Бүгінде осы қауіпті, келеңсіз құбылыспен күрестің алдыңғы шебіне бүкіл қоғамның күш-жігерін біріктіру арқылы азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ымырасыз іс-қимыл жүзеге асырылуда. Бұл жерде үлкен үміт жас ұрпаққа жүктеледі. Нақ осы жастар сыбайлас жемқорлықтан азат қоғам құруға және мемлекетіміздің өркендеуін қамтамасыз етуге қабілетті аға ұрпақтың мұрагерлері болуы тиіс.
Жас қазақстандықтардың алдында кәсіби өсу мен өз күш-жігерін ашуға үлкен мүмкіндіктер бар. Алайда бірінші кезекте, қазіргі заманғы жастардың жеке басының берік адамгершілік негіздері, азаматтық ұстанымы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықтың орнықты дағдылары болуы тиіс. Бұл қасиеттер болмаса, бәсекеге қабілетті және дамыған мемлекет құру оңай болмайды.
Халқымызда «Тәрбие – тал бесіктен» деген есті сөз бар. Баланы тәрбиелеу шынымен бесіктен басталады. Ол дүниеге келген сәттен бастап адам қоғамның бір бөлігіне айналады. Оның одан әрі дүниетанымы мен қоғамдағы мінез-құлқы оның отбасында, балабақшада, мектепте және университетте алатын барлық білімі мен тәжірибесі оған қаншалықты дұрыс берілетініне байланысты. Сондықтан қазірдің өзінде өскелең ұрпақтың бойында парасаттылық идеологиясын ілгерілетуге негізделген сыбайлас жемқорлықты мүлдем қабылдамау мәдениетін қалыптастыру өте маңызды.
Парасаттылық – қоғамдағы саяси, сондай-ақ әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықтың негізі. Ол адалдық, әділдік, сатылмаушылық, заңға құрмет, патриотизм сияқты құндылықтарды біріктіреді. Парасатты қоғамда азаматтар ережелерді өздері үшін емес, ортақ игілік үшін ұстанады, жеке емес, қоғамдық мүдделерге басымдық береді.
Өткен жылдың соңында қабылданған заңнамалық түзетулерге сәйкес департамент білім беру, ақпараттық және ұйымдастыру шараларын іске асыру жолымен қоғамда, оның ішінде жас ұрпақ арасында парасаттылық қағидаттарын белсенді енгізуде. Осы тұрғыда біз облыстың білім беру мекемелерімен бірлесіп жүйелі негізде «Адалдық алаңы» жобасының аясында тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жыл басында департамент «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі және өңірдің жоғары оқу орындары арасында білім беру жүйесі арқылы сыбайлас жемқорлықты жаппай қабылдамауды қалыптастыруға бағытталған «Саналы ұрпақ» жобасын бірлесіп іске асыра отырып, ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.
Өскелең ұрпақ арасында жоғары адамгершілік пен парасаттылықты қалыптастыру мақсатында оқу орындарында 551 «Адал ұрпақ» және 37 «Саналы ұрпақ» ерікті клубтары жұмыс істейді. Осы бірлестіктердің қызметі шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы түрлі дебаттар, кездесулер, тренингтер, сурет конкурстары, акциялар, челлендждер, брейн-рингтер, әлеуметтік сауалнамалар және басқа да іс-шаралар үнемі ұйымдастырылады.
Биыл эпидемиялық жағдай ахуалында облыстың белсенді жастары арасынан шыққан ерікті клубтар өкілдерінің жыл сайынғы облыстық слетін өткізу онлайн форматта жүргізілді. Оған 200-ге жуық оқушылар мен студенттер қатысты. Шараның бағдарламасы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастырудың өзекті мәселелерін талқылауға арналды.
Сондай-ақ мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындары студенттері үшін телеарналар мен әлеуметтік желілерде танымал тұлғалардың рухани мұрасын танымал ету арқылы адамгершілік құндылықтар мен білімді сіңіруге бағытталған «Адалдық сағаттары» бейне-дәрістер таратылады.
Волонтерлер жылы аясында облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен өтетін «Біргеміз» еріктілердің облыстық бас қосуында сөз сөйлей отырып, мұқтаж жандарға тегін көмек және қамқорлық көрсетіп, құштарлығы бар жастардың «Ізгілік елшілері» рөлін атқаратынын атап өттім. Өйткені жаңа буындағы азаматтарды гуманизм, мейірімділік және жанашырлықпен тәрбиелеу парасаттылық идеологиясының іргелі негіздерінің бірі.
Жастар мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жетілдіру бойынша өз идеялары мен ұсыныстарын енгізуі үшін департамент белсенділермен бірлесіп «Идеялар фабрикасын» ұйымдастыруда, онда интерактивті форматта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері және оларды шешу жолдары талқыланады, студенттер сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құру жөніндегі жобаларды ұсынады.
Жас ұрпақтың бойында құндылықтың дұрыс бағыттары мен бағдарларын қалыптастыруға өз балалары мен жақындарының жарқын болашағы үшін азаматтарды парасатты өмір салтына шақыратын сыбайлас жемқорлыққа қарсы сипаттағы әлеуметтік бейнероликтер де көмектеседі.
Қазіргі өскелең ұрпақ – бұл біздің болашақ заңгерлеріміз, дәрігерлер, мұғалімдер, құрылысшылар, әскери қызметшілер және олардың өз саласында қаншалықты сауатты маман болатындығы, көбінесе үлгі болуға тиіс аға ұрпаққа байланысты.
Әділеттілік, парасаттылық және сенім еліміздің әрбір жас азаматы үшін басты құндылықтар болатынына сенімім мол.
Мұрат ТӨЛЕУБАЕВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы