Хоккей • 07 Қаңтар, 2021

«Амурдан» айласын асыра алмады

157 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) ке­зекті тур ойынын Хабаровскіде «Амур» клубымен өткізген «Барыс» екін­ші кез­десуінде ірі есеппен жеңіліп қалды.

«Амурдан» айласын асыра алмады

Екі команда арасындағы алғашқы бә­секеде жерлестеріміз негізгі уақытта мұз ай­дын иелерімен 4:4 есебімен тең түсіп, буллит сериясында қарсыластарының алдын орап кеткен болатын. Арада екі күн өткеннен кейінгі қарымта кездесуге «Амур» ойыншыларының жеңілістен сабақ алып, тыңғылықты дайындықпен келгені бірден байқалды. Яғни кездесудің алғашқы екі кезеңінде «Барыс» қақпасына жауапсыз төрт шайба соқты. Бірінші 20 минутта Кирилл Рассказов (10-минут) пен Гинек Зогорна (18-минут) көзге түссе, екінші кезеңде Гинек Зогорна (22-минут) дубль авторы атанды. Ал 33-минутта Александр Горшков командасының төртінші шайбасын соқты.

«Амур» ойыншылары төрт шайбамен шектеліп қана қоймай, үшінші кезеңде тағы бір гол салды. «Барыстың» бос қалған қақпасын Владимир Бутузов дәл көздеп, кездесудің нүктесін қойды. Екі кезең бойы гол соға алмаған қонақтар тек үшінші кезеңде бір голмен қарымта қайтарды. Шайба авторы – Даррен Диц. Осылайша, жерлестеріміз қарымта матчта «Амурдан» 5:1 есебімен оңбай жеңілді.