Спорт • 05 Қаңтар, 2021

«Жетісу» футбол командасына бас бапкер тағайындалды

347 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Футболдан Талдықорғанның «Жетісу» командасына бас бапкер тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жетісу» футбол командасына бас бапкер тағайындалды

Бұл қызметке қазақстандық маман Константин Горовенко келді. Ол бұған дейін Қарағандының «Шахтер» командасында бас бапкер қызметін атқарды.

К.Горовенко 1977 жылдың 10 ақпанында Жамбыл облысының Жаңатас қаласында дүниеге келген. Кәсіби футболдағы алғашқы қадамын 1995 жылы Алматының «Қайрат» командасында бастады.

Одан кейінгі жылдарда Талдықорғанның «Жетісу», елордалық «Астана», Алматының «Алма-Ата», «Мегаспорт», Алматы облысының «Сұңқар» клубтарының намысын қорғады. Соңғы жылдарда бапкерлік қызмет атқарып келеді.

Өткен жылы Қарағандының «Шахтер» клубының тізгінін ұстап, Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінде қарағандылықтар төртінші орынға тұрақтады.

Команда биыл жаңа турнир UEFA Конфедерация кубогында ел намысын қорғайды. Естеріңізге сала кетелік, бұған дейін «Жетісу» командасында бас бапкер қызметін қазақстандық маман Дмитрий Огай атқарды. Команда былтыр ел біріншілігінде алтыншы орынды місе тұтты.