Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
10 қаңтар күні таңғы сағат 07.00-ден бастап ел азаматтары Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлауға ағылды. Еліміздің барлық өңірінде учаскелер ашылған сәттен бастап Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) сайлау барысы туралы өзекті ақпаратты жариялап отырды. Кезең-кезеңімен брифингтер ұйымдастырылып, екі сағат сайын хабар таратылды.
ОСК мүшесі Асылбек Смағұлов хабарлағандай, астана уақытымен сағат 7.00-де 12 өңірде 8 141 сайлау учаскесі дауыс беруге кіріскен.
Сондай-ақ 12 шет мемлекеттегі Қазақстан Республикасының өкілдіктері жанындағы 12 сайлау учаскесі дауыс беруге сақадай сай болған.
Республикада барлығы 10 060 сайлау учаскесі бар. Соның ішінде 66 сайлау учаскесі – 53 елде Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанында ашылған.
47 учаскеде дауыс беру ертерек, таңғы сағат алтыда басталды.
Қазақстан Республикасының аумағындағы уақыт айырмашылығына сәйкес 5 өңірде – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында дауыс беру астана уақытымен сағат 8.00-де басталды.
Мәжіліс сайлауына елімізде тіркелген 5 саяси партия, атап айтқанда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, Nur Otan партиясы, ADAL саяси партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Қазақстанның Халық партиясы» депутаттық мандаттан үмітті. Бұл партиялар барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға да өз кандидаттарын ұсынған. Мәжіліске 5 партиядан барлығы 312 кандидат, оның ішінде: «Ауыл» партиясынан 19, Nur Otan партиясынан 126, ADAL партиясынан 16, «Ақ жол» партиясынан 38 және «Қазақстанның Халық партиясынан» 113 адам бар. Ал жергілікті мәслихаттарға 832, оның ішінде «Ауыл» ХДПП-дан – 158, Nur Otan партиясынан – 216, ADAL СП-дан – 215, «Ақ жол» ҚДП-дан – 174, «Қазақстан Халық партиясынан» 69 үміткер тіркелді.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров елорда уақытымен сағат 8.00-де облыстардың, Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларының сайлау комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес республикадағы барлық 9994 сайлау учаскесі мен шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасы өкілдіктерінің жанындағы 17 сайлау учаскесі дауыс беруге кіріскенін мәлімдеді. Шетелдердегі 49 сайлау учаскесі уақыт айырмашылығына байланысты жұмысына кірісті.
Кешегі сайлауда ең бірінші болып Оңтүстік Кореядағы Корё университетінде оқитын Қазақстан азаматы Аделина Алпамыстың дауыс бергені белгілі болды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
ОСК мәліметіне сәйкес, сайлаушыға өзге өңірде дауыс беруге мүмкіндік беретін барлығы 10 599 есептен шығару куәлігі берілген екен. Осы куәлік арқылы өз сайлау учаскесіне бара алмаған азаматтар өзге ел, қала не ауданда орналасқан учаскеде дауыс бере алды.
Ал сайлаушылар тізімдерінің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жергілікті атқарушы органдар мен сайлау комиссиялары бірлесе атқарды. Тізімге Қазақстан бойынша барлығы 11 915 903 сайлаушы енген.
Сағат 10.00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың жалпы санының 11,6 пайызы дауыс бергені хабарланды. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаевтың атап өтуінше, бұл уақытта дауыс беру көрсеткіші Ақмола облысы бойынша – 10,2, Ақтөбе облысы бойынша – 9,9, Алматы облысы бойынша – 11,3, Атырау облысы бойынша – 10,3, Батыс Қазақстан облысы бойынша – 12,7, Жамбыл облысы бойынша – 12,8, Қарағанды облысы бойынша – 10,4, Қостанай облысы бойынша – 11,2, Қызылорда облысы бойынша – 10,3, Маңғыстау облысы бойынша – 8,7, Павлодар облысы бойынша – 14,0, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 14,9, Түркістан облысы бойынша – 13,3, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 12,1, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 10,8, Алматы қаласы бойынша – 9,7, Шымкент қаласы бойынша 14,4 пайызды құрады.
