Аймақтар • 06 Қаңтар, 2021

Бөкей ордасында жаңа спорт кешені салынды

312 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданының орталығы Сайхын селосында дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бөкей ордасында жаңа спорт кешені салынды

160 адамға арналған ғимаратта күрес, бокс, баскетбол және волейбол, үстел теннисі секілді үйірмелер жұмыс жасайды.

Жаңа жылдың алғашқы аптасында пайдалануға берілген ғимараттың ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.

«Ұлтжанды ұрпақты тәрбиелеуде спорттың маңызы ерекше. Кеңес дәуірінде осындай шалғай ауылдарға аса назар аударылмағаны белгілі. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде ауданға табиғи газ құбыры тартылды. Елбасының тапсырмасына сәйкес облыс орталығымен жалғастыратын жол салынуда. Өңірде Қарашығанақты игеріп жатқан «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясының қаржысына әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Соның бірі – осы дене шынықтыру-сауықтыру кешені», деді өңір басшысы.

Құны 428 миллион 531 мың теңге тұратын заманауи спорт ғимараты 1274.1 мың шаршы метр алаңда орналасқан.

Кешеннің ашылу салтанатында Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов Құрылысқа жауапты мердігер «Наурыз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен тапсырыс беруші «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг БиВи» компаниясы басшыларына аудан тұрғындары атынан алғыс хат тапсырды.