Қоғам • 31 Желтоқсан, 2020

«Азулы» жігіт

216 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматылық Александр Данчев өзгеше өнерімен көпшілікті тәнті етті. Сал­мағы 26 тонна тартатын алып вагонды ар­қанға байлап, тісімен жыл­жытқан оның есімі Қазақ­станның «КИНЭС» рекордтар кітабына енді.

«Азулы» жігіт

Ақылға сыйымсыз болып көрінетін осы бір ермек біздің елде аса танымал болмағанымен, Еуропа мен Америкада табысты спорт түрі саналады. Бұл нәтиже азуы айбарлы Александрдың алғашқы рекорды емес, ол бұған дейін де осы жолғы нәтижеге жетеқабыл өнер көрсетіп, шетелдік әуесқойларды таң­ғалдырған болатын. Алған бе­тінен қайтпайтын қайсар жігіт бұл жолы салмағы зіл батпан темір вагонды екі жарым метрге дейін сүйреді.

– Бала күнімнен бұл іске ерекше құмарттым. Ғаламтор кең­ге қанат жайғалы бері америкалықтардың көлікті қа­лай сүйреп жатқанын үнемі тамашалайтын болдым. Қызы­ғушылығым оянып, жеңіл кө­ліктерді тісіммен жылжыта бас­­­тадым. Нәтижесінде, осы дең­­­­гейге жеттім. Бұл жат­ты­­­ғуды орындау өте күрделі әрі ұзақ уақытты қажет етеді. Мұн­дай жаттығуды ешкімге қай­таламауға кеңес беремін, – дейді рекордшы.

Қазақстан рекордтар кітабы тіркеу департаментінің директоры Бақытжан Тастүлековтің сөзінше, біздің еліміздің рекордтар кітабының басқа рекордтар кітаптарынан ерекшелігі адам денсаулығына зақым келетін жайттар жетістік ретінде тіркелмейді. Бірақ тіспен ауыр көліктер мен вагондарды сүйреу әлем елдерінде әлдеқашан спорт ретінде мойындалғандықтан, Александр алға қойған мақса­ты­на қол жеткізіп отыр. Мұнымен тоқтап қалмаймын деген ол осы өнерімен алты құрлықты мойындатуды армандайтынын айтады.

 

АЛМАТЫ