Хоккей • 06 Қаңтар, 2021

Жылды жеңіспен бастады

146 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Хабаровскіде «Амур» клубымен өткізген «Барыс» бул­лит сериясы бойынша жеңіске же­тіп, жанкүйерлерін қуантты.

Жылды жеңіспен бастады

«Барыс» клубы үшін жаңа жылдағы алғаш­қы бәсеке табысты әрі нәтижелі аяқ­талды. Сегіз гол соғылған ойында қазақ­стан­дық команданың айы оңынан туды. Кез­десудің есебін алғаш қонақтар ашты. 13-минутта Мэттью Фрэттин «Барысты» есепте алға шығарса, бірінші кезең соңына дейін айдын иелері екі шайба соғып, таразы басын өздеріне аударды. 14-минутта Александр Полунин, 17-минутта Дмитрий Лугин гол соқ­ты. Екінші кезеңнің орта тұсында «Амур» ойын­шысы Михал Йордан мергендігімен көзге түсіп, таблодағы көр­сет­кішті 3:1-ге жеткізді. Арада бірер минут өткенде Павел Акользин (33-минут) есеп айыр­масын қыс­қартса, Роман Старченко (34-минут) таразы басын теңестірді.

Үшінші кезеңде командалар тағы да бір-бір шайбамен алмасты. Алғаш 52-минутта «Амур» сапынан Сергей Терещенко коман­дасының төртінші голын соқса, іле-шала Никита Михайлис есепті 4:4-ке жеткізді. Ал қосымша уақытта жағдай өзгермеген соң, барлық мәселе буллит сериясында шешілді. Нәтижесінде, екі мәрте нәтижелі соққы жаса­ған Роман Старченко «Барысқа» жаңа жыл­дағы алғашқы жеңісті сыйлады. Екі команда бүгін тағы да өзара бақ сынайды.