Тарқата айтар болсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Үндеу жариялады. Президент өз Үндеуінде тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құру жөнінде тапсырма бергенін айта келіп, «Біз жазықсыз жазаланғандардың əрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тəуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз», деді.
Содан, биылғы 24 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осыған байланысты құрылған, төрағасы болып Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бекітілген Комиссия құрамына Президент Әкімшілігі мен Үкімет өкілдері, Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік ұйымдардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен еліміздің ғалымдары енгізілді.
Мемлекеттік комиссияның алдында тұрған басты міндет – «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген нақылды аузынан тастамайтын халқымызды көптен бері толғантып келе жатқан күрделі мәселелердің бірі – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру. Комиссия тиісті материалдарға жан-жақты әрі кешенді зерттеу, зерделеу жүргізгеннен кейін, халықаралық тәсілдер мен стандарттар негізінде толықтай заңды, ал жекелеген санаттарға қатысты – қуғын-сүргін құрбандарын саяси ақтауды көздеп отыр.
Еске сала кетейік, жаппай қуғын-сүргін құрбаны болған жазықсыз жандарды ақтау шаралары Кеңес Одағының тарихында 50-жылдардың аяғында «жылымық жылдары» деген атаумен белгілі кезеңде қолға алынған. Сол тұста құрбан болғандардың көпшілігі ақталып, олардың отбасы мүшелері қамаудан босатылған. Алайда бірқатар категория бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарға кешірім берілгенімен, олар сол күйі ақталмай қалды. Ақталмаған, деректерін архивтерде шаң басып жатқан репрессия құрбандары өте көп. Оларды ақтау, бұл істі соңына дейін жеткізу – халық тілегі, ел тәуелсіздігі өлшемдерінің бірі.
Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Мемлекеттік комиссияға ерекше құзыреттер беріліп отыр. Ең бастысы, Комиссия талай зерттеушіге қолжетімсіз болып келген жабық архивтерді ашады, сондай-ақ еліміздің аумағында қуғын-сүргінге ұшырап, атылып кеткендермен қатар шетел асып жан сауғалағандардың, мәжбүрлі түрде жер аударылғандардың ісімен де айналысады. Бұл Комиссияның халықаралық ауқымда жұмыс істейтінін көрсетеді.
Комиссия жазықсыз сотталған және саяси қуғын-сүргінге, психиатриялық мекемелерде мәжбүрлеп емдеуге, елден аластауға және саяси нанымдар, таптық, әлеуметтік, ұлттық, діни немесе өзге де жағдайларға қатыстылығы бойынша құқықтары мен бостандықтары шектелген тұлғаларды ақтау процестерін ғылыми зерделеу және жүргізу әдіснамасын анықтайды. Сонымен бірге құқықтық ғана емес, саяси оңалтуға жататын қуғын-сүргін құрбандары санаттарын: Қазақстанның тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күресушілердің, идеологиялық, ғылыми, шығармашылық, рухани-мәдени құндылықтары мен сенімдері үшін қуғын-сүргінге ұшырағандардың толық тізбесін айқындайды.
Бүгінде қазақстандықтар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған бұл Комиссия жазықсыз жапа шеккен көп топтардың ақталуына тікелей ықпал етеді деп сенім білдіріп отыр. Десек те, Комиссия жұмысы, яғни толық ақтау акциясы ел бірлігіне нұқсан келтірмеуі тиіс. Өйткені, аталған бағытта шынайы жұмыстар жүргізілсе, ескі жараның беті тырналмай қоймайды. Бұл өз кезегінде ел ішіне, зиялы қауым өкілдері арасында жік тудыруы мүмкін. Сондықтан Комиссияға барынша байыптылық, салқынқандылық қажет.
Қорыта айтқанда, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық құқықтық және саяси тұрғыда ақтап, оларға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмысына нүкте қою аталған Мемлекеттік комиссияға жүктеліп отыр.
Жалпы, біз саяси қуғын-сүргін құрбандары жөнінде сөз қозғағанда көбінесе сталиндік репрессия кезеңінде (1937-1938 ж.ж.) Қазақстанда 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мың адам ату жазасына кесілді деген деректерді алға тартамыз. Бірақ халық бұл тақырыпты ауқымды түрде, дәлірегі ХХ ғасырдың басым бөлігін қамти отырып қарастырғысы әрі қуғын-сүргін құрбандары туралы жаңа, шынайы цифрлы деректерді білгісі келеді. Нақтылай айтқанда, Кеңес билігі орнаған кезеңнен бергі барлық нәубеттердің құрбандарын қызыл идеологияның қаһарына ұшырағандар ретінде тұтас қарастырып, оларды заңдық негізде ақтау маңызды. Сондықтан сталиндік репрессия құрбандарынан бөлек, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің, азамат соғысының, 1917 жыл мен 1930-шы жылдардың ортасына дейін еліміздегі оспадар саясатқа қарсы бой көтерген 372-ден астам халық көтерілісінің (саяси себептер бойынша сотсыз және тергеусіз өлтірілген ондаған мың адам), 1920-1921 және 1931-1933 жылдардағы алапат аштықтың құрбандары, дінге қызмет еткені үшін саяси қуғын-сүргінге душар болғандар, патшалық Ресейдің, большевиктік-сталиндік режімнің зорлығынан елден қашқан жүздеген мың қазақ саяси-құқықтық жағынан ақталуы тиіс. Бұған қоса, «Алаш» қозғалысы мен партиясының, «Қазақ халқын қорғау одағының», «ЕСЕП», «Жас ұлан» партияларының қатысушылары, 1918 жылы Түркістан автономиясын құруға қатысқаны үшін қуғын-сүргінге ұшырағандар, «қазақ буржуазиялық ұлтшылдығы» атауы таңылғандар ақтау шараларынан тыс қалмауы керек.
Тағы бір ерекше тоқталар мәселе, 1939-1945 жылдары аралығында фашистік Германияда, Финляндия мен Еуропаның басқа да елдерінде тұтқында болған қазақстандық әскери адамдар, ет, астық дайындау жоспарын орындамағаны үшін қуғынға ұшырап, сотталған ондаған мың қазақстандық, жұмысқа кешіккені сияқты болмашы ағаттықтары үшін сотталғандар, ойдан шығарылған басқа айыптаулар бойынша істі болғандар, «Алаш» қозғалысы мен партиясына ниеттес болып, материалдық және қаржылық көмек көрсеткендер, жергілікті жерлерде қуғындалған «Алаш» әскери құралымдарының он мыңдай сарбазы мен сардары, өзінің шыққан тегіне, қызметінің түріне, наным-сеніміне байланысты азаматтық құқықтарынан айырылғандар да ақтау ісі барысында басты назарда болғаны жөн.
Сондай-ақ 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушыларды да, жалпы ұлт-азаттық идеясын да саяси тұрғыдан ақтау қажет. Бұл орайда, Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрескендердің ерлігін мемлекеттің ең маңызды құндылығы деп тану мәселесі күн тәртібіне сұранып-ақ тұр.