Төтеннен келген індетті, экономикалық-әлеуметтік ауыртпалықты айтпағанда, жыл аяғында Ресей Думасының кейбір депутаттары Қазақ жеріне қатысты жөнсіз пікір айтып, алаш азаматтарының намысына тиген-ді. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі аталған мәселеге орай қарсылық нотасын жолдағанымен, көрші елдің тұлғалары тарапынан айтылған пікір толастай қойған жоқ. Өз кезегінде бұл қазақ қоғамында наразылық туғыза бастаған-ды.
Мемлекет басшысы «Егеменде» жарық көрген мақаласында территория мәселесін ғана емес, көпшіліктің көкейінде жүрген сансыз сауалға, тұтас қоғамды толғандырған көкейкесті проблемалардың түйінін тарқатып берген. Түйдек-түйдек қордаланған проблеманың тінін бүгін тарқатпаса, ертең әлеуметтік әділетсіздікке ұласпасына кім кепіл? Қазірдің өзінде ұлттық болмыс-бітім төңірегінде түсінбестік белең ала бастағаны белгілі. Заманға сай адамның өзгергені қалыпты саналып, тәуелсіздік үшін күрескен ата-баба дәстүрі мансұқталып жатқан жайы да бар. Мәселен, жаһанданудың себебінен сырттан неше түрлі жат ағымдар, мәдени экспансиялық күштер еніп жатыр. Тіпті жеке-дара ұйымы арасындағы еркін үгіт-насихат жүргізгендерін айтпаған күннің өзінде, бүгінде олар ұлттық телеарналарға сыналай еніп, өз танымын көрермендерге тарату үстінде. Біз төл мәдениетімізді, ұлттық дәстүрімізді экспортқа шығармақ түгілі, шетелдік мәдениеттің экспансиясына қауқар көрсете алмай отырмыз. Идеологиялық тұрғыдан ұлттың иммунитетін бекемдеп алмасақ, зардабы ауыр болатыны сөзсіз. Діни тұрғыдан да, мәдени тұрғыдан да идеологиялық «алуан түрлілік» саналарды улай бастағалы қашан. «Сондықтан жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі», деді өз мақаласында Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз мақаласында қоғамдағы өзекті проблемалардан хабардар екендігін көрсете отырып, оны шешудің жолын нұсқады. Ендеше «ұлттық болмысымыздан ажырап қалмау» үшін Үкімет тарапынан сындарлы да шұғыл шаралар қабылдануы тиіс. Әрине, ұлт мәселесіне қатысты шаруаның басы-қасында ұлттың мәдениетінен жан-жақты хабары бар, санасы басқа дінмен, ділмен уланбаған, жанашыр азаматтар жүргені абзал.
Мемлекет басшысының мақаласында билік тарапынан бұрын-соңды мән берілмеген біраз мәселенің басы қайырылыпты. Соның бірі – ашаршылық мәселесі. Баспасөз бетінде де отызыншы жылдарғы ашаршылық айтылғанымен, жиырмасыншы жылдарғы ашаршылық туралы мәселе көп қозғала бермейтін-ді. Тәуелсіздік туралы әңгіме қозғалғанда азаттық үшін арпалысқан ұлттың тағдыр-талайы сөз болуы заңды да. Қазақстан Президентінің мақаласында қозғалған ашаршылыққа қатысты жайттар бүгінгі азшылығымыздың «арғы тегі» ашаршылықта жатқанын тайға таңба басқандай етіп түсіндіріп береді. «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді».
Ащы да болса ақиқат! Бірақ тарихтың тегершігін кері айналдыра алмайсың! Тек өткеннен сабақ алу керек. Ақын Қадыр Мырза Әліше толғар болсақ, «Көп халық жоғалмайды көптігімен, Мықты болмай болмайды ал біздерге!»
Төрткүл дүниеде аумағы жағынан тоғызыншы орын алатын ел халқының аздығы кейбіреулердің территория төңірегінде астамшыл пиғылын білдіруіне себеп болатыны бар. Өткендегі есімдері еске алуға тұрмайтын Дума депутаттарының саяси ұпай жинау бағытында айтқаны осының бір дәлелі де. «Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «сыйға тартылған жерге» қатысты империялық пиғылдың арынын осылай басты. Халқының сөзін айтты. Жер мәселесіне келгенде ұлттың пайым-парасатынан, шешімінен басқа ешқандай шешім болмайтынын шегелеп айтты. Президент осы мақаласы арқылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асып жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ұлттық қауіпсіздік – кез келген мемлекеттің басты міндетінің бірі. Оның үстіне тоталитарлық жүйеден қалған «жарылғыш-саналарды» сауықтырамын дегенше, демографиялық өсімді өз арнасына жеткізем дегенше біршама уақыт керек. Олай болса, шекара шебіндегі босап қалған ауылдарды жанға толтыру Үкіметтің алдағы күндергі басты шаруасы болмақшы. Президенттің өзі осылай дейді бағдарламалық мақаласында: «Уақыт ұттырмай қолға алып, дәйекті түрде іске асыратын тағы бір шаруа бар. Халықтың қалалық жерлерге жаппай көшуі салдарынан көптеген ауылдарда, әсіресе, шекара маңындағы елдімекендерде тұрғындар саны күрт азайды. Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұған қоса соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз».
Қалың қазақтың ортасында жұмыссыз, баспанасыз отырып, жұмыссыз екендігіне билікті кінәлайтындар бар. Басына баспана, жұмыс тауып беріп жатса да теріскей өңірге барғысы келмейді. Солтүстікке барып тамырын жайып, ұрпақ өсіріп, еңбек ету де ұлт қауіпсіздігін бекемдеуге қосқан үлес болмақ. Тәуелсіздіктің тұғырлы болуы, қауіпсіздіктің мызғымастығы тек мемлекетке ғана байланысты емес, ол азат елдің әрбір азаматына тікелей қатысты.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылға уақыт ішінде атажұртқа оралған қандастарымыздың саны миллионнан асты. Ортамыз тола түсті. Ендігі жерде Президент айтқандай, кідіріп қалған көшті қайта жандандыра түсу қажет. Алыстағы ағайынның атажұртқа оралуы айбынымызды асырып, мәртебемізді биіктете түсері анық.
Халық санының өсімі әлемнің тоғызыншы территориясы үшін қазіргі кезде басты мәселе екені белгілі. Ендеше Үкімет демографиялық дүмпуді, көп балалы отбасыларын әлеуметтік тұрғыдан қолдау шараларын шұғыл қолға алуы тиіс. Отбасылық құндылықтарды насихаттау, жас отбасыларды әлеуметтік қолдау халықтың өсіміне ықпал ететіні сөзсіз. Қазақстан Президентінің мақаласынан осындай оптимистік ой түйдік. Ел ертеңін ойлаған басшы халқымен ашық әңгімелесе отырып, жоспарымен бөліседі. Ашық әңгіме екі арада сенім ұялатады. Қасым-Жомарт Кемелұлының ағынан ақтарылып: «Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс» деген тұжырымын әрбір қазақстандық бір сәт санасынан өткізгені абзал. Сонда ғана тәуелсіз мемлекет пен ұлт ажырамас ұғым екендігін анық түсінуге болады.
P.S. Тарих сахнасына шыққалы бері қазақ халқы мың өліп, мың тірілді. Құдайға шүкір, ғасырлар бойы азаттық үшін күрескен бабалардың арманы орындалып, Қазақ елі тәуелсіздік алды. Осылайша, Алаш жұртына «мың бірінші мүмкіндік» беріліп отыр. Бәрінен қымбат қазынамыз баянды да мәңгілік болсын!