Аймақтар • 05 Қаңтар, 2021

Түркістанда олимпиадалық стандартқа сай спорттық кешен салынады

267 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан қаласындағы әкімшілік - іскерлік орталығында спорттық кешендері бар ескек есу каналы салынады. Халықаралық талаптарға сай олимпиадалық орталық өңірде қолайлы микроклимат қалыптастырып, туризмді дамытуға сеп болмақ, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістанда олимпиадалық стандартқа сай спорттық кешен салынады

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев су кешенінің жаңа басталған құрылыс алаңында болды. Ескек есу жəне байдарка спорты бойынша олимпиадалық стандартқа сай орталық 100 гектарға жуық алаңда орналасады. Каналдың жалпы ұзындығы – 2222, ені – 260, тереңдігі 4 метр. Толық сараптау жүргізіліп, концепциялық жоба әзірленген. Спорт кешенде қонақүй, веложолақ, бассейн, эллинг, каноэге арналған пирстер, көрермендерге арналған табло, трибуналар, аралдарды қосатын көпір және тағы басқа нысандар орналасады.

Сонымен қатар облыс әкімі драма театрының, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың,  6,7 және 8 қабатты 14 тұрғын үйдің, екі даңғылды қосатын жаңа көпірдің жобаларымен танысты. Жұмыс барысын баяндаған жауапты мердігерлерге нақты тапсырмалар беріп, жобаларға өзгерістер енгізді. Қала іргесінде орналасқан дендробақта, яғни 27 гектар жасыл аумақта сан түрлі жеміс ағаштары мен көпжылдық өсімдік түрлері өсіріледі. Акация, талшын, катальпа, эльдар қарағайы, қара және қырым қарағайлары, шынар сынды 12 000 ағаш түрі егілуде. Өмірзақ Естайұлы егілетін көшет санын көбейтіп, жасанды көлдің көлемін үлкейтуді тапсырды. Сондай - ақ, облыс әкімі "Керуен сарай" кешенінде болды. Инвестициялық жоба алдағы наурыз айында толық аяқталып, ел игілігіне берілмек.