Қоғам • 05 Қаңтар, 2021

Елордада су басудың алдын алу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр

127 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов «Жастар» ауданындағы тазарту қондырғысының құрылысымен арнайы барып танысты. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада су басудың алдын алу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр

«Құрылыс жүргізіп, инженерлік желілерді тарту барысында жауын-шашын кәріздері мен коллекторларды да ұмытпаған жөн. Оларды тазартып, қараусыз қалған жауын-шашын кәріздері мен арық жүйесін балансқа алып, жауын-шашын құбырларына заңсыз жалғануды анықтап, т.с.с. жұмыстарды жоспарлы түрде жүргізу керек.

Жарты жыл ішінде өткізу қабілетін жақсарту мақсатында 54 шақырым коллектор, 4 мың қақ суын жинау және қадағалау құдығы, 32 мың погометр арық жүйесі тазартылды. Арықтар мен құдықтардан шығарылған қоқыстың өзі 2,5 мың тоннаны құрады, жасалған мұндай жұмыстар жетіп-артылады. Жауын суы ағатын құбырларға 230 үй-жайдың заңсыз жалғанғаны анықталды. Бұл жұмыстар тұрақты атқарылып келеді», деп жазды Алтай Көлгінов.

Ол сөзін жалғай отырып, «Жастар» ауданындағы, яғни Тәшенов пен Амман көшелерінің қиылысындағы тазарту қондырғысының құрылысы жауын-шашын коллекторларының реконструкциясын да көздейтінін айрықша атап өтті. Айтуынша бұл жоба екі кезеңде жүзеге асырылатын болады.

«Бүгінгі аралау барысында «Жастар» ауданындағы (Тәшенов пен Амман көшелерінің қиылысы) тазарту қондырғысының құрылысымен таныстым. Бұл құрылыс келіп тұрған жауын-шашын коллекторларының реконструкциясын да көздейді. Бұл жобаны біз екі кезеңде жүзеге асырамыз.

Бірінші кезеңі - былтырғы күзде басталды. Бұрын қалдық су өзенге тікелей ағызылып, оны ластап, қала экологиясына кері әсерін тигізетін. Жоспарымыз жүзеге асқан соң, енді жаңбыр мен қар суы Есілге ағызар алдында тазартылатын болды», — деді қала әкімі.

Алтай Көлгінов биылғы көктемде бұл жоспардың екінші кезеңі аяқталатынын атап өтті.

«Нәтижесі — келіп тұрған жауын-шашын коллекторларының реконструкциясы болмақ. Жаңа қондырғылардың қуаты тәулігіне 42 мың текше метр болады. Бұл қондырғылар Тәшенов, Бараев, Уәлиханов, Иманбаева және Республика даңғылын суға кетуден сақтайды.

Қондырғылар жер астымен жүргізіліп, ал үстіне - кіші архитектуралық мүсіндермен көмкерілген әрі жасыл желекті сквер саламыз.

Сонымен бірге, Б. Момышұлы көшесіндегі айтулы проблемалы жерге жауын-шашын кәріз жүйесінің магистралдық коллекторының құрылысы аяқталды. Жаңа қондырғы қазіргі жауын-шашын кәріздерінің өткізу қабілетін 1,5 есеге арттырады», — дейді әкім.

Ал Тельман тұрғын алабының тазарту қондырғылары мен магистралды коллекторының өткізу қабілеті тәулігіне 36 мың текше метр болмақ.

«Жоба жүзеге асқан соң - осы алаптың және № 27 көшенің құрылыс жүруі мүмкін аумақтарынан қақ суын ағызып әкету мүмкін болады. Бұған қоса, біршама тазарту қондырғылары мен жауын-шашын кәріздері басқа жерлерге де салынды. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді», деп жазды Алтай Көлгінов.