Аймақтар • 10 Қаңтар, 2021

Жамбылдықтар сайлауға белсенді қатысуда

143 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін еліміз бойынша сайлау өтуде. Сайлауға Жамбыл облысының тұрғындары да белсенді түрде қатысуда. Облыс бойынша дауыс беруге арналған барлығы 492 сайлау учаскесі құрылған. Олар қажетті ұйымдастыру техникаларымен жабдықталып, телефон байланысы мен интернетке қосылған, деп хабарлайды Egemen.kz

Жамбылдықтар сайлауға белсенді қатысуда

Сондай-ақ, Жамбыл облыстық сайлау комиссиясында 5 партияның филиалдарынан 206 мандатқа 523 кандидат тіркелген. Оның ішінде «Nur Otan» партиясынан 390 кандидат, «Ауыл» партиясынан 44 кандидат, «Ақ жол» партиясынан 44 кандидат, «Адал» партиясынан 31 кандидат және «Қазақстанның Халық партиясынан» 14 кандидат бар. Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты барлық сайлау учаскелерінде санитарлық талаптар қатаң сақталуда. Сондай-ақ учаскелік және аумақтық комиссиялардың жұмысына 3,8 мыңнан астам адам қатысуда. Сайлау учаскелеріндегі дауыс беру процесін 6500-ден астам бақылаушы бақылауда. Оның құрамында саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері бар.

Өңірдегі сайлау учаскелері жұмысын таңғы сағат 7:00-де бастады. Бақылаушылардың айтуынша, алғашқы сағаттардан-ақ азаматтар сайлауға қатысуда жоғары белсенділік танытқан. Сонымен қатар, жамбылдықтар тұрғындарды сайлауға белсенді қатысуға және шет қалмауға шақыруда. Сайлауға қатысушылар бүгін ерекше күн екенін, мемлекеттің саяси бағыты әр сайлаушының дауысына байланысты екенін жеткізуде. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бірінші проректоры Ержан Әмірбекұлы бұл сайлау елдің саяси жүйесінің жаңаруын, сондай-ақ, Қазақстанды демократияландыру мен жаңартуға деген ұмтылысын көрсететінін атап өтті.

Сонымен қатар Байзақ ауданы, Бурыл ауылының тұрғыны Үміт Башатов: «Бұл кез-келген азамат үшін болашақтың негізін қалауға үлес қосатын аса маңызды оқиға. Мен Қазақстанның одан әрі дамуға жетелейтін реформалар жолымен жүретініне сенімдімін», дейді.

Ал Талас ауданы, Қасқабұлақ ауылының тұрғыны Сулхадин Мұстафаев еліміздің кез-келген азаматы дауыс беруге құқылы екенін, дауыс беру арқылы тұрғындар өркендеу, ұлтаралық келісім және тұрақтылықты нығайту жолын таңдайтынын жеткізді.