Қазақстан • 01 Қаңтар, 2021

Ақ үйден Ақордаға дейін немесе халықаралық саясатта бізді не күтіп тұр?

189 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жаңа жыл халықаралық аренада үлкен өзгерістердің бастауына айналмақ. Коронавирус пандемиясы әлемдік тәртіпті қайта қарап, тиімді өзгерістер енгізудің қажет екенін көрсетті. Оның үстіне, індет әкелген экономикалық қиындықтарды еңсеруге де көп күш-жігер қажет.

Ақ үйден Ақордаға дейін немесе халықаралық саясатта бізді не күтіп тұр?

Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ

 

COVID-19-дың ызғары жаһандық экономикаға оңай тиген жоқ. Әсіресе, туризм секілді халықтың жүріп-тұруына тәуелді салалар тұралап қалды. Тіпті энергетика секторы да тоқырауға ұшырап, әлемдік нарықта мұнайдың алғаш рет минус бағамен сатылғанына куә болдық.

Сарапшылардың болжамы бо­йынша, әлемдік экономика көлемі 5,2 пайызға кеміген. Салыстырмалы түрде қарасақ, жыл сайын жер-жаһан 2,5-3,4 пайыз аралығында дамып отырған еді. Тек Қытай ғана өткен жылы 1,8 пайыздық өсім көрсетпек. Дегенмен бұл да осы елдің жыл сайынғы 6 пайыздық даму деңгейінен әлдеқайда төмен.

БҰҰ болжамына сүйенсек, ке­дей­шілік жағдайына түскен тұрғын­дардың саны өткен жылы 120 миллион адамға көбейген. Биыл шартараптың түкпір-түкпірі осындай экономикалық мәселелермен күресуі тиіс.

Бір қуантарлығы, бірнеше компания шығарған вакцина коронавирусқа қарсы тиімділігін көрсетті. Демек, 2021 жылы әлем елдері жаппай екпе салуға кіріседі. Әйтсе де, халықаралық қоғамдастық вакцинаны жеткізу, оны мемлекеттер арасында теңдей бөлу мәселесін әлі талқылап жатыр. Бұл пікірталас биыл да жалғасын табатыны сөзсіз. Әзірге ауқатты елдер артта қалған мемлекеттерге қол ұшын созуға келісіп отыр. Айтылған уәденің қаншалықты орындалатынын уақыт көрсетпек.

Биылғы басты жаңалықтың бірі – АҚШ президентінің ресми түрде ауысуы. Ақ үй тізгінін ұстаған Джо Байденді аз жұмыс күтіп тұрған жоқ. Оның саяси позициясы айқын және кез келген елмен диалог орнатуға дайын. Президент Дональд Трамп өз өкілеттігі кезінде сыртқы саясатта оқыс шешімдер қабылдап, АҚШ-ты ғана емес, әлемді де әуре-сарсаңға салып қойған-ды. Байден осы мәселелерді шешуге тиіс. Сондықтан оның 2021 жылғы сыртқы саясаттағы басымдықтары негізінен Ақ үйдің саясатын бұрынғы арнаға түсіруге арналмақ. Мәселен, Джо Байденнің алғашқы шешімі АҚШ-ты Париж келісіміне қайта қосу мен АҚШ-тың Дүниежүзілік сауда ұйымынан шығуын тоқтату болмақ. Оған қоса, Байден 2015 жылғы Иранмен жасалған ядролық келісімді қайта қарауға әзір. Бұдан бөлек, Дүниежүзілік сауда ұйымына қатысты конструктивті пікір ұстанады.

АҚШ-тың 46-шы президенті сонымен қатар Қытаймен арадағы сауда соғысын тоқтатуға күш салатыны анық. Әрине, екі ел бірден татуласып, мәмілеге келе қояды дегенге сену қиын. Бірақ Байденнің Ақ үй тізгінін ұстауымен жағдай біржама тұрақталады деген үміт басым.

Джо Байденнің сыртқы саясаттағы ұстанымының тағы бір бағыты ядролық қаруды таратпауға арналады. Бұл тұрғыдан алғанда ресми Вашингтон Иранмен арадағы келісімді қайта қарап, Солтүстік Кореяны сабырға шақыруға тиіс. Бұл да жаңа президентке оңайға түспейді.

Айтпақшы, қаңтарда АҚШ Сенаты сайлауының екінші туры өтеді. Алда-жалда Джорджия штатында демократтар жеңіске жетпесе, Байденнің партиясы Парламенттің екі палатасында да басым дауысқа ие бола алмайды.

Пандемия жағадан алғанда, «Брексит» етектен шалған Еуро­па­лық одақ үшін де жаңа жыл үлкен өзгерістермен басталады. «Қарт құрлықтың» негізгі ұйымы 1 қаңтар­дан бастап Ұлыбританиямен қошта­сады. Екі тарап та ұзақ уақыт бойы «Брексит» мәселесін оңтайлы шеше алмай келген. Ақыры ресми Брюссель мен Даунинг стрит ортақ мәміле жасасқан сыңайлы. Бірақ ағылшындар үшін келісімнің қуанышынан өкініші басым болғалы тұр.

