Аймақтар • 07 Қаңтар, 2021

Алматының орталығындағы тарихи ғимараттар қалпына келтіріледі

622 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов Алматының тарихи орталығында «нүктелі» құрылысты тоқтату шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматының орталығындағы тарихи ғимараттар қалпына келтіріледі

Тарихи орталықта «нүктелі» құрылыс салуды реттеу, сондай-ақ тоқтату мақсатында қала әкімдігі қаланың коммуналдық меншігіне тарихи орталықтың шекарасы шегінде игерілмеген 24 жер учаскесін сатып алуды ұсынды.

Олардың екеуі Алматы қаласының проблемалық несиелер қорынан жер беру арқылы қала қорына ауысты. Бұл Абылайхан – Құрманғазы, Панфилов – Шевченко ауданында.
А. Ахмеджанов Алматының тарихи орталығында «нүктелі» құрылысты тоқтату туралы шешім туралы айта келе, бұл ұзақ әрі ауыр жол болғанын атап өтті.

«Біз терең талдау жүргіздік. Қолданыстағы заңнаманың талаптарын ескерместен бір нәрсе алу, өзгерту және тоқтату мүмкін емес еді. Бас жоспарды түзетудің аяқталу кезеңінде қолданыстағы заңнамада қолдануға болатын барлық материалдар жиналды және терең талдау жүргізілгеннен кейін Алматы қаласының әкімі қаланың орталық бөлігіндегі сәулет-құрылыс қызметін реттеу үшін тиісті тапсырма берді», - деді А.Ахмеджанов.

Оның айтуынша, соңғы екі жылда Алматының тарихи орталығында нысандар салуға рұқсат берілмеді, олар тек кері қайтарылды, ал құрылыс тоқтап қалды. Қазір бұл жер учаскелері мемлекет меншігіне алынатын болады. 2018 жылға дейін салына бастаған нысандар аяқталу сатысында.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес тарихи орталықтағы ескі үйлерді қалпына келтіру кезінде, егер олар тарихи орталықтың өзі қалыптасқан жылдар қағидаты бойынша салынған болса, ғимараттардың қасбеттері қалпына келтірілетін болады. Тарихи орталықта биік ғимараттар салуға тыйым салынады. Бос жер учаскелеріндегі бұрын бұзылған тарихи ғимараттар біртіндеп қалпына келтіріледі. Мысалы, Панфилов-Төле би көшесінде үш қабатты ғимаратты – бұрынғы министрлікті, кейін институт пен кәсіпкерлік қызмет нысанын қалпына келтіру ұсынылды. Сондай–ақ, Қазыбек би-Қалдаяқов қиылысындағы бұрын «8 марта Советское» деп аталған Сәулетшілер Одағының екі қабатты ғимаратын қалпына келтіру ұсынылады.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласының әкімдігі Қаланың бас жоспарына сәйкес тарихи орталықтың шекарасын анықтаған болатын.