Келесі сағаттарда дауыс берушілер саны екі есеге артты. ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова сағат 12.00-де сайлау бюллетеньдерін тізімге енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 28,8% алғанын мәлімдеді. Жергілікті сайлау комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес сайлаушылар Ақмола облысы бойынша – 26,6, Ақтөбе облысы бойынша – 25,6, Алматы облысы бойынша – 28,5, Атырау облысы бойынша – 29,8, Батыс Қазақстан облысы бойынша – 32,2, Жамбыл облысы бойынша – 32,1, Қарағанды облысы бойынша – 33,5, Қостанай облысы бойынша – 30,1, Қызылорда облысы бойынша – 28,9, Маңғыстау облысы бойынша – 23,7, Павлодар облысы бойынша – 33,1, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 34,2, Түркістан облысы бойынша – 33,1, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 29,9, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 24,2, Алматы қаласы бойынша – 15,7, Шымкент қаласы бойынша 34,1 пайыз дауыс берген.
Биылғы сайлаудың әлемді жайлаған пандемия кезінде өтуі жағдайды күрделендіргені белгілі. Сайлаудың барлық талаптарға сай өтуінен бөлек, халық денсаулығына да баса мән берілді. Оған сәйкес қабылданған қауіпсіздік шаралары туралы Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов баяндады. Сайлау комиссиясы мүшелері мен келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік арақашықтықты сақтау, кіреберісте термометрмен дене қызуын өлшеу, сайлаушылардың жүру бағытын көрсететін белгілер қою және комиссия мүшелеріне 3 сағат сайын маска ауыстыру секілді шаралар қарастырылды. Сондай-ақ байқаушылар мен БАҚ өкілдері де бұл талаптарды орындауы шарт.
«Эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес 2021 жылғы 5 қаңтардағы жағдай бойынша тәуекелі жоғары және орташа аймақтарда («қызыл» және «сары аймақта») болған сайлау комиссиясының барлық мүшесі, байқаушылар, өңірлердегі сенімді адамдар ПТР әдісімен COVID-19-ға зертханалық тексеруден өтті», деп атап өтті Ерлан Қиясов.
Түстен кейін, сағат 14.00-дегі брифингте еліміздегі сайлаушылардың 43,9 пайызы таңдауын жасағаны белгілі болды. ОСК мүшесі Ерлан Дауылбаев атап өткендей, Ақмола облысы бойынша – 41,3, Ақтөбе облысы бойынша – 41,1, Алматы облысы бойынша – 43,0, Атырау облысы бойынша – 37,3, Батыс Қазақстан облысы бойынша – 47,5, Жамбыл облысы бойынша – 55,1, Қарағанды облысы бойынша – 51,6, Қостанай облысы бойынша – 49,9, Қызылорда облысы бойынша – 48,7, Маңғыстау облысы бойынша – 36,0, Павлодар облысы бойынша – 51,1, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 58,2, Түркістан облысы бойынша – 46,6, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 48,8, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 37,0, Алматы қаласы бойынша – 21,9, Шымкент қаласы бойынша 44,5 пайыз сайлаушы дауыс берген.
Ал сағат 16.00-де сайлаушылардың жартысынан астамы дауыс беріп үлгерді. ОСК хатшысы Сәбила Мұстафинаның дерегіне сәйкес, ел бойынша барлығы 52,5 пайыз адам, өңірлер бойынша: Ақмола облысы бойынша – 56,9, Ақтөбе облысы бойынша – 45,6, Алматы облысы бойынша – 58,0, Атырау облысы бойынша – 45,6, Батыс Қазақстан облысы бойынша – 53,5, Жамбыл облысы бойынша – 63,4, Қарағанды облысы бойынша – 58,8, Қостанай облысы бойынша – 62,4, Қызылорда облысы бойынша – 60,9, Маңғыстау облысы бойынша – 43,3, Павлодар облысы бойынша – 57,8, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 62,4, Түркістан облысы бойынша – 53,6, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 62,0, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 41,1, Алматы қаласы бойынша – 25,3, Шымкент қаласы бойынша 49,2 пайызы таңдау жасады.
