Бұл – жас тергеуші үшін үлкен табыс. Өйткені алаяқ әйел барынша әккі, адамдардың сеніміне оңай кірген. Сондықтан оны мойындату үшін бұлтартпас заттық деректер мен айғақтарды табу керек болды. Жәбірленушілерде тек қана оның берген қолхаты болған.
Алаяқ әйел жәбірленушілерден «диплом жасап беремін» деп 350 мың теңгеден алып отырған. Университетте әдіскер болып істейтінін айтып, жәбірленушіні жеделдетілген бағдарлама бойынша бір-ақ жылда диплом алуға болатынын айтып сендіреді. «Тек ақысы 350 мың теңге» деген. Өзінің сөзіне сендіру үшін «клиентті» университетке әкеліп, корпустарды аралатып, экскурсия да жасатқан. Тіпті диплом табыс етілетін күнді де айтып, жәбірленушінің күдігін сейілте түскен.
Бұл арада жәбірленушілердің де құқық бұзушылыққа өз еркімен барғандарын айтпай кетуге болмайды. Өйткені олар оңай жолмен жоғары білімнің дипломына оқымай-ақ қол жеткісі келген. Сондықтан олардың көбі ақшаларынан не себепті айырылып қалғандарын полицияға жазып беруден бас тартқан.
Тек 2019 жылдың қазан айында ғана қаланың екі тұрғыны ақшаларын қолды қылған әйелдің үстінен Петропавл қалалық Полиция басқармасына арыз түсірген. Оңай диплом алудың ауылы алыстап кеткенін көрген соң ғана екі жәбірленуші полицияға шағынуға мәжбүр болған. Міне, осы қайшылықты қылмысты ашу жас тергеуші Кәмила Макинаға жүктеледі.
Тұратын мекенжайы, төлқұжатының деректері белгілі болған алаяқ әйелді табу қиынға түскен жоқ. Ол тіпті бой жасыруды да ойламаған. Өз үйінде күйеуі және екі қызымен бірге тұрып жатқан. Талай адамды қан қақсатып, барлығы 20 млн теңгедей қаражатты заңсыз иеленген әйелге мүлде ұқсамайды. Сыпайы, ұстамды 39 жастағы келіншек. «Оны көрген сәтте мен бұл әйелдің алдауына түсіп қалмауды алдымен ойладым. Оның әдептілікпен айтқан өтіріктерін бойыма дарытпауға тырыстым. Егер мен сәл-пәл ғана психологиялық босаңдық жасасам ол мені арбап алар еді», дейді Кәмила Макина.
Осы сәттен бастап жас тергеуші қылмыстың дәлелдері мен деректерін іздеуге кіріседі. Үш айға созылған тергеу нәтижелері бойынша жәбірленушілердің көрсетпелері, заттық айғақтар, ақшаны қай жерде, қай уақытта, қандай жағдайда алғаны және т.б. толық жиналады. Бұлтартпас дәлел әйелді қылмысын толық мойындап, тергеушінің айтқан талаптарын орындауына мәжбүр етеді. «Әйел артынан айлалы әрекеттерінің бүге-шүгесін қалдырмай өз аузынан айтып берді. Нақты деректер мен дәйектерден бұлтара алмай, екі жыл бойы адамдарды қалай алдағанын айтып беріп, қылмысын мойындауға мәжбүр болды. Керісінше, жәбірленушілердің бәрі бірдей жауап беруге құлшыныс танытпады. Бұлтартпас дәлелдерден кейін ғана өздерінің ЖОО дипломын немесе сертификаттарын оңай жолмен алғысы келгендерін мойындады. Жүргізуші куәлігін қайтаруға көмектесемін дегенге ақша төлегендер болған», деді аға лейтенант К.Макина.
Өзіне жүктелген міндетті кәсіби шеберлікпен жоғары деңгейде атқарған жас тергеуші әріптестері арасында зор құрметке бөленді. Оған мерзімінен бұрын «аға лейтенант» шені берілді. «Алаяқтыққа байланысты қылмыстық істерді тергеу аса күрделі. Көп томды бұл істер жұмысты жаңадан бастаған тергеуші үшін оңай болған жоқ. Әрине оған аға буын әріптестері көмектесті. Тергеудің нүктесін қою үшін түн жарымына дейін жұмыс істеп, түрлі адамдардың тағдырымен танысуына тура келді. Мұның бәрі жас қызметкерге өмір мектебіне айналды», дейді өз ойымен бөліскен тергеу бөлімінің бастығы Нұржан Омаров.
Осы уақытқа дейін Кәмила Макина 50-ден астам қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеуін аяқтаған. Қазір ол басқармадағы білікті тергеуші болып саналады.
ПЕТРОПАВЛ