Экология • 05 Қаңтар, 2021

Мағзұм Мырзағалиев: Экологиялық туризмді дамыту қажет

320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев экологиялық  туризмді дамыту жайында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мағзұм Мырзағалиев: Экологиялық туризмді дамыту қажет

«Туризмдегі өркениетсіз көзқарас біздің табиғатымызға, бірегей табиғи объектілерімізге кері ықпалын тигізеді. Барлығымыз бұған сан рет көз жеткіздік. Сондықтан экологиялық, ұйымдастырылған туризмді дамыту қажет. Ал Қазақстанда экотуризмнің әлеуеті зор. Мемлекет басшысы ел ішіндегі экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамытудың маңыздылығын атап өтті. Жұмыс басталып та кетті», деді министр.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда он үш ұлттық парк бар. 2019 жылы келушілер саны 1,5 млн адам болды.

«Бүгінгі күні ұлттық парктерде көлік үшін жабдықталған тұрақтар, кемпингтер, жаңа санитарлық кабиналар мүлдем жеткіліксіз. Біз халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, негізгі назар маршруттар мен соқпақтарды дамытуға және жабдықтауға аударылатын болады. Заманауи визит-орталықтар, медициналық пункттер, кемпингтер, этно-ауылдар және т.б. құру көзделіп отыр», деді ол.

Министрі осыған байланысты тиісті мастер-жоспарлар әзірленіп жатқанын сөз етті.

«Қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ұлттық парктер жанында Қоғамдық кеңестер құрылды. Алматы тобының Ұлттық парктерінде: Іле Алатауы, Шарын,  «Алтын Емел» және «Көлсай көлдерінде» экотуризмді дамыту Концепциялары әзірленіп, олардың презентациялары өткізілді», деді М. Мырзағалиев.

Бұдан басқа, ол қалған барлық ұлттық парктерде экотуризмді дамыту бойынша тиісті концепциялар әзірленіп жатқанын айтты.

«Министрлік Біріккен Ұлттар ұйымының даму бағдарламасымен бірлесіп ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың туристік маршруттарға және экологиялық жолдарға рекреациялық жүктемені анықтау жөнінде әдістемелік ұсынымдар әзірлеп жатыр. Жалпы алғанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда экологиялық туризмнің дамуы, ең бастысы, ел азаматтарының табиғатты қорғауға, туристтерге қауіпсіз және қолайлы жағдай жасауға, жергілікті тұрғындарды қызмет көрсету саласындағы жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге әкеледі», деді ол.