Сайлауды республика бойынша отандық байқаушылармен қатар, шетелдік байқаушылар да белсенді бақылады. Жергілікті байқаушылардың құрамына Кәсіподақтар федерациясы, Қазақстанның Азаматтық альянсы және 2000-нан астам үкіметтік емес ұйым мүшесі қатысқан. Сайлау барысын бақылауға барлығы 19 650 жергілікті байқаушы атсалысты.
Еліміздегі парламенттік сайлауға шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар халықаралық сарапшылар да ден қойды. Дүние жүзіндегі күрделі ахуалға қарамастан өтіп жатқан сайлауға шетелдік байқаушылар жоғары баға беріп, Қазақстандағы саяси науқанның өзге мемлекеттер үшін айтарлықтай маңызға ие екенін мәлімдеді. Саяси шара күні бірнеше сайлау учаскесінде болған Еуропалық Парламенттің депутаты Фульфио Мартушелло сайлаушылардың дені түске дейін дауыс беріп үлгергенін, халық сайлауға ерікті түрде қатысқанын айтты. Сарапшы мұны халықтың болашақ алдындағы жауапкершілікті жете сезінгені деген баға берді. Сондай-ақ халықаралық сарапшылар сайлаушылардың көптеп келуі халықтың пандемиядан кейін қалыпты өмірге түсе бастағандығын көрсетеді деген пікір білдірді.
Халықтың дауыс беру көрсеткішіне оралсақ, сағат 18.00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың 58,2 пайызы дауыс берген. Өңірлер бойынша: Ақмола облысында – 65,1, Ақтөбе облысында – 52,4, Алматы облысында – 66,5, Атырау облысында – 51,1, Батыс Қазақстан облысында – 57,7, Жамбыл облысында – 68,3, Қарағанды облысында – 65,2, Қостанай облысында – 69,1, Қызылорда облысында – 67,9, Маңғыстау облысында – 49,1, Павлодар облысында – 64,5, Солтүстік Қазақстан облысында – 69,8, Түркістан облысында – 59,9, Шығыс Қазақстан облысында – 67,2, Нұр-Сұлтан қаласында – 44,0, Алматы қаласында – 27,7, Шымкент қаласында 53,2 пайызы таңдау жасаған.
Сағат 20.00-де еліміздің 12 өңірінде дауыс беру аяқталды. Орталық сайлау комиссиясының дерегіне сәйкес астана уақытымен сағат 20:00-де еліміздің 12 өңіріндегі 8 144 сайлау учаскесі жабылды. Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында дауыс беру тағы бір сағатқа созылды. Сонымен қатар Қазақстанның шетелдердегі өкілдіктері жанынан ашылған 10 сайлау учаскесінде сайлаушылар дауыс беріп болды. Шетелдегі 56 учаскеде дауыс беру жалғасуда. 11 қаңтар күні Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы сағат 07:00-де Америка Құрама Штаттары мен Канададағы Қазақстан азаматтары дауыс беруді аяқтайды.
Сағат 20.00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың жалпы санының 63,1 пайызы сайлау бюллетеньдерін алған. ОСК дерегіне сәйкес, дауыс беру көрсеткіші Ақмола облысы бойынша – 72,8, Ақтөбе облысы бойынша – 57,7, Алматы облысы бойынша – 73,5, Атырау облысы бойынша – 55,5, Батыс Қазақстан облысы бойынша – 61,5, Жамбыл облысы бойынша – 72,2, Қарағанды облысы бойынша – 70,7, Қостанай облысы бойынша – 71,8, Қызылорда облысы бойынша – 72,7, Маңғыстау облысы бойынша – 54,0, Павлодар облысы бойынша – 71,3, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 75,5, Түркістан облысы бойынша – 65,8, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 72,4, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 45,1, Алматы қаласы бойынша – 30,3, Шымкент қаласы бойынша 56,5 пайызға жетті.
21.00. Еліміздің барлық өңірінде сайлау учаскелері жабылып, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарына дауыс беру аяқталды. Орталық сайлау комиссиясы астана уақытымен сағат 20.00-де еліміздің 12 өңірінде, ал сағат 21.00-де 5 өңірде сайлау учаскелері жабылғанын мәлімдеді. Осылайша, кезекті сайлау науқанына орай ашылған 12 өңірдегі 8 141, 5 өңірдегі 1 853 сайлау учаскесі жұмысын аяқтады. Сонымен қатар Қазақстанның 53 шет мемлекеттегі өкілдіктері жанынан ашылған 66 сайлау учаскесінің 10-ында сайлаушылар өз дауыстарын беріп болды.
