Президент • 05 Қаңтар, 2021

Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды - Президент

475 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Азаттық таңын өз көзімен көрген алдыңғы буын болмаса, кейінгі жастар өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін жете түсіне бермейді. Тәуелсіздікке тағдырдың бере салған сыйы ретінде қарайды. Шын мәніндегі ахуал олай емес. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтты, - деп хабарлайды Egemen.kz

Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды - Президент

«Елбасы сол кездегі саяси, экономикалық, әлеуметтік, демографиялық және басқа да жағдайларға байланысты жеті рет емес, жетпіс рет өлшеп, бір рет кесуге мәжбүр болды. Біз тығырықтан шығар жолдың саңылауы да көрінбейтін қиын күндерден қақтығыс пен қантөгіске ұрынбай аман шығып, ешкімге есемізді жібермей, жаңа сипаттағы Қазақ мемлекетін құрдық. Бүгінгі және болашақ ұрпақ мұны әрдайым біліп отыруы керек. Сол үшін Қазақстанның жаңа тарихын да жүйелі зерттеген жөн», - деді Президент мақаласында. 

Оның айтуынша, Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді. Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп әзірленеді.

«Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы. Бұл іске беделді тарихшыларымызды тарту қажет.

Сонымен қатар, шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынамын. Бұл – қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын әлемге танытудың бірден-бір жолы», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуы тиіс екенін баса айтты.

«Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды», - деген Қасым-Жомарт Кемелұлы мақаласында ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік беретінін атап өтті.