Тарих • 05 Қаңтар, 2021

Сексен жыл кешіккен дерек

653 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атыраудың төл перзенті Сапарғали Мұқалов – Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен жауынгердің бірі. Ол 1920 жылы бұрынғы Гурьев облысы, Бақсай ауданындағы Сарайшық ауылында дүниеге келген екен. Ал 1940 жылғы 22 қазанда Гурьев әскери комиссариатынан Қызыл Армия қатарына шақырылған. Әскери борышын өтеуді Чита облысында бастаған. Жауынгер 1941 жылы Смоленск шайқасына танк дивизиясының құрамында қатысқан. Алайда...

Сексен жыл кешіккен дерек

Былтырғы қазан айына дейін қазақ жауынгері тура­лы еш дерек табылмаған еді. Соғыста хабар-ошарсыз кеткен жауынгердің қайда жерленгені де белгісіз болды. Туыстары оның бір дерегін күтуден жалыққан жоқ. Десек те Сапарғали Мұқаловтың сүйегі Ресей Федерациясындағы Смоленск облысының аума­ғын­да жерленген болып шықты. Сол елдегі «Переправа» отря­ды­ның командирі Наталья Мак­симованың мәліметінше, қа­зан­да Смоленск облы­сының Кардым ауданындағы іздестіру жұ­мыстары кезінде белгісіз жауынгердің тұтынған заттары мен елге жазған хаты табылыпты.

– Жауынгердің медальо­нын­дағы қағазда «Каз. ССР. Гурьевская область, г.Гурьев, Баксайский р-н, посёлка Сарай­чик, получить Ербатыровой Ра­хи­мой» деген жазу ғана бар. Бірақ қағазда жауынгердің аты-жөні жазылмаған. Бұл біз үшін жұмбақ болды. Қазақстандық іздестірушілерден белгісіз жа­уын­гердің туыстарын табуға көмек сұрадық. Кейін 1940 жылдары аталған елді мекенде Ербатырова Рахима есімді жалғыз әйел болғаны анықталды, – дейді «Переправа» отрядының командирі Наталья Максимова.

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жауынгердің батыр еке­ні даусыз. Осы тұрғыдан айт­­қанда,майдан даласында ха­барсыз кеткен батыр сүйе­гі­нің туған жерге оралуына «Переправа» іздеу отрядының командирі Наталья Максимова, Павлодардағы «Майдан жолы» іздеу отрядының командирі Александр Шитов, Атырау облыстық «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозға­лы­сының мүшесі Қуаныш Юсу­пов, облыстық «Былина» орыс этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Андрей Кораблев пен өзге де белсенді азаматтар атсалысты.

– Адамзат тарихындағы қанды қырғын атанған Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ елінен жүз мыңдаған жауын­гер қатысты. Соғыстан орал­маған боздақтардың бірі – Сапарғали Мұқалов. Атыраулық жауын­гердің сүйегі 80 жылдан кейін туған жер топырағына жеткізілді. Оның рухы енді туған жерінің төсінде тыныштық табады, – дейді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Жауынгер дерегін күткен ұрпақ­тарының бірі Марат Үмбет­­әлиев «өшкені жанғандай, жоғалғаны табылғандай» тол­қы­­ны­сын жасыра алған жоқ. Өйткені Сапарғали Мұқаловтың өзінен ұрпақ қалмаған.

– Адамзат баласы туған жері­не туған бойда тамырымен байланады деседі. Арада қанша уақыт өтсе де оларды ажыратпайтын бір тылсым күш бар. Сапарғали Ербатырұлының сүйе­гі­нің туған жеріне жеткізілуі – атамекен мен адам арасындағы байланыстың айғағы, – дейді Марат Үмбетәлиев.

Смоленск даласынан табыл­ған атыраулық жауынгердің сүйегі мұсылмандар қорымына жер­ленді. Ал облыстық тарихи-өлке­тану музейіне оның әскери кас­касы мен құтысы, қаруының штик-пышағы мен белдігінің бөліктері, ауылының мекенжайы жазылған хаты тапсырылды.

 

Атырау облысы