Бұл күні Сыртқы істер министрлігінің де шетелдердегі сайлау барысы туралы ақпарат таратқанын айта кеткен жөн. Ведомство әлем елдерінде ашылған сайлау учаскелері, дауыс беруге келген Қазақстан азаматтары туралы ақпаратты дер кезінде БАҚ өкілдеріне беріп отырды. Қазақстанның шетелдердегі мекемелерінде консулдық есепте 11 мыңнан астам азамат тіркелген. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев ОСК-да өткен брифингте мәлімдеді. «Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері жанынан дүние жүзінің 53 мемлекетінде 66 сайлау учаскесі құрылды. Әлемнің әртүрлі елдері COVID-19 пандемиясына байланысты шекараны жабу, көлік қатынасын тоқтату, коменданттық сағат, локдаун және карантин сияқты шектеу шараларын енгізуіне қарамастан, аталған барлық сайлау учаскелеріне бюллетень және басқа да сайлау атрибуттары уақтылы жеткізілді», деп атап өтті Ш.Нұрышев.
Мұнан басқа сайлаушылардың дауыс беруіне кейбір мемлекетте орын алған табиғи апаттар мен ел ішінде жүріп-тұруға енгізілген шектеулер де қиындық туғызған. Консулдық есепке тұрған азаматтардың басым бөлігі Ресей, Түркия, Қытай, Чехия, Ұлыбритания, Өзбекстан, БАӘ және Қырғызстанда шоғырланған. Хорватия, Бразилия, Словакия, Таиланд, Индонезия, Түрікменстан, Үндістан, Израиль, Пәкістан және Омандағы сайлау учаскелерінде азаматтар аз тіркелген. СІМ өкілі шетелде жүрген 4 532 Қазақстан азаматы дауыс бергенін мәлімдеді.
Орталық сайлау комиссиясының сағат 22.00-дегі соңғы дерегіне сенсек, тізімге енгізілген сайлаушылардың 63,3 пайызы өз таңдауын жасаған. Дауыс беру көрсеткіші Ақмола облысы бойынша – 72,8, Ақтөбе облысы бойынша – 58,8, Алматы облысы бойынша – 73,5, Атырау облысы бойынша – 56,4, Батыс Қазақстан облысы бойынша – 62,4, Жамбыл облысы бойынша – 72,2, Қарағанды облысы бойынша – 70,7, Қостанай облысы бойынша – 71,8, Қызылорда облысы бойынша – 73,9, Маңғыстау облысы бойынша – 55,0, Павлодар облысы бойынша – 71,3, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 75,5, Түркістан облысы бойынша – 65,8, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 72,4, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 45,1, Алматы қаласы бойынша – 30,3, Шымкент қаласы бойынша 56,5 пайызға жетті.
Елімізде сайлау науқаны кезінде ішкі істер органының қызметкерлері де күшейтілген режімде жұмыс істеді. Олар қоғамдық тәртіпті сақтаумен қатар бюллетеньдер мен хаттамалардың сақталуын қамтамасыз етуге, оларды аудандық және облыстық комиссияларға жеткізуге жұмылдырылған. Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров өткізген брифингте әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке ешкімнің тартылмағаны белгілі болды. Дегенмен тәртіп бұзған 10 байқаушыға шара қолдануға тура келген. Бұған санитарлық талаптардың бұзылуы, сайлау учаскелеріндегі ережелерге бағынбау мен комиссия жұмысына кедергі келтірулер себеп болған.
Сондай-ақ Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте белгілі болғандай, Бас прокуратура Сайлау туралы заң талаптарын бұзу бойынша 2 оқиға тіркеген. Екеуі де әлеуметтік желіде болған. Одан бөлек Бас прокуратураға екі өтініш келіп түскен. Оның біреуі – Маңғыстау облысында байқаушысыз дауыс беруден бас тартқан азаматтан түскен, ал екіншісі – өзін байқаушылар тізімінен заңсыз шығарып тастады деген елорда тұрғынының өтініші.