Саясат • 11 Қаңтар, 2021

Exit poll: Nur Otan жеңіске жетті

226 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін түнгі сағат 00.00-де жарияланған Exit poll нәтижесі бойынша Қазақстандағы Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында Nur Otan партиясы жеңіске жетті. Саяси ұйым сайлаушылардың 71,97 пайызына ие болған.

Exit poll: Nur Otan жеңіске жетті

10 қаңтар күні сайлау учаскелерінен шыға берісте азаматтарға сауалдама – Exit poll жүргізген «Қоғамдық пікір» ғылыми-зерттеу институтының директоры Айнұр Мәжитованың хабарлауынша, Nur Otan-нан кейінгі орын «Ақ жол» демократиялық партиясына бұйырған. Аталған партия­ға сайлаушылардың 10,18 пайызы дауыс берген. Үшінші орынға сайлаушылардың 9,03 пайыз дауысына ие болған «Қазақстан Халық партиясы» жайғасты. Сонымен қатар сайлаушылардың 5,75 пайызы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясын, ал 3,07 пайызы ADAL партиясын таңдаған.  

– Институттың интервьюер­лері 600 сайлау учаскесінде сауалнама өткізді. Оның 316-сы – қалада, 284-і ауылда орналасқан. Сауалдама Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларын, барлық облыс орталықтарын, аудан­дық маңызы бар қалаларды, шағын қалалар және ауыл­дық елді мекендерді қамтыды. Күні бойы сауалдаманың төрт толқыны өткізілді. Нәтижесінде, 24 мың сайлау­шы қамтылды. Сауалдаманың 2 па­йызынан қателік кетті. Жалпы, бұл жұмысқа 600-ден астам интервьюер атсалысты, – деп хабарлады Айнұр Мәжитова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, Exit poll zakon.kz ақпараттық порталының тапсырысы бойынша жүргізілген. Қазақстан Рес­публикасының «Сайлау туралы» Заңының 28-бабына сәйкес «Қоғамдық пікір» институты сайлауалды әлеумет­тік сауалдама және Exit poll-ды жүргізу ниеті туралы Орталық сайлау комиссия­сын хабардар еткен.

– Сайлаушыларға сауалдама Exit poll-дың халықаралық әдістемесі бойынша жүргізілді. Респондент­терге «Қазақстан Республикасының Парламенттік сайлауында қай партияға дауыс бердіңіз?» деген бір ғана сұрақ  қойылды, – деп нақтылады Айнұр Мәжитова.