Оқиға • 06 Қаңтар, 2021

«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында іс қызу

456 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында бірнеше ірі жобаның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Солардың бірі, индустриялық-модульдік құрылыс бағытындағы ModeX зауыты. Осылайша, Қазақстанда алғаш рет индустриялық модульдік үй құрылысы технологиясын енгізу басталды.

«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында іс қызу

kursiv.kz

Бұл құрылыс мерзімін төрт есе қысқартуға мүмкіндік беріп қана қоймай, тұрғын үйдің өзіндік құнын едәуір төмендетіп, сапасын арттырады. Сондай-ақ тұрғын үйді ел азаматтары үшін барынша қолжетімді ете отырып, республиканың тұрғын үй саласын түбегейлі өзгертеді.

Аталған кәсіпорын темірбетон бұйым­дарын – блок-бөлмелер шығара­ды, одан LEGO конструкторы қағидаты бойынша тұрғын үйлер немесе әлеу­меттік инфрақұрылым нысандары салы­нады. Әзірге зауыттың бірінші кезегі енгізілді. Оның өндірістік қуаты – 200 мың шаршы метр. 2 және 3-кезек енгізілгеннен кейін қуат 1000 шаршы метрге дейін артады.

Индустриялық модульдік үй құ­рылы­сының жоғары экологиялық таза болуына керамзитбетонның қолда­нылуы және шаңды жұмыстардың зауыт цехында жүргізілуі септесіп отыр. Жылу және шу оқшаулау қасиет­терінің сапалық көрсеткіштеріне қос қабырғалар, едендер мен төбелер есебінен қол жеткізіледі. Айта кететін жайт, бұл технология Германияда аз қабатты құрылыс үшін және Сингапурде 30-40 қабатты тұрғын үй мен коммерциялық ғимараттар үшін белсенді қолданылады.

Сонымен қатар мұндай зауытты Алматыда да салу жоспарланып отыр. «Алматы – еліміздің ірі қаласы. Модульдік технология осы өңірде заманауи және қолжетімді тұрғын үй салуды жаңа деңгейге көтеретініне сенімдіміз. Қазір біз бірқатар тәжіри­белік зерттеулер жүргізіп жатырмыз», дейді Modex даму жөніндегі директоры Азат Әділхан.

Сондай-ақ, биыл әлемді жайлаған пандемияға байланысты барлық қиын­дық­тарға қарамастан, бетон және газоблок өндіретін «Баракат Инвест» зауыты цемент және гипс негізінде құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру цехын ашты. Енді зауытта гипстық сылақ, құймалы еден, газоблок пен кафельге арналған желім шығарылады. Өндірісте жергілікті, қазақстандық шикізат пайдаланылады. Мысалы, Қабанбай батыр ауылынан құм, Волгодоновка мен Аршалы ауылдарынан қиыршық тас жеткізілмек. Өндірісті кеңейту арқылы қосымша 10 жұмыс орны ашылды. Жақын арада 2-ші желіні іске қосу жос­парланып отыр.

Бұдан бөлек, полиэтилен, полипропилен құбырларын, сондай-ақ пенополиуретанды оқшаулауда металл жылу оқшаулағыш құбырларын шығаратын Kerim Plastic Pipes зауыты ашылды. Ал Central Beton Company жаңа кәсіпорнында тәулігіне 3 мың текше метр бетон өндіріледі. Сондай-ақ, компанияның теміржол тұйығында қоймасы бар, онда бір мезгілде 3 мың тоннаға дейін цемент сақтауға болады. Кәсіпорын өнімі Нұр-Сұлтан қаласында және Ақмола облысының аумағында таратылады.

«Болашақ 2019» ЖШС-де медици­налық бетперделер өндірісі іске қосылды. Кәсіпорын дайын өніммен елорда халқын қамтамасыз етеді және еліміздің барлық өңірлеріне жеткізеді.