Аймақтар • 10 Қаңтар, 2021

Алматы облысында дауыс берушілер үлесі 60 пайыздан асты

203 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау науқаны түстен кейін қыза түсті, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматы облысында дауыс берушілер үлесі 60 пайыздан асты

Мәселен, таңғы 7.00 мен 13.00 сағат аралығында Алматы облысындағы сайлаушылардың 30 пайызы дауыс берсе, түс ауа бұл көрсеткіш 60 пайызға жеткен.

Түске дейін сайлаушылардың арасында жастар белсенді болса, қазір орта жастағы тұрғындар дауыс беру үшін учаскелерге келіп жатыр. Олардың қатарында үйден дауыс берген соғыс және еңбек ардагерлері де бар.

Мәселен, Ақсу ауданында тұратын Гаврил Моисеев сол қатардан. Бір ғасырға жуық жасаған қарт аймақтағы санаулы соғыс ардагері ретінде ел құрметіне бөленген. Бүгін Гаврил Степанович тұрғылықты мекен жайы бойынша үйінен дауыс берді. Жалпы, аудандық сайлау комиссиясына үйден дауыс беруге 86 өтініш келіп түскен. Осы сәтке дейін 24 609 адам дауыс беріп үлгерді.

Сондай-ақ, Панфилов ауданында тұратын еңбек ардагері, 101 жастағы әже Нағиман Шалабаева да өз үйінде дауыс берді. 12 баланы тәрбиелеп, өсірген кейуана бүгінгі күнге дейін қанша рет дауыс бергенін білмесе де, әрқашан саяси науқаннан еш қалған емес. Және осы өңірдегі еңбек ардагері, Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанова апа да заңды таңдау құқығын үйінде жасады.

«Биыл ерекше жыл болды. Сайлау кезінде көппен болушы едім. Енді үйден шықпай дауыс бердім. Әр азамат міндетті түрде дауыс беруі керек. Бұл еліміздің болашағын таңдауға берілген мүмкіндік», дейді Еңбек Ері.