Оқиға • 31 Желтоқсан, 2020

Ел еңсесін көтерген заңдар

156 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, тұрмыс-тіршілігін жеңілдетуге арналған бірқатар маңызды заң қа­былданды. Сондай-ақ көптеген заңға өзгерістер мен толық­тырулар енгізілді. Ендеше, бүгінгі мақаламызда соларға аз-кем шолу жасап, солардың ішінде ел еңсесін көтерген заңға арнайы тоқталуды жөн көрдік.

Ел еңсесін көтерген заңдар

 

2020 жылы қабылданған заң­дардың бірегейі «Ардагерлер туралы» заң десек қателеспейміз. Бұған дейін мемлекеттен жеңіл­діктер мен кепілдіктер алатын ардагерлердің саны 169 мың еді. Ендігі жерде аталған заңның қа­былдануына байланысты мем­ле­кеттік қолдау шаралары 180 мың­­­нан астам ардагерді қамтиды.

Екінші дүниежүзілік соғыс­қа қатысушылар мен оларға те­ңестірілген тұлғалар көлік, мү­лік салықтары, соттарда мем­ле­кеттік баж төлеу, азаматтық хал актілерін тіркеу кезінде және та­ғы басқа салықтардан, мем­ле­кет­тік баждардан босатылды. Бұдан бөлек, басқа мемле­кет­тердің аумағында ұрыс қимыл­дарына қатысқан ардагерлер­ге де жеңілдіктер мен өте­мақы­лар берілді. Соған сәйкес, 10 мың­­нан астам ардагер жаңа­дан мем­лекеттің арнайы жәрдем­ақысын алады.

Чернобыльдегі апаттың зар­­дап­тарын жоюға қатысқан адам­дарға арнаулы мемлекеттік жәр­демақы мөлшері 12 725 теңге (4,8 айлық есептік көрсеткіш). Жа­ңа­дан енгізілетін санат үшін де осын­дай өтемақы қарастырыл­ған. Ал Қазақстанның Еңбек Ері­­не, Социалистік Еңбек Ері жә­­не үш дәрежелі Еңбек Даң­қы ор­дендерінің кавалерлеріне 138,63 айлық есептік көрсеткіш кө­­ле­мінде арнайы мемлекеттік жәр­демақы төленеді (2020 жылғы есеп­теу бойынша 367 508 теңге).

Биыл қолданысқа енгізілген өзекті заңның бірі педагог мәр­те­бесін анықтауға бағытталды. Жалпы, бұл құжат Парламентте 2019 жылы талқыланған-ды. Заң­ға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 31 желтоқсанда қол қойды. Яғни заң 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.

Соған сай, ұстаздардың құқық­тары кеңейтіліп, өзіне тән емес жұмыстан босатылып, жүктемесі азайды. Мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптар күшейтілді. Материалды емес стимул тетіктері қарастырылып, материалдық ынталандыру көзделген.

Осылайша, 2020 жылы мұға­лімдердің жалақысы 25 пайызға өсті. Алдағы төрт жылда тағы екі есеге көтерілмек. Сондай-ақ пе­да­гогтерді әскери қызметке шақы­ру кейінге қалдырылады. Бұ­дан бөлек, Үлгілік оқу жоспарлары төмендеуі есебінен 2021 жыл­дан бастап оқу жүктемесінің 18 сағат­тан 16 сағатқа дейін төмендейді.

Заң аясында бірқатар қосымша ақы қарастырылған. Мәселен, тә­лімгерлік үшін 1 базалық лауа­зым­­дық жалақы, яғни 17 мың тең­ге төленеді. Педагогикалық ше­бер­лігі үшін лауазымдық жала­қы­дан 30 және 50 пайыз ара­лы­ғын­да жаңа қосымша ақы енгізіледі.

Халықаралық конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздарына, түрлі олимпиадалар мен спорттық жарыстардың лауреаттарын да­йындаған педагогтерге үш лауа­­зымдық жалақыға дейін бір­жолғы сыйақы төленеді. Магистр дәрежесі бар ұстаздарға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қо­сымша ақы енгізілмек.

Сонымен қатар 182 мың сынып жетекшісі және дәптер тексергені үшін 165 мың мұғалім қосымша ақы алады. Мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының біліктілік санатына байланысты жалақысы артады.

«Педагог мәртебесі туралы» заңға сай, бұдан былай «Қазақ­станның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі және ол мемлекеттік наградалар қатары­на қосылды. Бұл атақты иеленген ұстазға 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді (шамамен 2,6 миллион теңге).

Жалпы алғанда, жаңа құжат­тың игілігін жарты миллионнан астам ұстаз көреді. Заңда айтыл­ған міндеттерді орындау мақ­са­тында алдағы бес жылда 5,3 трил­лион теңге қарастырылған.

Биылғы парламент қа­был­дан­ған маңызды құжаттардың бірі – ауылдық елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі заңға енгізілген өзгерістер мен толық­тырулар екені сөзсіз. Әсі­ресе, коронавирус пандемия­сы қарқын алып, карантин енгі­зіл­генде мұның өзектілігі арта түсті. Бүкіл білім ордалары онлайн оқу­ға көшкендіктен, кең жолақты ин­тернет бармаған ауылдар сабақ оқи алмай қиналғаны есімізде.

Ресми статистикаға сүйенсек, бүгінге дейін 3 324 ауылға кең жо­лақты интернет жеткізілген. Әрине, оның сапасы туралы әңгіме бөлек. Алайда әлі күнге 2 мыңнан астам ауыл жаһандық желінің игілігін көре алмай отыр. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне ауылдық ел­ді мекендерде интернеттің қол­же­тімділігін қамтамасыз ету мә­се­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес, елді мекен­дер­ге интернет жеткізудегі ке­дер­гілер жойылады. Соның нәти­же­сінде, екі жыл ішінде бүкіл елді ме­кендердің 97 пайызын жаһан­дық желімен қамту көзделіп отыр.

Айтпақшы, ауылдарға интернет жеткізу екі бағытта жүргі­зіл­мек. Біріншісі – талшықты-оп­ти­калық байланыс желісі. Мұндай желі 1 250 елді мекенге тарты­лады. Екіншісі – мобильді бай­ланыс. Қалған ауылдарға жа­һан­дық желі осындай тәсілмен жет­кізіледі.

Сонымен қатар биыл «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс, Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдас­тыру және өткізу тәртібі туралы заң, Экология кодексі, көші-қон мәселелері, еңбек мәселелері бо­йынша заң қабылданды. Бұлардың қай-қайсысы да қоғамның дамуы үшін, халықтың жағдайын жақсарту үшін өзекті заңдар.