26 жастағы Сыр бойының сайыпқыраны әуесқой бокста да өз мықтылығын дәлелдеген. 75 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ол үш мәрте Қазақстан біріншілігінде топ жарып, 2017 жылы Бакуде өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарында жеңімпаз атанды. Одан кейін қандасымыз екі бірдей аса ірі халықаралық додаларда жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтсақ, 2019 жылы Бангкокта Азия чемпионы атанса, дәл сол жылы Екатеринбургте әлем чемпионатының қола медалін мойнына ілді.
Т.Құлахметтің кәсіпқой боксқа ауысқанына әлі бір жыл болмаса да, ол бүгінге дейін екі жекпе-жек өткізіп үлгерді. Алғашқы айқасында Сағадат Рахманқұлды техникалық нокаутпен жеңсе, екінші кездесуінде британиялық боксшы Маклей Макгоуэннен ұпай санымен басым түсті. Сондай-ақ британиялықпен өткізген жекпе-жегінде WBC International белбеуін иеленді.