Тарих • 05 Қаңтар, 2021

Таутөбет (Тұқымы құрып бара жатқан қазақы төбеттердің Алтайдағы байқауы)

2188 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жеті қазына қатарындағы иттің қазақы түрі – Таутөбеттің еліміздегі саны қанша? Тұқымы құрып бара жатқан бұл төбеттер қазір кімдердің қолында бар? Айналамызда қазақы төбетті көбейту, баулу ісімен кәсіпқой тұрғыда айналысып жүрген адамдар бар ма? Бұл сауалдар бес жыл бұрын Алтай қазақтары өткізген Қазақы иттер жарысынан кейін көкейден кетпей жүр еді.

Таутөбет (Тұқымы құрып бара жатқан қазақы төбеттердің Алтайдағы байқауы)

Жалпы, ақпарат айдынынан қалыс қалған, қазаққа айтылмай қалған бір дүние – 2015 жылы 4 ақпанда Қытай Халық Республикасындағы жарты миллионға жуық қандасымыз шоғырланған Алтай аймағында өткен, Тұқымы құрып бара жатқан қазақы төбеттер бай­қа­уы.

Орайы келіп тұрғанда, бұ­рынғы қазақтар иттің бұл түрін «Таутөбет» деп таныса, кейінгілер қазақы төбет деп білгенін айта кету керек. Ғылыми атауы да – қазақы төбет.

Аталған шара Алтай айма­ғы­на қарасты Шіңгіл ауданы жерінде ұйымдастырылған. Мұндай байқау бұрынырақ екі рет өткізілген екен, соңғы байқау «3-реткі қазақ төбетінің байқауы» деп аталған.

Байқауға ауданның 3 кенті мен 4 ауылдық округінен асыл тұқымды 40 төбет қатыс­ты­рылған. Байқауға қа­тыс­тырылған 40 төбет байқауға үміткер болған 300-ден астам төбеттің ішінен іріктеліп таңдалған. 300-ден астам төбеттердің ішінен нағыз қазақы мықты 40 төбетті іріктеуде олардың сыртқы дене бітімі, салмағы, бойының биіктігі ескерілген.

Іріктеуден өткен төбет­тер­дің үздігін анықтау бо­йынша төбеттердің жүрісінің жылдамдығы, күш-қуаты, алысу өресі, иесін тыңдау, бойсұну қабілеті, қырағылығы, қарғуы, лақтырылған затты іліп алуы, иесіне селбесіп мал қайыра білу қасиеттері сыналады. Байқауға қатыстырылған қазақы төбет­тер «еркек иттер» және «ұр­ға­шы иттер» деген екі топқа бөлінген еді. «Еркек иттердің қатарында» қазақы төбеттердің асыл тұқымын жинап өсірумен шұғылданатын Шіңгіл ауданы орталығынан келген Мамыр деген кісінің төбеті жеңімпаз атанса, «ұрғашы иттердің қатарында» Арал ауылдық округінің малшысы Әділбек мырзаның төбеті жеңімпаз атанған. Жеңімпаздарға 3 мың юань (195 мың теңге) көлемінде сыйақы берілген. Байқау барысында жүлдегерлерге арнап 12 орын белгіленіп, таңдаулы 40 төбеттің 12-сінің иелеріне жүлделі орын бұйырған.

Аталған шараға өлкелік, аймақтық асыл тұқымды жануарларды зерттеумен айналысатын мамандар шақырылған. Айта кетерлігі, марқұм, этнограф Жағда Бабалықтың жазып қалдыруынша: «Таутөбет – тау, таудай, үлкен, ірі, дәу, кесек дегеннен туған сөз. Таутөбеттер үйшікке жатпайды. Қар немесе мұз үстіне жата салса да, аязға еш тоңбайды. Әлемдегі 116 ит түрі ішінде қазақтың таутөбеті ең ірісі болып табылады. Оның кеудесі, мойны, тұмсығы – жуан, басы, аузы – үлкен, тістері – ірі, езулері салақтап жүреді. Тұмсығы келтелеу болса да, жуан болып келеді. Жүні қалың, ұзын қылшықты. Бас жүні бет-аузын жауып тұрады. Құлақтарын да жүн басып алған. Денесін де қалың түбіт қаптаған. Екінші түрінде жүні сәл тықырлау, алайда түбіті қалың шығады» деген.

Қаламгер, этнограф, жас тарих­шы Көкбөрі Мүбарак Қизатұлының зерттеуінше «Қазақ төбе­тінің отаны – Сыр мен Іле, Балқаш. Қазақ төбетінің шығу тегі – байырғы ит тұқымы мен Тұран жолбарысының будандастырылуынан келіп шыққан. Патшалық Ресей тұсында Тұран жолбарысын арнайы операциялармен аяусыз құртқан соң, Қазақ төбетінің жолбарыспен будандасу мүмкіндігі жоғалып, төбеттер жаппай ұсақталған. Кейінгі уақытта әртүрлі өңірлерден кірген ит тұқымдарымен шатасқан соң нағыз қазақы төбеттің сара тұқымын табу қиынға соққан», дейді.

 

АЛМАТЫ