Өкінішке қарай, қазір халықтың осы талғамы мен талабынан біздің билік орындары да, сайланбалы органдар да толық шығып тұрған жоқ. Әсіресе депутаттар өз міндетін толығымен атқарып отыр деп айтудың өзі артық. Сондықтан бүгінгі сайлаудан күтетін үміт көп. Қоғамның әрбір мүшесі ата-баба қасиетіне тән адалдық, мәдениетті, қоғамды алға бастыратын, тұлғасына қарап бой түзейтін жандардың халық сөзін ұстағанын қалайды. Парламентте, мәслихаттарда ойы да, сойы да биік, сөзі де, ісі де ірі, қолы мен жүрегі таза адамдар отырса деген үмітім бар.
Оның үстіне биыл тұңғыш рет қоғамдық ұйым ретінде кәсіподақ мүшелері сайлау науқанына бақылаушы ретінде қатысып жатыр. Біздің салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподақ ұйымының өзінен Батыс Қазақстан облысында 40 шақты бақылаушы бүгін сайлау учаскелерінде отыр. Еліміздің ертеңгі күніне ерекше ықпал ететін саяси науқанның ұйымшылдықпен өтуін тілеймін.