Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Олардың айтуынша, сайлау байқаушылары 1 қаңтардан бастап дайындықтан өткен. Оларды дайындау үшін барлық өңірде тәжірибелі тренерлер онлайн және офлайн тренинг, семинарлар өткізді, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының өкілдері де атсалысқан. «Бүгін сағат 07:00-ден бастап республика бойынша 9 559 сайлау учаскесі ашылып, байқаушыларымыз жұмысын бастады. Байқаушыларды 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап дайындадық. Байқаушылар құрамына Кәсіподақтар федерациясы, Қазақстан Азаматтық альянсы және 2000-нан астам үкіметтік емес ұйым өкілі кірді. Байқаушылардың жалпы саны – 19 650», дейді Сайлауды бейпартиялық байқау орталығының басшысы Бану Нұрғазиева.
Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешов байқаушылардың жұмыс барысы туралы айтып берді. «Сағат 09:00-де республикалық штаб облыстық штабтардан ақпарат жинап қойды. Сайлау учаскелерінде байқаушылар әртүрлі нұсқада жұмыс істеді. Мысалы, бір сайлау учаскесінде бір байқаушы күні бойы жұмыс істесе, тағы бір сайлау учаскесінде түске дейін бір байқаушы, түстен кейін екінші байқаушы ауысып отырды. Кейбір сайлау учаскесінде үш байқаушыдан жұмыс істеді. Екі сағат сайын ақпарат таратып отыруға тырыстық», дейді ол.
«Кәсіподақтар федерациясының республикалық штабының мәліметінше, құқық бұзушылықтардың көбі адами факторға байланысты болған. Оның ішінде бір отбасы болып кабинкаға кіріп кету сияқты оқиғалар кездеседі. Дегенмен олар сайлау процесіне аса қатты кедергі жасайтын кемшіліктер емес», деді Нұрлан Өтешев.
Республикалық штаб ақпаратына сүйенсек, сайлау учаскелеріндегі кейбір байқаушылар әріптестерімен сөзге келіп қалған жайттар да анықталған. «Кейбір байқаушылар өздерінің наразылығын көрсете ме, әлде басқадан білімді екенін танытқысы келе ме, әйтеуір басқа байқаушыларға өздерінің іс-әрекетімен кедергі жасағаны мәлім болды. Осындай жағдай бір емес, бірнеше облыста тіркелді. Оған да бәріміз баға беруге дайынбыз. Ең біріншіден, аймақтардан түсіп жатқан мәліметтерге сүйенсек, аса үлкен заңбұзушылық жоқ. Азаматтар дауыс беру құқығын толық пайдаланды», деді Н.Өтешев.
Сайлауды бейпартиялық байқау орталығының жетекшісі, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева сайлаушылардың белсенділігі жоғары болғанын мәлімдеді.
«Бұрын да айтып өткенімдей, бүгін Қазақстанның бүкіл аумағында Бейпартиялық байқау орталығының байқаушылары елдегі сайлау науқанына қатысты. 10 мыңға тарта сайлау учаскесінде шамамен 20 мың байқаушы жұмыс істеді. Осы ретте келесі мәселелерді атап өтер едім: менің және әріптестеріміздің ойынша, осы сайлауда сайлаушылардың белсенділігі жоғары болды», деді Бану Нұрғазиева Сайлауды бейпартиялық байқау орталығында өткен баспасөз мәслихатында.
Орталық басшысының айтуынша, кеше өзі де түске дейін елордадағы №60 сайлау учаскесіне барып дауыс берген және сол кезде азаматтардың кезекте тұрғанын көріпті. «Бүгінгі таңда біздің қолдағы мәліметке сәйкес, тізімде тіркелген сайлаушылардың жартысынан көбі дауыс беріп үлгерген. Осы орайда заңбұзушылықтың да тіркелгенін атап өту керек. Нақтырақ айтқанда, кей сайлаушылардың тұтас отбасы үшін дауыс бергісі келгендері кездесті. Одан бөлек саяси партиялардың өкілдері дауыс беруге келген кезде тағып келген маскаларында партияларының жазуы тұратын жағдайлар да болды. Сондай-ақ провокациялық сипаттағы әрекеттер де қылаң берді. Мәселен, кейбір байқаушының өз әріптестерімен сөз таластырып, кедергі келтіргісі келетіндері болды. Менің ойымша, мұндай әрекеттер байқау барысына зиянын тигізеді», деді ол.
Осы ретте Бану Нұрғазиева нақты мысал келтіре кетті. Оның айтуынша, Петропавл қаласындағы №587 сайлау учаскесінде Қазақстан жастары ақпарат қызметінің (МИСК) өкілі байқаушылардың бәріне кедергі келтіріп, бейнетүсірілім жүргізіп, сайлау барысына қатысты дауыстап пікір білдіре бастаған. Байқаушылардың, сайлау комиссиясы төрағасының ескертуін елемеген. Осыған байланысты байқаушылар бірігіп акт толтырып, комиссия төрағасынан оны сыртқы шығаруды өтінуге мәжбүр болған.