Байқоңырдың тарихы да қызық. Мамандар әуелгіде ғарыш айлағын салу үшін КСРО аумағынан 4 нүктені белгілепті. Ұзақ талқылаудан кейін ғана Қазақстан, оның ішінде Қызылорда облысы таңдалады. 1955 жылдың қаңтар айының ортасында құрылысты бастайтын жұмысшылар бригадасы Төретам теміржол бекетіне табан тіреп, ал 12 ақпанда КСРО Министрлер Кеңесі құрлықаралық баллистикалық зымырандардың сынақ полигонын құру туралы қаулы қабылдайды.
Ғарыш айлағының жанынан бой көтеретін мекенге Ленинск атауы берілді. Әлемде бірінші болып ғарышты игеру талабындағы жұмыстың бәрі жеті құлыптың астындағы құпия тірлік еді. Көпке дейін сырын аша қоймаған әскерилер қаласы 1995 жылы ғана Байқоңыр деп атала бастады. Кеңес Одағы тараған тоқсаныншы жылдар басында ресейлік әскерилер кетіп, жақын маңайдағы Арал, Қазалы аудандарынан келіп, ғарышкерлер қаласынан тұрақ тапқандар көп болды. 1992 жылдың 21 ақпанында жұлдызды шаһарда қазақстандық басқару институты құрылып, республикалық мәртебе иеленген қала құрамына іргесіндегі Ақай мен Төретам елдімекендері енгізілді. Ғарыш кешенін Ресейге жалға беру келісіміне қол қойылған 1994 жылдың желтоқсанына дейінгі екі жарым жыл ішінде қалада қазақстандық мемлекеттік органдар құрылды.
Ал қазіргі Байқоңырдан не байқалады? Жұлдызды қала бізге қашан бет бұрады? Осы күні ғарыш айлағының пайдасы мен зияны туралы жиі айтылады. Әр зымыран ұшқан сайын күн райы күрт құбылып кететіні де байқалады. Бірақ оны зерттеп, зиянын безбендеп жатқан ешкім жоқ. Зымыранның діттеген жерге жетпей, құлдилап кері құлаған кезі де болған. Жеті жыл бұрын болған сондай апаттан кейін қолқаны қапқан ауа Байқоңырдан 200 шақырымнан астам жырақ жатқан Қызылорда қаласына да жеткен еді.
Осыдан біраз жыл бұрын Қызылорда облысының әкімдігі Ресей жалға алған қаладағы білім беру жүйесінің әлі күнге дейін көрші мемлекет бағдарламасына негізделгенін, осының салдарынан ондағы балалардың ҰБТ-ның міндетті пәндері – Қазақстан тарихы, қазақ тілі, қазақ әдебиетін оқымағандықтан, бұл жағдай қазақстандық жоғары оқу орындарына түсуіне көп кедергі болып отырғанын айтқан еді. Жергілікті билік айтқан проблемалар қатарында Байқоңырда тұратын ел азаматтары пәтерлерін жекешелендіре алмайтыны, қаладағы коммуналдық қызмет ақысының қымбаттығы, медициналық қызметтің тапшылығы секілді мәселелер де бар болатын.
Жалға берілген қаланың жағдайын жиі көтеріп жүргендердің бірі – Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы. Жуырда ғана сенатор Байқоңырда қазақстандық стандарт бойынша білім беретін балабақшалар мен мектептердің тапшылығы туралы тағы да айтты. 2015 жылы Қазақстан және Ресей үкіметаралық комиссиясының шешімімен Ресейге қарасты 5 мектеп пен 1 балабақша Қазақстанның қарамағына алынып, балаларға қазақ тілінде білім алуға мүмкіндік жасалған. Былтыр мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша тағы 2 балабақша ашылып, қызмет көрсетілуде. «Бірақ бұл балабақшаларда ана тілінде білім беру мен мектепалды даярлықты толыққанды өткізуде кемшіліктер бар», деді М.Бақтиярұлы.
Бүгінде қаладағы 12 мектептің бесеуі Қазақстанның білім беру стандартына көшірілген. Олардағы оқушы саны 5 236-ға жетіп отыр. Ал РФ бағдарламасы бойынша білім беретін қалған 7 мектепте 3 953 оқушы оқып жатыр. Олардың 1 408-і біздің республика азаматы. Билік өкілдерімен, депутаттармен кездесуде қалалықтар орыс тілінде оқытатын қазақстандық мектепке сұраныстың жоғары екенін ескере отырып сыйымдылығы толық қамтылмаған осы 7 мектептің бірін Қазақстан меншігіне беруді жиі айтады. Бірақ бұл үшін РФ Ағарту министрлігінің келісімі керек.
Қазақстан Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі қызметін қамтамасыз ету басқармасының дерегінше, қазақ балабақшаларының санын арттыру үшін бұрынғы №21 «Василек» балабақшасының ғимаратын РФ жалдауынан шығарып, Қармақшы ауданы әкімдігінің коммуналдық меншігіне беру бағытында жұмыстар атқарылып жатыр екен. Осыдан 4 жыл бұрын облыстық медицина орталығының филиалы болып ашылып, кейіннен ауруханаға айналған «Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасы» ШЖҚ КМК әуелгіде мамандар тапшылығын сезінген. Жыл басынан бері мұнда 19 дәрігер жұмысқа қабылданып, олар қызметтік пәтерлермен қамтылыпты.
Байқоңыр – қымбат қалалардың бірі. Әсіресе, коммуналдық қызмет ақысы аспандап тұр. Жалақысы жоғары РФ азаматтары бұған қинала қоймас, олармен салыстырғанда айлығы жарытымсыз біздің жұртқа осы жағдай аса ауыр тиеді. Мысалы, осы уақытқа дейін ондағылар баллондағы сұйық газдың әр текше метріне 800 теңгеден төлеп келді. Былтыр «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісімге қол қойылып, оның аясында қалада барлық көп пәтерлі тұрғын үйлер газдандырылған. Қазір көгілдір отынның текше метрінің бағасы 20 теңгеден сәл асады. Бірақ өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған, мазутпен жұмыс істейтін қалалық жылу электр стансасының өнімі әлі де қымбат болып отыр. Осыған байланысты алдағы 2 жылда шаһардағы жылу электр стансасын техникалық қайта жарақтандыру жоспарлануда.
Осы жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған 50 пәтерлі тұрғын 5 үйден 200 отбасы баспаналы болды, қазақстандық мемлекеттік құрылымдардың мамандарына қызметтік тұрғын үй ретінде 50 пәтер берілді. Бағдарлама бойынша тұрғын үй құрылысын жалғастыру үшін жоба әзірленді. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, азаматтарымыздың тұрғын үй жағдайын жақсартуға әсер етеді.
Қазір шағын қаланың жағдайы көп өзгерген. Шаһар мен оның іргесіндегі Ақай, Төретам елдімекендері тұрғындарының жағдайын жақсарту үшін қолға алынған бастама көп. Дегенмен де әлеуметтік қамтылуы төмен, жұмысы жоқ, екі қолға бір күрек тапқанмен жалақысы аз Қазақстан азаматтарын басқалармен теңестіру үшін әлі де атқарылар шаруа көп.
Қызылорда