Күзде халқы 85 миллионнан асатын Түркияда болдым. Өзге өңірлерін қайдам, пандемияға қарамастан, жер-жерден туристер ағылған Анталия мен Ыстанбұлда жүріп, еріксіз елімізбен салыстырдым. Біріншіден, екі қалада да тұмша кимеген жанды кездестірмейсіз. Тұрғыны да, турисі де бетпердесіз аяғын аттап баспайды. Себебі тұмша тақпасаңыз, «3 мың лира айыппұл төлеңіз» деп полиция жетіп келеді. Шамамен 150 мың теңгенің көлемі. Көліктің ішінде болсаңыз да, тұмшаңыз мұрныңыздан түспеуі тиіс. Таксиге 3 адамнан артық отыруға рұқсат жоқ. Көлікке отырсаңыз, такси жүргізушісі антисептигін ұсынады. Дәл осы жерде жүргізушіге талап қойылмаған шығар деген ойдамын, бірақ іс жүзінде өзінің де, өзгенің де денсаулығына бейжай қарамаған жауапкершілік жатқандай.
Ірі сауда орындарында міндетті түрде дене қызуы өлшенеді, ал антисептик жаппай қойылған. Бутиктің кіреберісінде қолыңызды сұйықтықпен жуып алыңыз деп ескертіп иілген қыз-жігітке қоса, аяқпен басып қалсаңыз сұйықтық ағатын ыдыстар кірер және шығар есіктерде тұрады. Түркияның барлық үлкенді-кішілі дүкенін, тіпті базарларын араласаңыз, алдыңызда осы көрініс. Халық ағыны қанша болса да әрбір кәсіп иесінен тұтынушылардың денсаулығына зиян келмеуі қатаң талап етіліп, қадағаланады. Эскалаторларда, халық кезекке тұруы мүмкін-ау деген жерлердің барлығында қашықтық сақтауға қажетті белгілер қойылыпты. Ал дәмхана, мейрамхана, отельдердегі тазалық пен қашықтықтың сақталуында мін жоқ. Елге оралар кезде шектеу шаралары күшейіп, түріктердің тәртіпті қалай ұстанатынын көріп тағы таңдандық. Мейрамханалар есігін тарс жауып, тек тапсырыспен қызмет көрсетті. Қашып-пысып, көп болса айыппұлын төлейміз деп жасырынып той, жиын өткізіп жүрген қазекем сол сәтте ойға оралды.
Танысым Ясемин қыздың атастырылуы пандемиядан бұрын өтіпті. Той уақытын белгілеп, дайындалып жатқанда індет басталып кеткен. «Жылдан асты тойымызды күткелі, 15-20 адам ғана жиналуға рұқсат, ал екеуміздің отбасымыздың өзі сондай адам, сондықтан ата-аналарымыз күтіңдер деді. Қашан тойымыз болады, қашан аяқталады мына індет?» деп мұңаяды Ясемин.
Елде бір азамат індеттен көз жұмды. Неден қайтқаны белгілі болса да туысқандарының ұйғарымымен ақ жуылып аруланды. Ал артынан сүйекке түсіп, ауру жұқтырған 4 баланың әкесі қалпақтай ұшты. Бірақ қаралы үйге содан ауырып қалдық деп айтылмады, ал қаза шыққан үй болса одан мүлде бейхабар. Бүгінде дәрігерлер айтқандай, ауру соншалықты жұқпалы емес деп жүр. Сонда жауапкершілік кімде? Негізі сол жасалған дұрыс болмады, 4 баланың әкесі өлімнен қалды, абырой болғанда үйдегі кішкентайларға жұқпады деп бірауыз ескертпеу адамгершілікке сая ма? Әлде жауырды жаба тоқып, аурудың өрістеуіне жол ашу ма? Менің пікірімше, екі тараптың да кінәсі ауыр. Қазақшылықпен ойбай, құрысын естімесін дегеннен көрі, айтылса аурудың қатері турасында санаға сәуле түсер ме еді, тым болмағанда сол әулет мүшелері аурудың қатерлілігіне қарсы уағыз айтып жүрмес еді ғой деп ойлаймын.
Академик Төрегелді Шарманов айтады: «Жақыныңды қаншалықты жақсы көрсең, соншалықты одан алшақ бол. Мұны естіген адам қарама-қайшы ойда болуы мүмкін. Ал, шынында, бұл – нағыз бүгінгінің ақыл-кеңесі. Бір-бірімізге қамқорлық танытып, өзімшілдікке бой ұрмауымыз қажет. Төңірегіңдегі адамдардың аман-саулығына жауапкершілікті толықтай сезінген жөн. Бүгінде жалмауыз індеттен аман қалудың жалғыз-ақ амалы – сақтық шараларын қатаң ұстану. Қазағымның «сақ жүрсең, сау жүресің» деуі қазір өзекті болып отыр».
Жаңа жыл кіргенде «Індет інге кірсін, халық одан құтылып, жайлауға шыққандай жайылып, жадырап жүрер бұрынғы күндер қайта оралсын» деп, әр дастарқанның басында тілек айтылды. Әрине, «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді қазақ. Дәл осы дана халық «Сақтансаң – сақтаймын» дегенді де айтады. Ал біз өзімізді қаншалықты сақтап жүрміз? Той-жиын, садақадан бас тартқан жан аз. Таксилер, жеңіл көлік түгілі қоғамдық автобуста тұмша тағылу ескерілмейді. Көп дүкенде антисептик құтысы бос, әшейін көз-бояуға ғана қойылғандай. Біз тәрізді саны аз халыққа әр азаматтың алтын екенін неге ұғынбаймыз?!.