Сайлау • 05 Қаңтар, 2021

Кәсіпкерлерді қолдау жұмыссыздық мәселесін шешеді

255 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақжолдықтар үгіт-насихаттың жаңа форматына көшті. Партия белсенділері әдеттегідей сайлаушыларды бір жерге жинамай, сайлауалды бағдарлама мәтінін үйге жеткізіп беруге бел байлады. «Есіктен есікке» акциясы аясында партияның ондаған еріктісі Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрғындардың пошта жәшігіне арнайы парақшалар қалдырып жүр.

Кәсіпкерлерді қолдау жұмыссыздық мәселесін шешеді

Егер жергілікті тұрғындар тарапынан сұрақтар туындаса, еріктілер сол жерде пікір алмасып, саяси ұйым ұстанымдарын, сайлауалды бағдарламасын түсіндіруге дайын. «Есіктен есікке» акциясы бір күндік шара емес. Бұл акция үгіт-насихат науқа­нының аяғына дейін жалғасады. Шара со­нымен қатар тек елордада ғана емес, еліміздің барлық өңірінде өткелі отыр.

Партия атынан қалалық мәслихат депу­­таттығына үміткер Серік Түсіпов ерікті­лер­дің қасында болып, тұрғындармен пікір­лесті. Оның айтуынша, кездескен азамат­­тардың көбін толғандыратын бас­ты мә­селе несие жайында болды. Халық кредит мәселесінде халыққа жеңілдік жасалғанын қалайды екен. Естеріңізге сала кетсек, «Ақ жол» партиясы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету үшін ипотека, тұтыну та­уар­лары үшін, шағын және орта бизнес пен халықтың тұтыну қажеттіліктері несие­лерінің пайыздық мөлшерлемелерін 7-8%-дан аспайтын етіп шектеуді ұсынып отыр.

Одан бөлек, кәсіпкерлікті қолдау – жұ­мыс­сыздық мәселесін шешудің, жұмыс орын­дарын құрудың және қазақстан­дық­тарды табыспен қамтамасыз етудің бас­ты құралы деп санайтын партия өкілдері Қарағанды кәсіпкерлерімен кездесті. Үгіт-насихат тобын партия көшбасшысы Азат Перуашев бастап барды.

Қарағанды облысына жұмыс сапары «Британский комфортный квартал» ТК құрылыс алаңында сайлаушылармен кездесуден басталды. Тұрғын үй құрылысы өткен жылдың соңында басталған. Жекелей инвестицияланған нысанды құрылысшылар осы жылдың соңында пайдалануға беруді жоспарлап отыр екен.

«Жаңа үйде 720 пәтер болады. Ны­санда жүзден астам адам жұмыс істейді. Маман­дар­дың барлығы жергілікті тұрғындар, деген­мен жұмыс қолы жетіспейді. Панде­мияға дейін Өзбекстаннан мамандар тартылды, бірақ олар қазір елдеріне оралды. Енді кадр­лар жетіспеуде», дейді құрылыс жетекшілері.

А.Перуашев мұндай компанияларды қолдау қажет екенін атап өтті. «Құрылыс бүгінде экономиканың нақты секторының дамуына әсер ететін басты салалардың бірі болып отыр. «Ақ жол» партиясы – шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдаудың жақтаушысы. Біз инвестицияларды тартудың шынайы стимулдарын енгізу қажет деп санаймыз. «Ақ жол» пандемияның салдарын еңсеру үшін салық­тық рақымшылық жүргізуді, ШОБ-ты тө­лем қабілеттілігі толық қалпына келгенше салықтан босатуды, микробизнес пен өзін өзі жұмыспен қамтыған халықты салықтан босатуды ұсынды. Біз Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесін 4-5%-ға дейін төмендету, кейіннен ЕДБ кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендету мәселесін үнемі көтеріп жүрміз», деп атап өтті ол. Содан кейін Азат Перуашев баста­ған «Ақ жол» үгіт-насихат тобы Қарағанды кәсіпкерлерімен кездесті. Партиялықтар биз­несмендерді өздерінің сайлауалды бағдар­ламасымен таныстырып, оларды толған­дыратын мәселелерді тыңдады. Әңгіме барысында экономикалық заң бұзушы­лықтар, салық салу, мемлекеттік сатып алу саласындағы кедергілер тақырыптары көтерілді.