Маңызды науқанда қарт жауынгер аудан орталығындағы №155 сайлау учаскесінде алғашқы болып дауыс берді. Ардагер бұған дейінгі сайлау науқандарында да өз белсенділігімен көзге түсіп жүрген болатын.
«Сайлау – мемлекеттің әрбір азаматының өз болашағы үшін таңдау білдіру құқығы. Мен барлық сайлауда осындай белсенділік танытып келемін. Алғашқылардың бірі ретінде таңдау жасаймын. Бүгін де сол әдетімнен жаңылған жоқпын», деді Яхия Тасыров.
Майдангер қария саяси науқанның сәтті өтуіне ақ батасын да берді. «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Яхия Тасыров 1922 жылы Сырдария ауданы А.Тоқмағанбетов ауылында дүниеге келген. Сталинград, Беларусь, Курск қалаларын, Польшаны азат етуге қатысқан. Майдангер 120 жауынгерден құралған автоматшылар ротасында болған.
Сұрапыл соғыс кезінде оң аяғына оқ тиген. Елге келгеннен кейін орта мектепте әскери даярлық пәнінен сабақ берді. Одан кейінгі жылдарда еңбегі Тереңөзек, Жалағаш аудандық май зауыттарында жалғасты. Беріде отын дайындау мекемесінде жұмыс істеп, 1981 жылы зейнеткерлікке шыққан.