қорғалуын жетілдіру мақ­сатында «Қазақстан Республикасы дип­ло­ма­тиялық қызметінің ардагері» ұғы­мын бекіту ұсынылады. Бұл санатқа зейнет­керлік жасқа толған және кемінде 25 жыл жалпы еңбек өтілі бар, оның ішінде Қа­зақ­стан Республикасының дип­ло­­матия­лық қызмет органдарында 15 жыл жұ­мыс істеген адамдар кіреді», деді Сырт­қы істер министрі Мұхтар Тілеу­берді.

Ведомство басшысының айтуынша, Төтенше және өкілетті елші, халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты (өкілетті) өкіл қызметін атқарған немесе Төтенше және өкілетті елші дипломатиялық дәрежесі бар дипломатиялық қызмет ардагерлеріне ай сайын ақшалай төлем төленеді. Оған қажетті шығындарды Республикалық бюджет комиссиясы биылғы тамызда қолдады.

«Әлемдік саясат пен экономика саласында іргелі және ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізу мақсатында ди­пло­матиялық қызмет органдары жүйесіне ғылыми мекемелерді кіргізу ұсынылады. Бұл Сыртқы істер министрлігіне қарайтын Сыртқы саяси зерттеулер институтының мәртебесін арттырып, оның қызметінің негізгі бағыттарын бекітуге мүмкіндік береді», деді министр.

Депутаттар бірқатар рати­фи­кациялық заң жобаларын мақұлдады. Атап айтқанда, олардың қатарында бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сербия Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісім бар. Сонымен қатар жалпы отырыс­та Еуразиялық экономикалық одаққа қа­тысты 2014 жылғы 29 мамырдағы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама мақұлданды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндама жасады.

«Еуразиялық экономикалық одақ туралы 2014 жылғы 29 мамырдағы шартқа өзгерістер енгізу туралы ратифи­ка­циялауға ұсынылған хаттама «Алғашқы ірі» Хаттама болып саналады. Ол бойынша Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер сарапшыларының бірлескен жұмысы төрт жылдан астам уақыт жүргізілді. Хаттама Еуразиялық эко­номикалық одақ туралы шартқа түзе­тулердің үш блогын енгізуді көздейді», деді Бақыт Сұлтанов.

Онда біріншіден, бәсекелестік сала­сындағы өзгерістер қамтылған. Еура­зиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргі­зуші субъектілері бәсекелестік шарт­тарын бұзған жағдайда, Комиссияға ескер­тулер мен алдын ала ескертулер беруге мүмкіндіктер ескерілген. Алдын ала ескерту алғаннан кейін шаруа­шы­лық жүргізуші субъектілер ереже бұзу жағдайларын өздері жоя алады, зар­дап шеккен субъектілер талаптар­ды бұзғандармен келісе алады. Бәсеке­лес­тікке қарсы тәжірибе жалғасқан жағ­дайда, белгіленген айыппұлдар қолданы­латын болады.

Екіншіден, Еуразиялық экономикалық комиссияға энергетика, техникалық реттеу, макроэкономика, бәсекелестік және ветеринария салаларында қосымша өкілеттіктер беру қарастырылған. Бұл өкілеттіктер Еуразиялық экономикалық одақ аясында қол қойылған халықаралық шарттардың, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың салдары болып саналатынын және Комиссия қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өту қажет.

«Мысалы, техникалық реттеу саласында Комиссия Кеңесіне мүше мем­ле­кеттерді аккредиттеу жөніндегі орган­дардың өзара салыстырмалы бағалауды жүзеге асыру тәртібін бекіту бойынша өкілеттіктер беріледі. Одақтың қолда­ныстағы құқығында оған сәйкес мүше мемлекеттерді аккредиттеу жөніндегі органдар өзара салыстырмалы бағалауды жүзеге асыратын норма бар екенін атап өткен жөн. Алайда бүгінгі күні салыстырмалы бағалау жүргізудің жеке тәртібі бекітілмеген», деді Б. Сұлтанов.

Жалпы отырыста палата Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға байланысты, өнеркәсіптік қауіпсіздік және ғылым, сондай-ақ адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелеріне қатысты заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдап, қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша Сенат енгізген түзетулермен келісті.

«Өткен жылы Қазақстан Конвенцияны ратификациялады. Оған қатысты жұмыс 20 жылдан аса уақыт бойы жүргізілді. Каспий маңындағы барлық елдердің мемлекеттік органдарының, сарапшылары мен іскерлік топтарының қатысуымен ауқымды келіссөздер жұмысы іске асырылды», деді Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға байланысты заң жобасы туралы баяндама жасаған депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Оның айтуынша, заң жобасында ені 15 теңіз милі болатын аумақтық сулар белгіленеді, олардың сыртқы шекаралары мемлекеттік мәртебеге ие болады. Аумақтық суларға 10 мильдік балық аулау аймақтары қосылады, онда әрбір мемлекет кәсіпшілікке арналған айрықша құқықтарға ие. Балық аулау келісілген ұлттық квоталар негізінде жүзеге асырылады.

«Балық аулау аймақтары шегінен тыс ортақ су кеңістігі сақталады. Мем­лекеттік теңіз шекараларынан тыс жа­ғалаудағы елдердің туларын көтеріп жүзетін кемелер үшін теңізде жүзу еркін­дігі қолданылатын болады. Каспий маңы мемлекеттері балық аулау аймағында және ортақ су кеңістігінде су биологиялық ресурстарын қорғауды бірлесіп жүзеге асырады», деді Мәжіліс депутаты.

Палата инклюзивті білім беру туралы заң жобасымен жұмысты одан әрі жалғастыратын болып, сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша заң жобасын жұмысқа алды.

Отырысты қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы депутаттарға еліміздің заңна­малық базасын жетілдіріп, отандық пар­ламентаризмді дамытуға қосқан елеулі үлестері үшін, сондай-ақ заң шығару процесіне белсенді араласқан барлық мемлекеттік органдардың, аза­мат­тық қоғамның, сараптамалық қоғам­дас­тықтың өкілдеріне алғысын білдірді.