Германияның «Христиан демо­кратиялық одағы» партиясы (CDU) 2021 жылғы қаңтарда конгресс өткізіп, партияның жаңа көшбасшысын сайлайды. Сондай-ақ жаңа басшы келер жылы өтетін канцлер сайлауына түседі. Германияның Еуропалық одақ құрамындағы негізгі мемлекеттің бірі екенін ескерсек, Ангела Меркельдің ізбасарын анықтау да кәрі құрлықтағы маңызды оқиғаға айналмақ.

Өйткені бундесканцлер кез келген мәселеде өз елінің мүддесімен қатар, Еуропалық одақтың да мүддесін қорғаудан әсте шаршаған емес. Сон­дықтан оның ұсынысымен одақ құра­мындағы елдердің басшылары да санасады.

Сондай-ақ Германия үшін бірқатар мәселе бар. Немістердің Қытаймен арадағы қарым-қатынасы басқа еуропалық мемлекеттерге қарағанда ана­ғұрлым жақсы. Бұдан бөлек, Берлин билігі Ресейден келетін «Сол­түстік ағын – 2» құбырының құры­лысын аяқтауға мүдделі. Бірақ Еуропалық одақ Ресейге де, Қытайға да қырын қарайтыны белгілі. Сол себепті Германия Брюссельдегі шенеуніктердің де көңілін тауып, өз мүддесін де қорғап қалуға тырысатыны айтпаса да түсінікті.

Жаңа жылда Еуропалық одақтың халықаралық саясаты миграция мә­селесін шешуге бағытталмақ. Сонау Араб көктемінен басталған бос­қындардың көші әлі күнге басылған жоқ. Кәрі құрлықтың шенділері бұл мәселені түбегейлі шешуге қанша мәрте талпынғанынымен, «арбаны да сындырмаудың, өгізді де өлтірмеудің» реті келер емес.

Қазақстан да 2021 жылы сыртқы саясаттағы басымдықтарын жүзеге асыруға кіріседі. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан Республикасы сыртқы саяса­тының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Алдағы жылы еліміз құжатта айтылған басым­дықтарды жүзеге асыруды жалғастыра береді.

Тұжырымдамаға сәйкес, Қазақстан тұрақты, әділ және демократиялық әлемдік тәртіп құруға жәрдемдесуге, әлемдік саяси, экономикалық және гуманитарлық кеңістікке тең құқылы интеграциялануға басымдық береді. Қазақстандықтардың және шетелде тұратын қандастардың құқықтарын, еркіндіктері мен заңды мүдделерін тиімді қорғау да күн тәртібінде тұр.

Мемлекеттің сыртқа ашықтығын ілгерілету, қазақстандықтардың әл-ауқатының деңгейін көтеру, елдің саяси, экономикалық және рухани әлеуетін дамыту үшін қолайлы сыртқы жағдайлар жасау да тұжырымдаманың басым бағыттарының бірі.

Қазақстанды практикалық тұр­ғы­да қызықтыратын барлық мем­лекет­термен, мемлекетаралық бір­лес­тік­термен және халықаралық ұйым­дар­мен достық, тең құқықтық және өзара тиімді қарым-қатынастарды дамы­туды білдіретін көпвекторлық, праг­матизм және белсенділікке ден қояды.

Көпжақты консультациялар мен келісімдер негізінде жаһандық жә­не өңірлік мәселелердің кең ауқымын шешудегі халықаралық қоғам­дас­тықтың тиімді тәсілдері мен ұжым­дық көзқарасын қалыптастыруға бағыт­талған мультилатерализмнің өзектілігі артады.

Трансшекаралық сипаттағы сын-тегеуріндер мен қатерлерге ден қоюда, жанжалдарды реттеуде, қақтығыстан кейінгі елдерде бей­біт­шілікті нығайтуда халықаралық қоғамдастықтың интеграцияланған тәсілдерін әзірлеуді білдіретін ұлттық, өңірлік және жаһандық деңгейлердегі қауіпсіздік пен дамудың ажырамас байланысы күшейе түспек.

Сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтары ядролық қаруды таратпау және қарусыздануды одан әрі жалғастыруға және климат дағдарысына қарсы күреске ар­налмақ. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпы­саяси дебаттарында сөйлеген сөзінде атап өтті.

«Ядролық қаруы жоқ әрбір мемлекетке қауіпсіздіктің заңды тұрғыдан міндетті кері кепілдіктері берілуі тиіс деп санаймыз. Біз «ядролық бес­тік­тің» барлық мемлекеттерін Яд­ро­лық қарудан таза аймақтар тура­лы шарт­тың тиісті хаттамаларын, со­ның ішінде Семей шартын рати­фи­кация­лауға шақырамыз», деді Прези­дент.

Климаттың өзгеруімен күрес мақ­сатында еліміз экономиканы және кәсіпорындарды жаңғырту есебі­нен 2030 жылға қарай парниктік газ­дардың қалдықтарын 15 пайызға азай­туды көздеп отыр. Бұған қоса алдағы бес жыл ішінде елімізде екі мил­лиардтан астам ағаш көшеттерін отырғызуды жоспарланған.

Қорыта айтқанда, жаңа жылда Ақ үйден бастап Ақордаға дейін ау­қымды шаруа күтіп тұр. Осы орайда, халықаралық қоғамдастық бейбіт­шілік пен қауіпсіздікті ту етіп ұстап, індеттен туындаған дағдарысты еңсеретініне сенім мол.