Аймақтар • 10 Қаңтар, 2021

Сайлауға байланысты Таразда қоғамдық көліктер тегін жүргізілуде

213 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін, яғни 10 қаңтар Парламент Мәжілісінің және түрлі деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарын сайлау күні. Еліміздің әрбір азаматы өз таңдауын жасауға құқылы. Бұл ретте сайлаушылар үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Мәселен, Тараз қаласы бойынша жалпы саны 125 сайлау учаскесі белгіленген, деп хабарлайды Egemen.kz

Сайлауға байланысты Таразда қоғамдық көліктер тегін жүргізілуде

Облыс орталығындағы сайлаушылар саны 255 мыңнан асады. Тараз қаласы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі таңда барлық сайлау учаскелері саяси науқанға сақадай-сай. Учаскелерде санитарлық талаптар сақталып, қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар тараздықтардың сайлау учаскесіне еш кедергісіз жетуі және дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында бұл күні қаладағы қоғамдық көлік жолаушыларды тегін тасымалдайды. Таңғы сағат 07:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін қалалық автобустар жолаушылардың тегін тасымалын жүзеге асырады.

Айта кету керек, қоғамдық көліктер бағдары қалыпты кесте бойынша қатынайтын болады. Яғни олардың қозғалыс сызбасына ешқандай өзгерістер енгізілген жоқ.

Әйткенмен, автобустар қысқартылған режимде жұмыс істейді. Ал, елдегі эпидемиялық жағдайды ескере отырып, қоғамдық көлік қызметін пайдаланатын азаматтардың медициналық бетперде тағу режимін және әлеуметтік қашықтықты сақтауы қатаң талап етіледі.