Пікір • 05 Қаңтар, 2021

Ерлан Қарин Президент мақаласына үн қосты

438 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы мемлекетіміздің болашақ сұлбасын қалыптастыруда қуатты идеологиялық негіз болады. Мұндай пікірді ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Карин білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz

Ерлан Қарин Президент мақаласына үн қосты

«Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Іс жүзінде бұл мақала Тәуелсіздіктің 30 жылдығы жылын ашып, осынау межелі жылға бағыт берумен қатар, басты жұмыстарға екпін береді. Президент Қазақстанның егемен дамуының өткен отыз жылдығындағы негізгі қорытындысын шығарып, жаңа кезеңдегі даму басымдықтарын айқындайды. Ол төртінші онжылдықтың басты мақсаты ретінде әділ қоғам мен тиімді мемлекет құруды айқындап берді. Бұл ретте елдің кез келген жетістігі барша азаматтың шынайы игілігімен өлшенуі тиістігіне тағы бір мәрте баса мән беру Қасым-Жомарт Тоқаевың мақаласына тән. Бұл Президенттің Мемлекет басшысы лауазымындағы барлық шешімдеріне негізделген түбегейлі сенімдерінің бірі», деді ол.

Оның атап өтуінше, Президент мақаласында көптеген жаңа идея мен ұсыныстар бар. Олар гуманитарлық ғылымды дамыту, тарихи сананы қалыптастыру, мемлекеттік тілдің рөлі, этносаралық келісімді сақтау және жастарды қолдау сынды салаларды қамтиды. Осы ретте Ерлан Карин Мемлекет басшысының саяси жаңғыру жөнінде айтқан сөздеріне ерекше назар аударады.

«Президент реформаларды ақылға қонымды әрі жүйелі жүзеге асыру қажеттігін ерекше атап өтті. Дегенмен, оны соза беруге болмайтындығын да ексертті. Қасым-Жомарт Тоқаев билік халық алдындағы жауапкершілігін барлық уақытта сезінуі тиістігіне назар аудартты. Осыған орай Мемлекет басшысы алғашқы рет ауыл әкімдерін сайлаудан кейін, аудан әкімдерін сайлау өтетіндігін айтты. Бұл тетік іс жүзінде өзінің тиімділігін көрсететін болса, онда келесі деңгейдегі әкімдерді сайлауға көшу туралы шешім қабылданатын болады. Шын мәнінде бұл бүгінгі мақаладағы ең негізгі тезистердің бірі», деді Президент көмекшісі.

Сонымен қатар ол мемлекеттігіміздің жаңа тарихи кезеңіндегі Қазақстан Президентінің мақаласы болашақтың сұлбасын қалыптастыратын қуатты идеологиялық негіз болатындығын баса айтады.