Олжас Ордабаев құрылыс материалдарын шығаратын жергілікті компанияның жұмысшыларымен кездесті. Депутаттыққа кандидат ADAL партиясының негізгі мақсаттары, міндеттері туралы айтып, Аdalpartiyasi.kz сайтының қызметтері жайында сөз қозғады. «Сіздің аймағыңыздың проблемалары» сервисін талдап, мүмкіндіктерін түсіндірді. Ондағы деректер кездесуге қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Компания қызметкерлері мемлекет аймақ тұрғындарының зейнетке шығу жасын қайта қарауы керектігін алға тартты. «Тек менің отбасымда төрт буынның проблемасы бар. Жақында әкем қайтыс болды, туыстарым онкологиядан көз жұмды. Мұның бәрі ядролық полигонның залалының салдары. Бізде 70 жыл – ұзақ өмір сүру жасы болып саналады, елестетіп көріңізші? Зейнеткерлік жасты қайта қарау қажет», деді азаматтардың бірі.
О.Ордабаев Агробизнес және экономика колледжінде жастармен және оқытушылармен кездесу кезінде қатысушылар партияның сайлауалды бағдарламасының білім беру блогына назар аударды. Олар мұғалім мәртебесіне тоқталып, барлық санаттағы ұстаздар үшін ерекше мәртебе алудың маңыздылығын атап өтті. «Биыл мұғалімдер мәртебесі туралы заң қабылданды, бірақ ол көбінесе мектеп мұғалімдеріне қатысты. Мұғалімдерді бөліп-жаруға болмайды, әркімнің лайықты мәртебесі болуы керек дейміз. Бұл ойдан шығарылған нәрсе емес. Біз бұған қол жеткізе аламыз», деді партия өкілі.
Колледж оқытушылары білім беру ұйымдарын қаржыландырудың жеткіліксіздігі мәселесін айтты. Сонымен қатар дуалды оқыту проблемасын атап өтті. Мұғалімдер практикалық сағаттардың санын көбейтуді сұрап отыр.
Көп балалы отбасылармен және кәсіпкерлермен өткізілген кездесулерде тұрғындар бірқатар түйткілді мәселені көтерді. Оның ішінде тұрғын үйдің жетіспеушілігі, алғашқы төлемге қаражаттың тапшылығы, пәтер алуды жеңілдететін жаңа жағдайларды әзірлеу қажеттілігі сынды мәселе бар. Сонымен қатар тұрғындар бизнеске арналған гранттарды бөлудің ашықтығын қамтамасыз етуге ниет білдірді. «Жер өте көп, бірақ оны сатып алу мүмкін емес, ал жалға алу өте қымбат. Әкімдік жер учаскелерін пайдалануға мүлдем мүмкіндік бермейді», деп шағымданды кәсіпкерлердің бірі.
Дәулет Мұқаев партияның веб-сайты арқылы белгілі бір аймақта мемлекет қаржысының неге жұмсалатынын нақты көрсетті: «Бюджет қаражаты жергілікті халықтың нақты проблемалары мен қажеттіліктерін ескере отырып, жұмсалуы керек», деген ол партияның ұстанымы осыған саятынын айтты.
Талдықорғанда Мәжіліс депутаттығына үміткер Ләззат Шыңғысбаева да кәсіпкерлермен және жастармен кездесулер өткізуді жалғастырды. Ол қаланың орталық базарының қызметкерлерімен жүздесті. Кәсіпкерлер партия бірқатар мәселені шешуге үлес қосса деген тілектерін білдірді. Олардың пікірінше, медициналық сақтандыру қорына аударымдар тек ерікті түрде жүргізіліп, жас ұрпақ үшін жаңа жастар саясаты іске асырылуы керек. Оның шеңберінде, ең алдымен, жұмыспен қамту және өз-өзіне қызмет көрсетуді жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктер жасау қажет.