Аймақтар • 10 Қаңтар, 2021

Жаңғырудың жаңа кезеңі

299 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сайлау науқаны аясындағы үгіт-насихат жұмыстарынан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үнемі хабардар болып отырдым. Бұрынғыға қарағанда партиялардың белсенділігі, ортақ мәселелерді шешу бағытындағы ізденістері ерекше екендігі байқалады. Бұл өте дұрыс, өйткені, партиялар арасында бәсекелестік күшейген сайын олар елге жақын болуға тырысады, жаңа идеялар ұсынып, оны орындауға ерекше мән береді. Жергілікті жұртпен етене араласатын мәслихат депутаттарының да партиялық тізім бойынша сайлануы олардың ел алдындағы жауапкершілігін еселеп арттыра түседі.

Жаңғырудың жаңа кезеңі

Бұл науқанның тағы бір ерекшелігі пандемия жағдайында өтіп жатқандығы ғой. Соған орай санитарлық талаптарға баса мән беріліп, үйден дауыс беретіндер үшін де барлық жағдай жасалғанына көз жеткіздік.  

Жалпы кез келген мемлекеттегі саяси жүйе уақыт талабына сай жаңарып, толығып отыруы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда биылғы сайлаудағы жаңалықтарды жұрт жақсы қабылдады деген ойдамын. Енді елдің сенімін аяқ асты етпеу үшін партиялар да барын салады, өз орталарынан қазіргі талаптарды терең түсініп, соны шешу жолында ұтымды ұсыныс, пайымды пікір білдіре алатын лидерлерді сайлайды деп сенемін. 

Жалпы бұл сайлау елдің ертеңге деген сенімінің көрінісіндей болды. Ал оны ақтау халық қалаулысы атануға талап қылған барлық азаматқа сын.

 

Бақберген ДОСМАМБЕТОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері, 

экономика ғылымдарының докторы, профессор,

Ұлттық ғылым акдемиясының корреспондент мүшесі