Қазақстан • 10 Қаңтар, 2021

Алматы: Артық бюллетень салынғаны туралы ақпарат жалған

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы Аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова қалалық учаскелердің бірінде сайлау жәшігіне бюллетеньдерді артығымен салу туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Еgemen.kz

Алматы: Артық бюллетень салынғаны туралы ақпарат жалған

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін белгілі сайтта сайлау учаскелерінің бірінде сағат 12:00 шамасында әжейдің сайлау жәшігіне бес немесе сегіз дана бюллетень салғаны айтылған болатын.

«Аталған сайттың журналисті өрескел құқықбұзушылықты тіркеп, комментарийде фотоайғақты келтірген. Біз тез арада жағдайды қарастыра бастадық. Біріншіден, Алматы қаласында мұндай кабиналар жоқ, біздегі кабиналар жіңішке, ашық көгілдір түсті перделермен жабдықталған. Екіншіден, сайлау учаскесінің бейнесі шындыққа жанаспайды, өйткені фотодағыдай стендтер алдында перде жоқ», деп түсіндірді Жанна Асанова.

Өңірлік сайлау комиссиясының төрайымы сайлау процесінен ақпарат таратып жатқан журналистерді абай болуға шақырды.

«Сайтта орналастырылған фотосурет шындыққа жанаспайды. Жалған ақпарат деп толық сеніммен айтуға болады. Сонымен қатар, аталмыш сайлау учаскесінде orda.kz тілшілері болған жоқ, олар, тіпті, сайлау процесіне қатысушы ретінде тіркелмеген. Мен бұл сайтқа ақпарат бөгде дереккөздерден түскен деп ойлаймын, сондықтан сайлау процесінің барлық қатысушыларына, алматылықтарға ақпаратты таратпас бұрын оның шынайылығына көз жеткізуіңізді сұраймын. Бұл жағдай болмаған оқиғаны болды деп, жалған ақпаратты сенімді фактіге қалай айналдыруға болатынын көрсетеді. Сондықтан, әріптестер, әсіресе, журналистер алдарыңызға қандай ақпарат келмесін бірінші тексеріп алуды дағдыға айналдырсаңыздар. Мұндай келеңсіздіктер сіздің де, біздің де беделімізге нұқсан келтірмек. Біздің сайлаушылар алдындағы жауапкершілігіміз – барлығына сенімді ақпарат беру», деп қорытындылады Жанна Асанова.