Президент • 10 Қаңтар, 2021

Мемлекет басшысы Индонезия президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

216 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев Sriwijaya Air ұшағының апатынан қаза болғандарға байланысты Индонезия Президенті Джоко Видодаға Қазақстан халқының және өз атынан көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Индонезия президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

– Жантүршігерлік апатта жақындарынан айрылған отбасылардың ауыр қайғысына ортақпын. Жаратушы олардың қайғыларын жеңілдетіп, қазаға ұшырағандардың жанын өзінің мейірімімен жарылқасын, – делінген жеделхатта.

Еске салайық, кеше Индонезияда Sriwijaya Air әуе компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Индонезия үкіметінің мәліметінше, бортта 65 адам болған, оның 53-і жолаушы (10 бала) және 12 экипаж мүшесі. Boeing 737-524 ұшағы Жакартадан ұшып шыққаннан соң 4 минуттан кейін теңізге құлаған. 2018 жылы Жакартада тағы бір ұшақ апаты болған еді. Lion Air әуе компаниясына тиесілі Boeing 737 MAX 8 әуе кемесі теңізге құлап, борттағы 189 адам қаза тапты.