Руханият • 31 Желтоқсан, 2020

Жыл...

275 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

...әншісі

Димаш АҚШ-тың MTV арнасынан қазақ тілінде ән салған тұңғыш қазақстандық әнші атануы 2020 жылдың елеулі жаңалығы ретінде тарихта қалды. Кәрі құрылықты өнерімен тәнті еткен әншінің клипін MTV USA арнасының ресми YouTube желісі арқылы миллиондаған өнерсүйер қауым ерекше ықыласпен қабыл алды.

Жыл...

 

 *  *  *

1

Ән өнерінде жаңа туған жұлдыз Қарақат Башанова 29 қарашада өткен балалар арасындағы Junior Eurovision-2020 конкурсында 2-орын иеленді. Ол ән байқауында әкесіне арнап «Forever» (Мәңгілік) әнін орындады. Әншінің бағын асырған әдемі ән десек, аталған әннің авторы – композитор, музыкалық продюсер Хамит Шаңғалиев. Онлайн конкурста Қарақаттың сахналық келбетін стилист Анарбек Жәрдемов әзірледі. Ал сахналық көріністердің режиссері – Андрей Хван.

 * * *

1

Павлодар облысындағы Ақсудың тумасы, отандасымыз Иманбек танымал америкалық Грэмми сыйлығының үздік ремикс (Best Remixed Recording) аталымы бойынша 5 үміткердің бірі ретінде таңдалды. Арнайы музыкалық білімі жоқ теміржолшы жігіт жайында әлемнің белді басылымдары жарыса жазды. Атаулы сыйлықтың жеңімпаздары қаңтардың 31-і күні анықталғанша Иманбекке тілеулес жандардың қатары көп.

 

...дизайнері

1

Абзал Исабеков – сән әлемінде айтулы жетістікке жет­кен қазақстандық. Сән индустриясына өзінің ерек­ше қолтаңбасымен келген ол шетелдерде туған елін та­нытып жүр. Жас дизайнер әйгілі Louis Vuitton, Celine сынды танымал сән үйлерінде жұмыс істеген. Өзінің айтуынша, биік жетістіктерге жетуі­не анасы мен әпкесінің артқан сенімі мен көрсеткен қолдауы қанаттандырған.

 

...анимациясы

1

«Мұзбалағымыз» мұзжарғыш кемедей шетелдік кино өндірісінің мұхитында еркін жүзіп, отандық мәдени айналымымызға олжа салған жыл табысы десек болады. Алдында алған айтулы бәйгелерін кеше тағы еселеп, Ыстанбұлда 100 фильмнің ішінен топ жарып, қара үзіп шықты. Қазақтың байырғы ғұрпын дәріптеген мультфильмнің көрерменге рухани дәрумен сыйлары сөзсіз. Ұзақтығы 65 минут құрайтын мультфильм 2D және 3D форматында жасалған және әр секундында 24-25 кадр сурет салынған. Кішкентай бүлдіршіндердің ғана емес, үлкендердің де қызығушылығын оятқан кинокартина елімізде бұрын-соңды болмаған қошеметке ие болды. Бұл жаңғыру жолындағы жаңа бастама.

Картина режиссерлері – Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы.

 

...картинасы

1

«Ядросыз болашақ үшін» сыйлығының иегері, қос қолсыз қылқалам шебері атанған Кәріпбек Күйіковтің «42500» туындысы көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды. Әлеуметтік желінің әуеніне төңкерілген халық әуелде «мемлекеттік жәрдемақы жетпеген» деп дүрсе долбарлағанымен, артынан сурет иесі картинаның тарихын басқаша баяндады. 

«Менің аузыммен тістеп шелекпен су тасығаным есімде. Анам таңертең тұрып, маған қарайтын. Сол көзқарас қатты жаныма бататын. Басқа да аналар секілді сиырларды шығар, аттақырды тазала, ананы істе деп айтқысы келеді. Бірақ олай айта алмайды. Амалсыз өзі істеуге тура келеді. Бұл картинада тауларды, Егіндібұлақтың көркем табиғатын көрсеткім келді. Біздің тура осындай сиырымыз бар-тын. Сиырды өріске айдайтынмын. Сол кездегі естеліктер қолыма қылқалам алуға итермеледі. Бұл – мен үшін өте ыстық сурет», деді К.Күйіков.

Қасиетті өңір Қарқаралының көркем табиғатын көз алдына әкелетін әсем картинаға қызығушылардың қатары көп болған. Туындысын 42500 теңгеге бағалаған суретші еңбегінің ел арасына үлкен сұранысқа ие болғанына дән риза.  «Менің отбасым жоқ. Жүректен шыққан туын­дыларым – менің балам секілді. Мен өмірден өткен соң артымнан қалатын мұра осылар», дейді өмірге құштар қылқалам шебері.

 

...айтысы

1

Қасіреттің бұлтын түрген күн рауандады. Ол – шұғыласын алты Алаштың аспанынан төккен тәуелсіздік таңы еді. Оны жырға қосып, ойындағысын ашып, сайын даланың сағым жүзген келбетінен сыр аулаған Алаш баласының маңдайына жазылған бақыт. Сол мәуелі мерекенің қарсаңында дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан, биыл «Абай тағылымы – Тәуелсіздіктің тірегі» атты тақырыпқа арқау болған республикалық ақындар айтысында Сыр сүлейі Мұхтар Ниязов үшінші мәрте «Алтын домбыраны» қанжығасына байлады. Осылайша мұражайдан әрі аспаған киелі кәдені үйіне алып қайтты.

Тілінің тікені бар, сөз қағыстырғанда ақиқаттың алдаспанын жарқылдатып, тыңдарманның құлақ құрышын қандырған Мұхтар Ниязов пен Бекарыс Шойбеков ойдым-ойдым ойы, тапқыр теңеуімен ел көңілін баурап алды. Екеуара сөз қағыстыру арқылы бүгінгі қоғамның кемшіліктерін тілге тиек етіп, өткір әзілмен тыңдарманды ұйыта білген белгілі шайырлар, абыздың ғибратты ғұмырын да өлеңмен өрнектей білді. Шымыр шумақ пен тапқыр әзілді орайластырып, қазақтың жаны болған айтыс көшін өрге сүйреді.

 

...фотосы

1

Ел фотографтарының биылғы басты нысанасы карантиндегі халық­тың хал-ахуалы болғаны айтпаса да белгілі. Әлеуметтік желі­де қарша бораған вируспен жан алысқан дәрігерлер мен жанын шүберекке түйген сырқаттардың сырттан түсірген фото­лары көптің көңілін құлазытты. Бұл құлазу «сақтықта қорлық жоқ» деген қағиданы еске қайта салғандай болды. Жаһандық індетпен жанын салып күрескен медицина мамандарына объективтен қараған фотографтардың қай-қайсысының еңбегін жоғары бағалауға болатындай. Бетперде таққан халықтың үрейлі күйі, жанардағы алаңы, оқшау өмір сүруге деген көзқарасы, қор­қынышы үйлесім тапқан фотолардың бәрін өт­кен жылдың үздіктеріне жатқызуға болады. Халықаралық сарапшылардың дені осы нұс­қаны таңдауда. Себебі онлайн өмірге еті үйренбеген адамдардың әрекеті каме­ра­ның алдында қызық та, қилы көрінеді.

 

 

Ая ӨМІРТАЙ,

Мұхтар КҮМІСБЕК,

«Egemen Qazaqstan»